Ғұрыпты шариғи дәлел ретінде қарастыруға болады ма?
Сұрақ:Ғұрыпты шариғи дәлел ретінде қарастыруға болады ма?
Жауап: Ғұрыпты дәлел ретінде қарастыру Әдет-ғұрып мұсылман заңнамасында кейбір мәселелерді шешуде айғақ ретінде қолданылады әрі шариғат ғалымдары арасында мақұлданған. Ханафи мазһабының кейбір өкілдері шариғат ережесіне сай келген ғұрып нақтылы шарғи дәлел ретінде қарастырылатындығын айтқан. Бұл тұрғыда фиқһ негіздерін зерттеуші ғұламалар Құран Кәрімдегі «Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет және надандардан теріс айнал» деген аятты алға тартқан. Сондай-ақ, Абдулла ибн Масғұдтан (р.а.) жеткен мына риуаятты дәлелге келтіреді.
مَا رَآهُ الْمُسْلِمُونَ حَسَنًا فَهُوَ عِنْدَ اللَّهِ حَسَنٌ وَمَا رَآهُ الْمُسْلِمُونَ سَيِّئًا فَهُوَ عِنْدَ اللهِ سَيِّءٌ
«Мұсылмандар жақсы деп есептеген нәрсе Алланың алдында жақсы, мұсылмандар жаман деп көрген нәрсе Алланың алдында жаман». Ханафи мазһабының ғалымы Ибн Абидин «Уқуд рәсм әл-муфти» кітабында былай дейді:
وَالْعُرْفُ فِي الشَّرْعِ لَهُ اعْتِبَارْ لِذَا عَلَيْهِ الشَّرْعُ قَدْ يُدَارْ
Ғұрыптың шариғатта орны бар, Кейде үкім соған орай орнығар. Малики мазһабының өкілі Ибн Асим әл-Андалусий өзінің «Муқтада әл-уусуул илә илм әл-усуул» атты кітабында былай дейді:
العُرْفُ مَا يُعْرَفُ بَيْنَ النَّاسِ وَمِثْلُهُ الْعَادَةُ دُونَ بَاسِ وَمُقْتَضَاهُمَا مَعاً مَشْرُوعُ فِي غَيْرِ مَا خَالَفَهُ الْمَشْرُوعُ
Ғұрып – іс қой адамдарға танымал, Әдеттің оған ұқсастығын танып ал. Екеуі де шариғатқа енер ендеше, Мәні қиғаш болып егер келмесе.