Егемендігіміз бен мүддемізді қорғау үшін еріксіз жаңа қадамға барамыз

0

Солтүстік Корея басшысы Ким Жоң Ун (Ким Чен Ын/Kim Jong Un) жаңа жылға арналған жолдауында АҚШ-қа қарата ескерту жасады.  Ол сөзінде ядролық қарулардан бас тартуға дайын екенін, алайда, Құрама Штат санкцияларды алып тастамаса ядролық бағдарламаны қайта жандандыратынын мәлімдеген.

«АҚШ әлем алдында берген уәдесін орындамаса, санкцияларды күшейтіп, мемлекетімізді қысымға алатын болса, егемендігімізді және мүдделерімізді қорғау үшін амалсыздан жаңа қадамдарға баратын боламыз», – деді Ким Жоң Ун. Ол сондай-ақ, президент Трамппен қайталай жолығуға да дайын екенін жеткізді.

Естеріңізде болса, Солтүстік Корея басшысы былтырғы жаңа жылдық жолдауынан кейін өз сөзі бойынша келіссөз үстеліне келіп, елдің бағытын өзгерткен еді. Ал, былтыр маусым айына жеткенде Ким Жоң Ун мен Трамп Сингапурда тарихи кездесу өткізіп, арнайы декларацияға қол қойысқан. Дегенмен, төрт үлкен мазмұннан тұратын декларацияда Солтүстік Кореяның ядролық қарудан қалай бас тартатыны анық көрсетілмеген. Сонымен қатар, Пиоңяңға (Пхеньян) салынған санкциялар туралы да анық айтылмаған. Тек, КХДР өзінің ядролық қаруынан бас тартатын болса, Құрама Штаттар тарабы Ким Жоң Унның қауіпсіздігіне кепілдік етуі керек деп көрсетілген.

Қыркүйек айында да Оңтүстік пен Солтүстік Корея басшылары кездесіп, «Корей түбегін ядролық қарусыз тыныш аймаққа айналдыру» ниетін білдірген еді.

Аталған келісімдерге орай Солтүстік Корея бірнеше ядролық сынақ полигондарын жауып, Оңтүстік Корея әскери жаттығуларын тоқтатуы, екі ел шекарасынан темір жол және автокөлік дәліздерін салуы тиіс.

Бұрынғымен салыстыра қарағанда, Солтүстік Корея өзінің бейбітшілікке деген талпынысын біршама жоғары деңгейде көрсетті деуге болады. Ядролық және баллистикалық зымыран сынақтарын тоқтатып, алғаш рет АҚШ президентімен келіссөз үстеліне отырды. Бірнеше мәрте Оңтүстік Корея президентімен де жоғары деңгейдегі кездесу өткізді. Сондай-ақ, келіссөздерден кейін ядролық полигондарын жабуға әрекет етті.

Алайда, Трамп үкіметінің Солтүстік Кореямен ядролық қарусыздану жөніндегі келіссөзі соңғы кездері тоқырауға тап болды. Бейбітшілікке деген талпыныстарына қарамастан, Солтүстік Корея санкция қысымынан әлі босамады және Құрама Штат тарабы елдегі кісілік құқық мәселесін де Қауіпсіздік кеңестің талқысына салды. Бұл КХДР билігінің ядролық қарусыздану қадамын баяулатып тастағандай болды.

Солтүстік Корея көптеген жылдардан бері әлем елдерінен оқшау күйде қалып келді. Бұған КХДР билігінің адамдық құқықты бұзуы, ядролық қаруға ие болуы және халықаралық ережелерге қайшы келуі себеп болған еді.

 

“The Qazaq Times”