Түркология ғылымының жаңа дәуірі басталды
Менің пайымдауымша, түркология ғылымында жаңа дәуір басталды.
Бұл дәуір күллі түркі әлеміне қатысы бар «Ұлы далада», басқаша айтқанда, ата-бабаларымыз тарихи-географиялық Еуразия кеңістігінде ежелден бері қоныс тепкен, ата қонысты қасиет тұтқан, тарихи ата-жұртты көздің қарашығындай сақтап, қорғап келе жатқан қазіргі түркі елдерінің сана-сезіміне, ұлттық болмыс-танымына ғасырлар бойғы сыртқы ықпал арқылы жағымсыз түсінік таңылса да, түркілердің ой-санасында сақталып қалған аңыздар арқылы «Әй, Дөненбай, есіңді жи» деп, түркі әлемінің Айтматовы қайта еске салған жаңа түркі дәуірі басталды деп айтқым келді. Бұл дәуірдің Ұлы даланың ерекше тұлғасы, «еркін құланы» − Мағжанның, қазақ туғандардың Ұлы даласынан бастау алып жатқанына өте қуандым.
Қырық жылға жуық ежелгі Ұлы даланы, тарихи Алтай аймағын танып білу мақсатымен көп жерді аралап көрдім. Көргендеріме таңғалумен қатар, «неге көрген-білгендерім біздің тарих кітаптарында жоқ» деген сауал мазалай бастады… «Неге солай?» деген сұрақ, сыры ашылмаған құпия мәселелер қазіргі түркология ғылымында өте көп. Көргенімізден көрмегеніміз, білгенімізден білмегеніміз көп.
Міне, тура осы кезде Қазақстан Республикасының Президенті, аса мәртебелі Нұрсұлтан Назарбаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінің 21 қараша күнгі санында жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы түркология ғылымының даму тарихындағы ерекше бетбұрыс, өз тарихымызға, өз ұлттық болмысымызға қайта оралу деп атауға болады.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев қазақ халқының сана-сезіміне, түсінігіне сай, ғылыми тұрғыдан нақтыланған, дәлелденген деректерге сүйене отырып, қазақ елінде қазақтануға және жалпы түркі елдерін кешенді зерттеуге бағытталған түркологиялық ізденістердің жаңа бағыттарын көрсетіп, ғылыми-зерттеулерді мемлекет пен халықтың мүддесін қанағаттандыруға бағыттады. Қазақтану ғылымының, бұдан да тереңірек айтар болсақ, түркология ғылымының дамуында таза ұлттық және елдік тұрғыдан ғылыми жолдарды нақтылап, түркі елдерінде даму, білім мен тәлім-тәрбиеде дұрыс бағыт берудің жолын айқын көрсетті.
Демек, бүгінгі түркология, түркітану ғылымының теориялық, методологиялық негіздерін, мақсаттарын жаңғыртудың, түркі тарихын, материалдық және рухани мәдениетті жаңаша зерттеулермен толықтыру керектігін көрсетті.
Нұрсұлтан Назарбаев мақаласында «Дүниежүзілік түркология конгресін» өткізу тапсырмасын берді, түркологияның ең түйткілді мәселелерінің талқылануы қажеттігін және қабылданатын нәтижелерін белгілеп берді.
Жалпы, түркі елдерінің тарихында бұлай болып па еді? Жоқ, болған емес. 40 жылдан астам уақыттан бері түркі әлемін тануға тырысып баққан мен және маған ұқсас әріптестерім әйтеуір әр жерден қаражат іздеп, бишара күй кешіп жүргеніміз… Ғылымның «бишара диуанасынан» қандай айырмашылығымыз бар?
Міне, Қазақстан Президенті түркология ғылымын тереңдетудің, жаңғыртудың жаңа есігін ашты. Ғалымдардың бағы жанып, жүздеріне күлкі ұялайтын мезгіл келді деп ойлаймын.
Мақалада қамтылған мәселелерді зерттеу арқылы тарихтың көп сыры ашыла түспек. Түркі халықтарының алтын бесігі − атажұртымыздың мезгіл және мекендегі өркениетін ғылыми тұрғыдан дәлелдейтін боламыз.
Бұл мәселелердің барлығына тоқталу, соларды қамту шағын мақалада мүмкін емес. Сол себепті жеке басым куә болған жайттар мен деректерді ғана осы ретте айта кеткен абзал.
Ежелгі таным бойынша, 1987 жылдың 29 қазаны Моңғолияның Улаан-Гоом аймағы. Сайдың етегіндегі үш киіз үйде тұратын моңғолдардың үйі. Сырттағы ауа 30 градус суық. Үйдің иесі − егделеу келген әйел кісі. Маған ошаққа от жағып, қазан асып, сүт пісірді. Шыныға толтырып, сүт құйып берді. Ішіп көрдім. Өте дәмді сүт екен. Ішіп жатқаныма қызыққан сыңай танытып, «сүтке талқан салып берейін, дәмді болады» деді. «Жақсы» дегендей басымды изедім. Керегенің басында лақтың терісінен жасалған кішкентай тұлыптағы талқанды алып, алдымен тышқандарға берді. Моңғол тілінде бір нәрселерді айтып, тышқанға талқан берген қасыққа талқаннан тағы салып, мен ішіп жатқан сүтке салып, араластырып, қайтадан маған берді. Бұндайды бұрын оқыған болатынмын. Шыдап, сүтті іштім… Оқығаным, білгенім үшін еш нәрсе болған жоқ.
Тамырлас Алтай елдері табиғатпен үйлесімде өмір сүреді, халықтарымыздың осы тұрғыдан ортақ түсінігі болған. Қазақ пен қырғыздардың ауылдарында табиғатқа, жәндіктер мен жануарлар дүниесіне аса құрметпен қарайды. Бірақ кейінгі буындарда бұл түсініктер уақыт өткен сайын өзгеріске түсіп жатыр. Батыстықтардың көзқарастарының басымдығы мен ықпалдары анық байқалып қалып жатыр.
Тағы бір мысал келтіре кетелік, қазақ пен қырғыздар көшіп кетіп бара жатқанда қоныстарын әрдайым қалдықтардан тазалап кететін. Табиғатқа деген құрмет немесе қазіргідей айтқанда экологияға ұқыпты қараған. Бұрынғылар мен қазіргі адамдардың табиғатқа деген көзқарасы мүлдем өзгерген екен…
2011-2013 жылдары, осыдан бұрын да бірнеше жолы Алтай Республикасында, Оңтүстік Сібір аймақтарында ғылыми экспедицияда жүргенде алтай туғандарымыздың «жер иесі, тау иесі, су иесі, көл иесі, бұлақ иесі» деп табиғатқа деген құрметінің осы күнге дейін сақталғандығы жүрегімізді бір жылытып салды.
Елбасының тікелей өзінің қолдауымен құрылған Халықаралық Түркі академиясына ең жауапты зерттеулер мен ұйымдастыру жұмыстары берілді. Академия Елбасының мақаласындағы бағдарламаларды жүзеге асыратын болады. Демек, Түркі академиясын құрған мемлекеттер де осыдан кейін осы ұйымның толыққанды жұмыс істеуіне қамқорлықтарын аямауы керек деп есептеймін.
Күллі Ұлы дала кеңістігінде прототүрк бабаларымыз, 2-3 мыңыншы жылдарды қамтыған түркі аталарымыз қалдырған мәдени құндылықтар өте көп. Тарихи Алтай аймағында, қазіргі Қазақстандағы Тамғалы петроглифтері, Қырғызстандағы Саймалы-Таш, Суук-Дөбө петроглифтері, Алтай Республикасындағы Калбак-Таш петроглифтері 7000-10000 жылдар бұрынғы бабаларымыздың жалпы өмірін сипаттайды. Бірақ сол реттегі, түркі дәуіріндегі ата-бабаларымыздың мәдениеті бүгінге дейін оларды жасағандардың аттарымен емес, скифтердің, сақтардың мәдениеттері, Афанасьев мәдениеті, Таштык мәдениеті, Пазырық мәдениеті, Чаа-Тас мәдениеті деген сияқты ондаған атаулар арқылы ғылымда танылып, белгілі болып келе жатыр. Ал осы мәдениетті дүниеге әкелген елдерді еуроцентризм күні бүгінге дейін танымайды. Бәлкім ғаламат өркениетті жасағандардың түркілер екендігіне сенгілері келмей жатқан шығар…
Саян-Алтайға ғылыми экспедициялар ұйымдастырып, Орталық Азия кеңістігінде ондаған жылдар бойы қыдырып, ежелгі аталарымыз құрған мемлекеттер кезінде қолданылған ежелгі түркі жазба ескерткіштерін немесе Орхон-Енисей жазба ескерткіштерін әріптестерім, шәкірттеріммен бірге зерттеп жүргенде нақты түркологияның бастауының өзімізде екендігіне көзім жетті. Осы жазуды, оның әліпбиін, жазу ережелерін сол дәуірдегі түркі тілінің табиғатын нақты көрсеткендігіне, түркі ғалымдарына басымды иіп, тағзым етіп келемін.
Еуроцентризм ұғымы бойынша Орхон-Енисей руна жазуы деп аталып келген ежелгі түркі жазу тілі 4-5 түркі қағанатының басшы, қаған, хандарының билік жүргізген әдеби тілі болғандығын білуіміз керек. Бұл жазуды қарапайым халық та білген. Бұлай айтуымызға дәлел ретінде Енисей жазба ескерткіштеріндегі жазу әдістерінің бірыңғай болмағандығын, жалпы, ережелерді сақтамағандықтарынан көруге болады.
Елбасы «Архив – 2025» бағдарламасын жүзеге асыру тапсырмасын берді. Менің ойымша, бұл − ең дұрыс шешім. Себебі, архив деген түсінікті, одан да тереңірек қарайтын болсақ, түркі халықтарының Ұлы дала кеңістігінде қалдырып кеткен мәдени құндылықтарын түркі архивінің төрінен орын алуы керек деп есептеймін.
Осының мысалы ретінде бірнеше жылдан бері ежелгі ата-бабаларымыздан мирас болып бізге жеткен тарихи-мәдени ескерткіштердің галереясын жобалап, архитекторларға эскизін жасаттым. Бұл жоба негізінде ортақ құндылықтарымыз – көне түркі жазба ескерткіштер, көне түркі мүсін тастардың көшірмесін шоғырландырған галерея әрбір түркі мемлекетінің елордасында орнатылса, оларды күллі түркі жұртшылығы, жастар өз көздерімен көрсе, түркі елдері құрған алып қағанаттардың мәдениетімен әлем елдері де таныса деген ойларым жүзеге аспай келе жатыр.
Бәлкім бұл жобаның тағдыры Астанаға бұйырған шығар деп Елбасының мақаласынан кейін ішімнен тілек тіледім.
Әрбір елдің тарихы – оның келешегінің шамшырағы.
Кадырали Конкобаев,
түрколог-ғалым, профессор
Дереккөз: http://egemen.kz/