Мақтааралда Өзбекстанмен сауда-саттықты дамыту үшін халықаралық сауда кешендері құрылмақшы

0

Сондай-ақ, Мақтаарал ауданы Өзбекстанның Сырдария және Жызақ облыстарындағы 4 ауданмен шектеседі. Осындай географиялық мүмкіндікті пайдаланып ауданда Өзбекстан Республикасымен сауда-саттықты дамыту үшін халықаралық сауда кешендерін құру жоспарлануда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде аудан әкімі Бақыт Асанов мәлімдеді.

«Мақтаарал ауданында Ұлы жібек жолының бір тармағы саналатын М-39 «Ташкент – Термез» бағытындағы магистрал дәлізі бар. Осы автомобиль жолының потенциалын пайдаланып, өңірде сауда-саттықты жоғары деңгейде дамытуға мүмкіндігіміз зор. Мәселен, бір кездері халықаралық деңгейде қызмет көрсеткен бетонканың бойындағы «Сапар» базарын халықаралық деңгейде қайтадан дамытсақ – өңірде мыңдаған адамды жұмыспен қамти аламыз» — деді Бақыт Насырханұлы.

Қазіргі таңда Едіге Рахымбердиевке тиесілі «Сапар» базарында модернизациялау жұмыстары жүріп жатыр. Ол үшін кәсіпкердің жеке есебінен 100 миллион теңгеден аса қаражат жұмсалуда. 2019 жылы аяқталатын жоба қосымша 100 адамды жұмыспен қамтитын болады.

Сонымен қатар, «Сапар» базарының аумағында Өзбекстан Республикасымен сауда-саттықты дамыту үшін Қытай Халық Республикасындағы «Харгос», Қырғызстан Республикасындағы «Дордай» базарлары сияқты сауда кешендерін құру жоспарлануда.

Мырзашөл өңірі электр қуатын көрші Өзбекстан Республкасынан тасымалдайтыны белгілі. Міне, энергия тапшылығын азайту мақсатында индустрияландыру картасынан тыс «Инженерная арена» ЖШС-нің баламалы гибридтік электро станциясын құру көзделуде. Жалпы құны 2,5 млрд теңгені құрайтын жоба 4,9 МВтт электр өндіре алады. Сондай-ақ, 2019 жылы іске қосылатын станция 25 адамды жұмыспен қамтымақ.

2018-2019 жылдардағы Өңірлер кәсіпкерлігін қолдау картасынан тыс іске асып жатқан жобалардың қатарында «Алтын сарай» қонақ үйі мен бассейн кешені, «Сапар» сауда базарын модернизациялау жобалары да бар.

Атакент кентіндегі «Алтын сарай» қонақ үйі және бассейн кешенінің құрылысы 2019 жылы аяқталады деп күтілде. Құны 100 миллион теңгені құрайтын жоба іске асқаннан соң 15 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтиды.

Сондай-ақ, Атакент кентінде «Муталиев Қ» ЖК-не тиесілі тағы бір қонақ үй мен мейрамхана кешенінің құрылысы жүргізілуде. Құны 80 миллион теңгені құрайын жоба 15 адамды жұмыспен қамти алады.

Дереккөз: http://egemen.kz/