Жаңа салық амнистиясы
Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиев келтірген деректер мен түсіндірмелерге сүйене отырып, осы жөнінде баяндағанды жөн көрдік. Өйткені қарыз құрығына іліккен кәсіпкерлер үшін бұл шараның маңызы зор.
Жалпы, салықтық берешегі бар жеке тұлғалардың саны еліміз бойынша 1 238 622 бірлікті құрайды екен.
Салық түрлері бойынша берешектің ең көбі КТС (корпоративтік табыс салығы) үлесінде, бұл – 149,2 млрд теңгені немесе 41,6 пайызды құрайды. Ал ҚҚС (қосымша құн салығы) бойынша берешек – 130,7 млрд теңге немесе 36,4 пайызына тең.
Енді экономикалық қызмет түрлері бойынша келсек, төленбеген салықтың ең көп бөлігі (123,3 млрд теңгесі немесе 36,9 пайызы) көтерме және бөлшек сауда, (98,1 млрд теңгесі немесе 29,3 пайызы) құрылыс саласына, (35,7 млрд теңгесі немесе 10,7 пайызы) тау-кен өнеркәсібіне тиесілі. Өңірлер бойынша ең үлкен берешек Қарағанды облысының үлесінде. Осы облыс кәсіпкерлерінің 55,9 млрд теңге өтелмеген борышы бар. Бұл республикалық берешектің 15,6 пайызын құрайды. Сондай-ақ Алматы қаласы бойынша берешек – 54,2 млрд теңге (15,1 пайыз); Шымкент қаласы бойынша – 48,0 млрд теңге (13,4 пайыз); Шығыс Қазақстан облысы бойынша – 39,3 млрд теңге (10,9 пайыз).
М.Сұлтанғазиев зерттеулер бойынша кәсіпкерлер мойнында салықтық берешектердің қалыптасуына көбінесе, бизнес жүргізудегі сауаттылықтың төмендігі немесе кәсіпкерлер арасында өзара қарыздың қалыптасуынан мүмкіндіктің шектелуі, енді бір жағдайда немқұрайдылық пен сылбырлық секілді фактілердің түрткі болатындығын айтып өтті. Сондай-ақ ол салықтық амнистияны жүргізу үшін Қаржы министрлігінде заңнамаға тиісті түзетулер әзірленіп, бүгінде Парламент Сенатының қарауына берілгенін атап өтті.
«Түзету жобасы шағын және орта бизнес субъектілеріне 2018 жылдың 1 қазанына сәйкес, 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін негізгі қарызын төлеген жағдайда өсімпұл мен айыппұлдарды есептен шығаруды қарастырады. Бұл ретте 2018 жылғы 1 қазандағы жағдайға сәйкес есептелген айыппұл сомасы, ал негізгі қарыз сомасын төлеу күніне дейін есептелген өсімпұл сомасы есептен шығарылады», деп түсіндірді
М. Сұлтанғазиев.
МКК төрағасының айтуынша, өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығару Салық кодексіне немесе оңалту және банкроттық туралы заңнамаға сәйкес салықтардың төлеу мерзімін ұзартқан немесе оңалту рәсімінде тұрған салық төлеушілерге де қатысты болады.
Айта кету керек, амнистияға ілікпейтіндер қатарында бақылауды талап ететін ірі салық төлеушілер; жерасты суларын, емдік балшықты алу құқығына иелік ететін жер қойнауын пайдаланушылардан басқа жер қойнауын пайдаланушылар; акцизделетін тауарларды өндірушілер; кәсіпкерлік қызметпен немесе жеке тәжірибемен айналыспайтын жеке тұлғалар бар.
Комитет төрағасы салық амнистиясына тиісті салық төлеушілердің алдын ала тізіміне кірген салық төлеушілерге бүгінде Салық төлеуші кабинетіне қысқаша ақпараттық хабарлама жолданғанын айтты. Салық төлеуші кабинеті жоқтарға 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап мекенжайлары бойынша поштамен таратылады.
Естеріңізге сала кетейік, тәуелсіз Қазақстан тарихында кәсіпорындардың қаржы-шаруашылық қызметін сауықтыру мақсатында айыппұлдарды және өсімақыларды есептен шығару үшін салық амнистиясы үш рет (1997-1999 жылдары, 2011 және 2015 жылдары) жүзеге асырылды. Осылайша әр жолы кәсіпорынға жиналған борышынан құтылып, заңды коммерциялық қызметін жалғастыруға мүмкіндік берілді.
Қаржы министрлігінің мәліметі бойынша, соңғы екі акция (2011 және 2015 жылдар) кезінде айыппұлдар мен өсімақыларды қосқанда жалпы сомасы 143,7 млрд теңгелік қарыз есептен шығарылды, оның ішінде 2011 жылы – 23,1 млрд теңге, 2015 жылы – 120,6 млрд теңге.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Дереккөз: http://egemen.kz/