Болашақта жер телімдері электронды жолмен жалға беріледі. Пилоттық жоба Оралда жүріп жатыр

0

Жер туралы заңдағы нормалар сақталып, жерге қаратпаса елдің байқауға деген көзқарасы өзгерер еді. 25 қыркүйек күні Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің бірінші вице-министрі Арман Евниев агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру туралы баяндама жасаған болатын. Онда 2021 жылдан бастап жер телімдерін электронды түрде сатып алуға қатысуға болатыны жөнінде айтылды.

Байыбына бармай, байбалам салмайық! Жерді жеке меншікке беруге 2021 жылдың аяғына дейін мораторий жарияланған

Оның үстіне ауыл шаруашылығы жерлері тек жалға пайдалану құқығымен беріледі.

Мәселенің анық-қанығын түсінбеген көпшілік, мемлекет меншігіндегі жер учаскелері тек арнайы сайттар арқылы ғана сатылады деп ұғыпты. Сөйтсек, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге бұл норманың түк қатысы жоқ болып шықты. Оның берілу тәртібі өзгеше болғандықтан арнайы ережелер әзірленіп жатыр екен. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі informburo.kz-ке жіберген хатында мәлімдеді.

Мемлекет жерді қандай мақсаттарға жеке меншікке бере алады?

  • Шаруа және фермерлік шаруашылықты жүргізу үшін;
  • Жеке қосалқы шаруашылықты жүргізу үшін;
  • Ағаш егу шаруашылығы үшін;
  • Бақша шаруашылығы үшін;
  • Жеке тұрғын үй және саяжай құрылысы үшін;
  • Құрылысқа немесе өндірістік және өндірістік емес, соның ішінде тұрғын ғимараттар (құрылыстар, құрылымдар) және олардың кешендері, соның ішінде мақсатына сәйкес ғимарат тұрғызуға арналған жер.

Біз қаузағалы отырған тақырып шаруа және фермерлік шаруашылықты жүргізу үшін берілетін жер телімі туралы болып тұр. Осыны түсіндіру үшін әріден бастағанды жөн көрдік. Ол былай…

2018 жылдың 4 мамырында заңға өзгерістер енгізілген

Заң демекші, 2018 жылғы 19 сәуірде Парламент Сенатында «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы қаралып, мақұлданды. Онда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді жеке меншікке сату және шетелдіктерге жалға беру туралы бірде-бір норма жоқ.

Керісінше, 1% болса да шетелдік үлесі бар қазақстандық заңды тұлғаларға жердің берілмейтіндігі шегеленіп жазылды. Мемлекеттік шекараға жақын орналасқан ауыл шаруашылығы алқаптары да ешкімге берілмейді. Естеріңізде шығар, осы заңдағы өзгерістер туралы түрлі қауесет тарап, жайылым жердің шетелдіктерге жалға берілетіндігіне наразы болған ел біраз дүрліккен еді.

Заңда жер учаскелерін жалға алу үшін конкурстар, аукциондар арқылы алуға болатыны және талаптары көрсетілген. Міне, осы байқаулар 2021 жылдан бастап электронды түрде ұйымдастырылатын болады. Қазір Орал қаласы мен Батыс Қазақстан облысындағы 12 ауданда пилоттық жоба қолға алынды. Шаруа және фермерлік шаруашылықты жүргізу үшін берілетін жер телімі арнайы сайттарда жарияланып жатыр. Конкурсқа да осы жүйе арқылы қатысып жатқандар бар. Бұл бір жағынан жемқорлықты болдырмау үшін маңызды.

Жер кодексіне жаңадан 43-1 бап енгізіліп отыр

Ол «Мемлекеттік меншіктегі жер учаскелерін шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін беру ерекшеліктері» деп аталады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, осы бапта жер учаскелерін аталған мақсаттар үшін жалға беру конкурс негізінде жүзеге асырылатыны көрсетілген. Конкурсқа шығарылатын жер учаскелерінің тізбесін жергілікті атқарушы қоғамдық кеңеспен, кәсіпкерлер палатасымен, мемлекеттік емес ұйымдармен және өзін-өзі басқару органымен келісе отырып бекітеді.

Оған қатысу үшін конкурстық ұсыныста арнайы бизнес-жоба болу қажет. Оны жер комиссиясы бағалап, салыстырып, жеңіп алған конкурстық өтінімді таңдайды. Кез келген адам электронды форматта өтінім беріп, аукционға қатыса алады. Бірақ, конкурсқа жер учаскелері мәжбүрлеп алынып қойылғандар тізімінде тұрса, жыл ішінде өткізілген конкурс жеңімпазы болып табылса мен өтінімге қоса берілетін құжаттарды толық ұсынбаса жіберілмейді.

Жергілікті атқарушы органның порталына тіркелгендер конкурсқа қатыса алады. Оның қашан өтетіні туралы хабарландыруды мұқият қадағалап жүріңіз. Тек аудандық қана емес, облыстық, республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктердің ресми интернет-ресурстарында шығады. Дегенмен конкурстың әділ әрі ашық өтетініне көп шаруа әлі сенбейді.

Бос жер учаскелері туралы қайдан білуге болады?

Оны жергілікті атқарушы органдардың сайттарынан таба аласыз. Мүдделі мекемелер де, шаруалар да осы ақпаратты іздеп әлек болады. Сол олқылықтың орнын толтыру үшін жергілікті атқарушы органдардың сілтемелері бір орталыққа біріктірілді.

Атап айтқанда, www.aisgzk.kz сайтына кіресіз. Бұл мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі және техникалық қамтамасыз ету басқармасының сайты. Өзіңізге қолайлы тілді таңдайсыз. Сол жерде бос жер учаскелері туралы ақпарат деген бөлімге өтесіз. Міне осы жерден 14 облыс пен Астана, Алматы қаласындағы бос жер телімдерін карта мен мәліметтер арқылы көре аласыз. Сонымен қатар, осы сілтемелер egov.kz сайтында да орналасқан.

Ескерер тұс: Егер конкурсқа шығарылған әрбір жер учаскесі бойынша қатысушылардың өтініші екеуден аз болса, байқау өткізілмейді.


Бүгінде Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде Астана қаласының ғана жер телімінің картасы бар

Бүгінде мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде Астана қаласы бойынша ғана бос жер телімінің картасы бар / aisgzk.kz сайтынан алынды


Тағы не істелініп жатыр?

«Жуық арада elicense.kz сайтына да орталықтандырылған сілтемелер салынады. 2019 жылдың соңына дейін ғарыштан суретке түсіріп, қай жерді сатуға немесе жалға беруге болатынын білуге болатын жер телімдерінің ашық картасы жасалады.

Картаның көмегімен аукцион арқылы сатып алатын жер телімі туралы ақпаратты білгеннен кейін, кәсіпкерлер бизнесті ашқысы келетін жерді нақтылайды. Инженерлік желілерге қосылу мүмкіндіктерін тексеріп, белгілі бір аумақтарда шағын және орта бизнес туралы ақпараттарды ала алады.

Уәкілетті мемлекеттік органдар «Зерде» ұлттық инфокоммуникациялық холдингі» АҚ-мен бірлесіп, мемлекеттік функцияларды және қызмет көрсетуге қол жеткізуді қамтамасыз ететін сервистерді іске асыруға арналған Ұлттық геоақпараттық жүйе жобасын әзірлеп жатыр. Бұл жобаның мақсаты – мемлекеттік маңызы бар ақпаратты, оның ішінде бос жер учаскелері мен коммуникациялар туралы ақпаратты талдау. Инфрақұрылымның бар-жоғы және оны дамыту жоспарлары туралы деректердің қолжетімді болуын қарастырып жатырмыз», – делінген Ауылшаруашылығы министрлігінің хатында.

Қызылорда облысының порталы қандай деңгейде?

«Атамекен» ҰКП мен Министрліктің Жер ресурстарын басқару комитеті осы мәселені қолға алып, геоақпараттық портал жүйесі мен оның басты бағыттарын қарастырыпты. E-kyzylorda.gov.kz-те елді мекен шегінде құрылыс үшін берілетін жер учаскелері және құрылысқа рұқсат етілетін құжаттармен қоса мемлекеттік қызмет туралы ақпараттарды қамту керек. Бұл ұсыныс ретінде жолданған.

Zem.kz пилоттық жоба болып тұр

Ол Батыс Қазақстан обылысында жүріп жатыр. Осы пилоттық жоба арқылы байқауларды электронды түрде қаншалықты ұйымдастыруға болатыны анықталады. Шаруалардың көңілінен шығып, конкурс әділ өте бастаса, 2021 жылы республика бойынша негізгі жобаға айналып қалуы мүмкін.

Қазіргі уақытта zem.kz порталында Орал қаласы мен 12 аудандағы конкурстар арқылы беріледі деп жоспарланған жер учаскелерінің схемалары да бар. 2019 жылдың 1 шілдесіне дейін сынақтан өтеді. Ал, 2021 жылдан бастап еліміз бойынша байқаудың барлығы электронды түрде өтеді. Осы сайтқа Ақмола облысы мен Көкшетау қаласындағы конкурс арқылы берілетін жер телімдерін енгізу үшін картасы дайындалып жатыр. Енді фермерлер мен шаруалардың жол жүру шығындарын азайтуға және өтінімді өз уақытында жүргізуді бақылауға мүмкіндік береді.

Порталдың қазақша бөлімі жоқ

2018 жылдың 1 жартыжылдығында барлығы 11 мыңдай жеке және заңды тұлғалар Zem.kz электрондық порталға кіріп қажетті ақпараттар алыпты. Біз де осы сайтқа кіргенімізде «қазақша» тетігін бассақ, тіл өзгермеді. Техникалық ақауға байланысты деп, бажырайтып көрсетіп қойған. Порталға апта бойы кіріп, тексеріп тұрдық. Сол баяғы жазу алдымыздан шыға берді. Түсіндірме роликтерін қарасақ та, осы сөз онда да жүр екен.

Сайтта облыс аудандарындағы бос жер учаскелерінің қандай мақсатта пайдалануға болатыны, жалпы көлемі, бөлінуі және бөлінбейтіндігі жөніндегі мәлімет болады. Сонымен қатар:

  • Оларды сауда-саттық (конкурстар) арқылы беру;
  • Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алу үшін кезекте тұрғандар;
  • Жерге дұрыс қарамайтындар мен игермей отырғандардың тізімі орналастырылады.

Жеке кабинетіңізді ашқыңыз келсе…

Біріншіден, NCALayer мен Google Chrome қосымшасын компьютеріңізге, ноутбук немесе гаджетіңізге орнатып алыңыз.

Екіншіден, міндетті түрде электронды почтаңыз болуы керек.

Үшіншіден, халыққа қызмет көрсету орталығынан электронды цифрлы қолтаңбаңызды (ЭЦҚ) алу керек. Онда AUTH мен GOST деп жазылып тұрғанын қадағалаңыз. Құпия сөзіңізді қойын дәптеріңізге түртіп алыңыз. Әйтпесе, ұмытып қалсаңыз, қайтадан ЭЦҚ алу керек болады. Одан кейін автоматты түрде тіркелесіз. Толығырақ білу үшін 8800 080 7777 немесе 1414 нөміріне хабарласып білсеңіз болады.

«Байқау – басты шайқау» болып жүрмесін!

Конкурсқа қатысқыңыз келсе, «Іздеу» батырмасын басыңыз. Көңіліңізге қонымдысын таңдағаннан кейін талаптарымен танысып шығасыз. Қажетті құжаттардың тізімі көрсетілген. Соның барлығын орындап шықсаңыз, конкурсқа қатысу өтінішін жібере аласыз. Өтінішті екі рет жүктегеннен кейін ЭЦҚ-ның GOST деген екінші бөлігін таңдайсыз. Сізде кепілдікке қоятын жарна міндетті түрде болуы керек. Осы туралы толығырақ білгіңіз келсе, сілтемені төменге қарай саламыз.

Жіберген өтінішіңіз комиссия шешімімен қабылданады. Жер комиссиясы құрамының 50%-ы қоғамдық кеңестер мен ұйымдардың өкілдерінен тұрады. Конкурс туралы хабарлама келген сәтте негізгі өтінімді жібересіз. Осы сәтте бизнес жоспар, анықтама, диплом, сертификат керек болады. Хаттамада байқаудың қорытындысы жарияланады. Сол күннен бастап жерді уақытша пайдалану (жалға алу) құқығы беріледі. Ал, қорытындысы конкурсқа қатысуға өтінімдерді беру мерзімі аяқталғаннан кейін келесі күні шығарылады. Өтініш иелеріне дайын актіні алып кету ғана қалады.

Конкурстың жеңімпазы хабарламаны алысымен үш жұмыс күні ішінде ауданның, облыстық маңызы бар қаланың уәкілетті органына баруы керек. Шаруа немесе фермер қожалығын немесе ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу мақсатындағы жер учаскесін жалға алу шартына қол қояды. Бұл осы сайтқа ғана қойылатын талаптар емес. Еліміз бойынша осындай жүйе жаппай енгізілгелі жатқандықтан, бәріне ортақ талап болып тұр.

Айта кеткен жөн: порталға тіркелгендерге ғана толыққанды мәлімет шығады.

Шаруа белгіленген мерзімде қол қойып үлгермесе ше?

Жергілікті атқарушы органынан бас тарту келіп түскен күннен бастап, үш жұмыс күні ішінде конкурсты қайта өткізу туралы шешім қабылданып, жер комиссиясына жіберіледі. Егер шаруа құжатқа қол қоюдан бас тартса, бір жыл бойы келесі конкурстарға қатысу құқынан айрылады.

Жеңімпаздың жерді қаншалықты пайдалынып жатқаны жіті қадағаланады.

  1. Жалға алудың алғашқы бес жылында әр жыл сайын;
  2. Келесі кезеңдерде: суармалы ауыл шаруашылығы алқаптарында – әр үш жыл сайын, суарылмайтын ауыл шаруашылығы алқаптарында әр бес жыл сайын мониторинг жүргізіледі.

Оралда конкурс арқылы жер телімдерін ұсынатын тағы бір портал бар

Шаруалар бұрынғыдай 20 шақты мекеменің табалдырығын тоздырмай, бар жұмысын әкімдіктегі бір терезеден 5 күннің ішінде бітіреді. Наурыз айында іске қосылған easy.zko.org.kz порталы арқылы үйде отырып-ақ конкурсқа өтінішін жолдай алады. Ол сайт тіркелгендерге ғана ашық. Бұл да – пилоттық жоба.

Бұрын 15 монополист ұйымның бәрін аралап, қол қойдырту үшін жүгіретін еді. Енді 5 күн, ары кеткенде 10 күн ішінде барлық мекемелер электронды түрде қолдарын қойып, иесіне беруі тиіс.

Нәтижесінде өтініш берушінің 20-дан аса келісуші ұйымдармен байланысы жойылып, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеудің шарттары қарастырылыпты. Электронды түрде түскен 64 өтініштің 37-сі мақұлданған. Аталған жобаны әкімдік «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясымен және «Атамекен» ұлттық палатасымен бірлесе іске асырылды.

Zem.kz пен easy.zko.org.kz порталының айырмашылығы қандай?

Zem.kz порталында шаруа және фермерлік шаруашылықты жүргізу үшін БҚО мен Орал қаласынан бос жерлерді таңдап, конкурсқа қатыса аласыз. Ал, easy.zko.org.kz сайтында тек қана Орал қаласынан ғана жерді таңдап, байқауға қатысуға болады. Сондай-ақ, жер шағын шаруашылықтарға ғана беріледі. Мысалы, дүкен, дәріхана ашатын болсаңыз… Конкурстардың нәтижесі екі порталда да жарияланады. Бірақ, бүгінде zem.kz порталының тиімді болып тұрғанын айтады ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі.

Тоқетерін айтқанда, мұны толыққанды орындау бірнеше кезеңнен тұрады. 2019 жылдың 1 шілдесіне дейін бірнеше облыста сынақ режимінде жер телімдерін тек электронды түрде ғана беру жоспарланып отыр.

«Ал 2021 жылдан бастап процесс толық режімде басталады. Көктемгі егістік жұмыстары кезінде бір батырманы басу арқылы онлайн-несиелендіру қолжетімді болғалы тұр. Ал 2019 жылдың соңына дейін жер телімдерінің ашық картасы жасалады», – деп сендіреді Ауыл шаруашылығы министрлігінің бірінші вице-министрі Арман Евниев.

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев пилоттық жоба мен негізгі жобаны жүзеге асыру уақытының ұзақ екенін ескертіп, оны қысқарту жағын қарастыруды тапсырды.

Портал арқылы байқауға қалай қатысу керектігін білгіңіз келсе, мына сілтемеге өтіңіз.


Дереккөз: https://informburo.kz