Аптаның бес күнінде тегін ас беретін «Уақып» асханасы ашылды (ФОТО, ВИДЕО)
Бүгін, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазреттің қайырымдылыққа үндеуге қатысты бастамасына орай, Алматы қаласы Орталық мешіті және қолы ашық азаматтардың ұйытқы болуымен «УАҚЫП» асханасы ашылды.
Салтанатты шараға ҚМДБ-ның Алматы қаласы бойынша өкілі Еркінбек қари Керімбекұлы, Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Есенбеков және басқа да айтулы азаматтар қатысты. Олар игілікті іске сәттілік тілеп, құттықтау сөз сөйледі.
Негізінен, бұл игі бастаманың мақсаты – мешітке келген әрбір жағдайы төмен, жалғызбасты аналар мен жетім-жесірлердің, мүгедектер мен мүсәпірлердің аз да болсын мұңын сейілтіп, мұқтаждығын өтеп, жарқын өмірге үміт сыйлау.
«УАҚЫП» асханасы жыл бойы әр аптаның бес күнінде жұмыс істейді. Мұнда әлеуметтік аз қамтылған 100-120 адамға үш мезгіл тегін тамақ беріледі. Келген қонақтарға арнаулы бекітілген 7-8 адам әрдайым сапалы қызмет көрсетуге әзір. Сондай-ақ, күніне бір кірген адам қайта кіру мүмкіндігіне ие. Келушілер асханаға Алматы Орталық мешіті жанындағы «Ихлас» қайырымдылық қауымдастығынан алынған арнайы талондары арқылы ғана кіре алады.
«Оң қолың берген садақаны сол қолың білмесін» деген Пайғамбарын хадисі өмірлік ұстанымына айналып, өз аттарының аталмауын өсиет еткен кәсіпкер азаматтарымызға Алла разы болсын дейміз.
Мұндай игі бастамалар көпке үлгі болып, одан әрі жалғасын таба берсін деген ниет білдіреміз.
Асхана Сейфуллин даңғылы №330, Радищев көшесінің қиылысындағы мекен жайда ашылды.
Қосымша ақпарат үшін: тел.: 8 778 100 3939; 8 708 213 7023; 8 775 719 9957
Алматы қаласы Орталық мешітінің баспасөз қызметі