Павлодарда қоныс аударушыларға кеңес беру орталығын ашу ұсынылады

0

2018 жылғы 30 желтоқсан 01:26 189

Павлодарда қоныс аударушыларға кеңес беру орталығын ашу ұсынылады

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат — Павлодар облыс әкімі Болат Бақауовпен кездескен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы облыстық филиалының басшысы Болат Заутұлы «Оралмандар мен қоныс аударушыларға ақпараттық, құқықтық, кеңес беру-іскерлік орталығын» құру жөнінде ұсыныс айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz сілтеме жасап.

Кездесу кезінде Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының өңірлік өкілі 2018 жылы атқарылған жұмыстармен таныстырып, алдымыздағы жоспарларын айтып өтті.

«Биыл 1 880 адаммен кездесу өткізіп, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының мүшелігіне 520 адамды қабылдадық. Сонымен бірге, Моңғолияның Баян-Өлгий, Қобда аймақтарына барып, ондағы қазақтардың тұрмыс-тіршілігімен танысып қайттық. Біз ондағы халықты Қазақстанның көші-қон саясатымен таныстырдық. Жасалған сараптама нәтижесінде Қазақстанға көшуге ниетті отбасы өте көп екені анықталды», — дейді Болат Заутұлы.

Болат Заутұлының айтуынша, мамыр айында Монғолияның Қобда аймағынан 110 адамнан тұратын 32 отбасы Павлодар облысына көшіп келген.

Кездесу барысында Болат Заутұлы облыс әкіміне «Оралмандар мен қоныс аударушыларға ақпараттық, құқықтық, кеңес беру-іскерлік орталығын» құру жөнінде ұсыныс айтты.

«Бүгінгі күні Павлодарда этникалық қазақтар мен олардың отбасы мүшелері оралман мәртебесін алғанға дейін тұруға арналған уақытша орналастыру орталығы бар. Алайда, қоныс аударып келген шетел қазақтар мәртебесін алу үшін Павлодарға келмей, құжаттарын тұрғылықты жерлері бойынша ХҚКО-ға тапсыратындықтан бұл орталық жұмысын ережелерге сай жүргізе алмауда. Заңнамаға сәйкес, облыс әкімі шешімімен мұндай орталық құруға мүмкіндік бар», — дейді Болат Заутұлы.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының өңірлік филиалы шетелдегі қазақ жастарының Қазақстан жоғары оқу орындарында оқытуға да атсалысуда. Мәселен, қауымдастық Павлодар қаласындағы С.Торайғыров атындағы ПМУ-іне 77, ИнЕУ-іне 25, ПМПУ-іне 47, «Foundation» факультеттеріне Қытай, Өзбекстан, Моңғолиядан 149 студент мемлекеттік грант бойынша, сондай-ақ жеті студент ақылы түрде, барлығы 156 студент қабылданып оқуын жалғастыруына қолдау көрсетіп келеді.

 

 

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz