Жұмаға қатысты бірнеше сұрақ

0

-Бейсенбі күні жуынған болса, онысы жұма күнгі сүннет ғұсылға есептеле ме?

-Бір хадисте: «Жұма күні дәрет алғанның ісі керемет. Ғұсыл құйынуы одан да жақсы», — делінген. Осы хадистегі «жұма күні» сөзін жұманың күндізі деп түсінер болсақ, «сүннет ғұсылды» жұма күні және жұма намазға дейінгі уақыттарда алған абзал. Жұманың күндізі таң атысымен басталады.

— Жұма – бейсенбінің кешінен басталмай ма?

— Бейсенбінің кешінен — жұманың түні басталады.

— Жұмаға бармаған адам бесінді жұма намазы аяқталғаннан соң оқуы керек пе?

— Әлдебір кедергілер себепті жұмаға бара алмаған кісі, бесінді жұма оқылып болғаннан соң оқығандығы абзал. Дегенмен, оған дейін кешеуілдеткен жағдайда бесін де қаза болып кетуінен қорықса, уақыт кірісімен оқи беруіне  болады.

-Ондайда бесінді жамағатпен оқи ма?

— Ондайда бесін жеке-жеке оқылады. Жамағатпен оқу – мәкруһ.

— Бұл үкім (жамағатпен оқымау) жұмаға бармағанның бәріне қатысы бар ма?

— Қала не қала үкіміндегі елді-мекендердегілерге қатысты. Әзіреті Әли «Жұма күні жұма намазын оқу парыз болған мекенде адамдар бесін намазын жамағатпен оқымайды», — деген. (Кәнзуль Уммәл). Осыған қарағанда, жұма шартына сай келмегендіктен жұма намазы оқылмайтын шағын ауылдарда бесінді жамағатпен оқуға болады.

— Жұма намазын оқып болғаннан соң «зухри ахир» оқу шарт па?

— Шарт емес. Мұстахаб амалға жатады. Оқыса артық етпейді.

— Жұма күні қарыз оразаны ұстауға бола ма?

Болады. Хадисте: «Сендер сенбі күні ораза ұстамаңдар, бірақ парыз етілген ораза болса, ол басқа…», — делінген. (Ибн Мәжә). Осы хадиске қарағанда сенбі не жұма күндері қаза оразаны өтеу мәкруһ емес. 

Абдусамат Қасым