спортшының анасы ұлын неге тапсырыспен өлтірді деп санайтынын айтты
Оксана Тен 19 шілде – қазаға ұшырайтын күні ұлының қандай жоспары болғанын айтып, WhatsApp-та жазғандарын көрсетті
АСТАНА, 4 қаңтар — Sputnik. Мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің анасы ұлының ажал құшқан күнін еске алып, неге тапсырыспен өлтірілді деп санайтынын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі сот залынан.
Алматыда қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында осымен екінші күн сот талқылауы болып жатыр. Сот процесі қазақ тілінде өтуде. Төрағалық етуші судья – Кеңшілік Әбелдинов.
«2018 жылдың 29 маусымында Денисті Мадина Аманова «Гедонист» мейрамханасының ашылуына шақырды. Мейрамхана директоры — Руслан Хайруллаев, оның сыныптасы. Денис оны көргеніне, әсіресе мейрамхана басшысы қызметін атқарып жүргеніне қатты таңғалды. Бірнеше рет әлеуметтік желіде хабар алмасқаны болмаса, екеуі бұрын араласпайтын», — деп хабарлады сотта жауап берген Оксана Тен.
Сол кездесуден соң Руслан қайта-қайта Денисті мейрамханаға шақырып, дәм татырды, деп еске алады марқұмның анасы.
18 шілдеде Хайруллаев Денистің жұмысына кіріп шығып, 19 шілдеде кездесуге шақырады. Әйелдің айтуынша, Денис 19 шілдеде Русланның мейрамханасына соғуға уәде берген.
«Тергеу нәтижелері мен видеоны көргеннен соң, менің пікірім – бұл тапсырыспен кісі өлтіру. Денистің бос уақыты болмайтын, әр сағаты жоспарланған. 19 шілдеде де кездесулері мен жаттығуы болды. 21 шілдеде Астанаға барып, өнер көрсетуге тиіс болатын. Ал 22 шілдеде Канадаға жаттығуға кетуіміз керек еді», — дейді Оксана Тен.
19 шілдеге іскерлік кездесулер жоспарланыпты. Дәлірек айтқанда, 15:00-де чех инвесторларымен Қазақстанда мұз айдындарын салу туралы келіссөз жүргізуі керек болатын.
«13:45-те Хайруллаев жазып, түскі асқа шақырған. Денис қарным аш емес деп жауап беріп, бірақ 40 минутқа кофе ішуге кіріп шығамын деген. Ол 13:48-де. WhatsApp-та бәрі жазылған», — деп атап өтті әйел.
Денис Теннің қазасы
Биыл шілденің 19-ында тапа-тал түсте Алматының қақ ортасында мәнерлеп сырғанаушы, Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тенді көлік ұрылары пышақтап кетті. Мұз айдынын бағындырған 25 жастағы спортшы бір айнаның кесірінен жарқ етті де, жоқ болды.
Денис тұрақта тұрған көлігінің айнасын ұрламақ болған екі қаскөйдің үстінен түседі. Арада жанжал басталып, ұрылардың бірі спортшыны пышақпен жарақаттайды. Үш литр қан жоғалтқан спортшының өміріне дәрігерлер араша түсе алмады. Тен ауруханада кешкі бестер шамасында көз жұмды.
Аталған фактіге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Денис Теннің өліміне қатысы бар деген күдікпен үш азамат ұсталды. Олар Жамбыл облысының тумасы 24 жастағы Нұралы Қиясов, Қызылорда облысының 1994 жылғы тумасы Арман Құдайбергенов және Жанар Толыбаева. Әйел қылмыс жасалғанын хабарламағаны үшін қамауға алынды.
Денис Теннің өліміне қатысты іс бойынша алғашқы сот отырысы 25 желтоқсанда өтті. Отырыста жәбірленуші тараптың адвокаты Нұрлан Өстеміров Денис Тен тапсырыспен өлтірілді деп мәлімдеп, соттан істі қосымша тергеуге жіберуді сұраған болатын. Бірақ судья істі қайта тергеуге жіберудің қажеті жоқ деп шешті.
Бұдан бөлек, Теннің отбасының қорғаушысы спортшының өліміне себеп болған айна ұрланған сәтті екі полицейдің көруі мүмкін екенін айтты.
Кеше сот талқылауында Құдайбергенов пен Қиясов ұрлық жасағандарын мойындады. Алайда Денис Тенді өлтіруді жоспарлаған жоқпыз дейді. Толыбаева соттан өзі айыпталып отырған баптарды өзгертуді сұрады.
Дереккөз: https://sputniknews.kz/