Қос хаски қуантып жүр
Балаларға мұндай қуанышты осы ауылдағы Новопавлов орта мектебінің директоры Хамит Ғабдуллин сыйлады. Оның екі хаски иті бар. Сібірліктер шанаға жегетін, тегі қасқырдан шыққан, төркіні америкалық қос ит балалардың кәдімгі шанасын тартқанда шаршауды білмейді. Итке ауыр болмас үшін шанаға екі баладан мінеді.
– Бұл итте қасқырдың қаны бар, ақылды, жалпы адамға тиіспейді. Балаларды ойнатқанда қауіпсіз. Бірақ малға тиеді. Сондықтан торда ұстаймыз, – дейді Хамит Уәлиұлы. – Қалың қарда балалардың ит шанаға мініп, итпен бірге қарға аунап жатқаны қарап тұрсаңыз, қандай ғажап көрініс! Ауыл баласының табиғаттан алыстамағаны тәрбие тетігі деп білемін.
Хамит Уәлиұлының өзі де бала кезінен ит ұстауға құмар болған. Халқымыздың жеті қазынасынан орын алған иттің түрлі тұқымын асыраған. Ауыл баласына қауіпсіздігін ойлап, соңғы жылдары хаскиге тоқтапты.
– Хаскиді менің туған күніме туыстарым сыйлап еді. Иттің бұл тұқымы «бабасы» секілді қосақталып немесе үйірімен жүргенді ұнататын болғандықтан, бір ит жалғызсырамасын деп, екіншісін өзім сатып алдым, дейді ауыл педагогы.
Хамит Уәлиұлы мектеп оқушыларын туған жерді тануға тәрбиелеп келеді. Туған өлкеге жасаған экспедициялары бөлек әңгіменің желісі. Облыстағы санаулы скауттардың белсенділері де осы ауылда. Өзі республикалық скауттар ұйымы облыстық филиалының жетекшісі. Бала тәрбиесін басты мәселе деп түсінетін ұстаздың жеке бастамалары да таусылмайды. Ауылдағы балалар шанасын сүйреп жүрген хаскилер соның бірі ғана.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай облысы,
Қарасу ауданы,
Новопавлов ауылы
Дереккөз: http://egemen.kz/