Мәскеуде ұсталған америкалық «тыңшылық жасады» деп айыпталған
Мәскеуде 28 желтоқсанда ұсталған АҚШ азаматы Пол Уиланға тыңшылық жасады деген айып тағылған. Бұл жөнінде «Интерфакс» агенттігі дереккөзіне сілтеме жасап хабарлады. Дереккөз мәліметінше, Уилан кінәсін мойындамайды.
АҚШ азаматының адвокаты Владимир Жеребенков «Интерфакске» Уиланды кепілге босатуды сұрап, арыз түсіргенін айтқан. Жеребенковтің айтуынша, апелляциялық шағымды Мәскеу қалалық сотына жіберген. Адвокат тергеу амалдарына байланысты түсініктеме беруден бас тартқан.
Федералдық қауіпсіздік қызметі (немесе ФСБ) 48 жастағы Уиланды 28 желтоқсанда ұстаған. 29 желтоқсанда Мәскеудің Лефортовский соты америкалық азаматты қамауға алу туралы шешім шығарған. Оған тағылған айыппен 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
«Росбалт» агенттігі арнайы қызмет дереккөзіне сілтеме жасап, Уилан ресейлік құпия мекеме қызметкерлерінің тізімі бар флеш-карта алып жатқан кезінде ұсталғанын хабарлады. Бұл мәлімет мемлекеттік құпия болып саналады.
3 қаңтарда Лефортово тергеу абақтысында отырған америкалыққа АҚШ-тың Ресейдегі елшісі Джон Хантсман барды. АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Ресейден Уиланды не үшін ұстағанын ашық мәлімдеуді сұрап, тез арада босатуды талап еткен.
Пол Уилан көлік бөлшектерін шығаратын америкалық BorgWarner компаниясында қауіпсіздік жөніндегі директор қызметін атқарады. Ол 1994-2008 жылдар аралығында АҚШ теңіз жаяу әскері Корпусының запасында қызмет еткен. Ол ұрлық жасап қызметінен қуылған.
Уиланның туыстары оның барлау ісіне қатысы барын теріске шығарады. Олардың сөзінше, Уилан Мәскеуге досының тойына барған.
Дереккөз: Азаттық