Q-POP, яғни QAZAQ поп музыкасы қазаққа не береді?
Жаңа толқын қайда бет алды?
2001 жылы жаңалық болып Орда тобы сахнаға шықты. Стилі де, әні де біраз жастарға үлгі болса, ал үлкендер жағы оған үрке қараған. Енді міне 91 тобы – жаңа субмәдниеттің негізін қалаушы ретінде танылды. Бұл субмәдениет Қазақстанда алғаш рет 2015 жылы пайда болды, ал осы жанрды бірінші болып сахнаға Ninety One алып шықты. Кейін басқа да поп топтар: Олар: Renzo, Black Dial, Moonlight, Crystals, NEWTON, Ayumi және Juzim, EQ, OZGE. Ал жеке орындауышлардан: ZIRUZA, Ayree, Assun, Alime, C.C.TAI, KYLE RUH, Madi Rymbaev, RIZA т.б шыға бастады.
Q-POP-тың негізін салушы – белгілі продюссер, әнші, биші, хореограф, актер, және сценарист. Орда тобының мүшесі, әнші Ерболат Беделхан. Бұл қайдан, қашан келген музыка жанры екенін, қандай жұмыстар атқарылып жатқанын толық продюсердің өзі баяндап берді.
91 тобы – Орда тобының тікелей жалғасы
– Заман жаңарған сайын, оның үстіне уақыт өте келе жаңа трендтің, жаңа бағыттың пайда болатын сөзсіз. Бәрі бір орнында тұрмайды, дүние қозғалыста. Біздің, яғни Орданың атқарып жүрген рөлін қазіргі таңда 91 тобы жалғастырды тек қана жалғастырып жатқан жоқ, ары қарай дамытып жатыр.
Әртіс ретінде, музыкант ретіндегі арманым, мақсатым – келешекте жастардың заманауи музыкамен еркін айналысатын нарық құру еді. Өзім өнер жолын бастағанда осы нарықтың жоқ екенін түсіндім. Болса да әлсіз екенін бар жүйке жүйеммен ұғындым. Ұғындым да әрекетке көштім. Сондықтан да менің басты мақсатым – сол нарықты құрып, шоу-бизнеске нақты қадам басу, өзгеше форматтағы өнер иелерінен әлемдік трендке сай қазақ тіліндегі контент жасау.
Не нәрсені өзгерткің келсе, өзіңнен баста делінген. Өзіңді өзгертпей, өзгені өзгерту мүмкін емес. Қоғамның өзгеріп, жаңа бағытта алға жылжығанын қаласаң, сол өзгерісті өзің жасап көр. Сонда ғана еңбек нәтижелі болмақ. Бәрімізге өзгеден көмек күтіп сарылып отырудың қажеті жоқ, үкімет немесе басқа адам келіп жасап береді деуден ештеңе өнбейді. Аллаға шүкір, қазір Q-POP әртістері қатарының көбеюі мені қатты қуантады. Яғни, біз жасаған жұмыс өз нәтижесін беріп келеді деген сөз.
Кореялық емес, қазақтың өз жобасы деп қараңыз
2014 жылы мен Корея мемлекетінен К-РОР жүйесін Қазақстанға алып келдім және сол жылы өз жұмысымды бастадым. Бірақ, ол Корея жүйесі болғанымен, оны мен өзіміздің менталитетке сай, көзқарастарымызға қатты қайшы келмейтіндей адаптация жасадым, өзгертім. Сөйтіп, Q-POP бағытын құрдым. Ол дегеніміз – біріншіден, жаңа көзқарас. Біз қазақ болғаннан кейін біздің музыканың атауы – Q-POP, яғни QAZAQ POP. Біз сонымен ерекшеміз. Біздің өз болмысымыз, өз көзқарасымыз бар, біз бүкіл жанрдағы музыканы тыңдай келе реттеп, соны өз елімізге негіздеп жасаған музыка, ол – Q-POP. Ал жанр жағынан бізде ешқандай шектеу жоқ. Біз кез келген жанрды бұл бағытта қолдана аламыз.
Q-POP – тек қана музыка емес, бұл – ерекше бір стиль. Адамның келбетіне, ішкі жан-дүниесіне байланысты заманауи тренд, заман ағымына қарай бағытталған, заман көшіне ілескен елдермен қатарлас болу үшін жасалған жаңа субмәдениет, жаңа көзқарас. Елімізде Q-POP жанры өз рөлін жақсы атқарады деп үміттендім және де соның жемісін алдағы уақытта көреміз.
Q-POP, бұл – «Рухани жаңғыру»
Q-POP-ты тек бір бағыт деп қана қарауға болмайды. Мысалы, елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында айтқан жаңғырудың бір түрі – осы Q-POP – рухани, яғни адамның ішкі жан дүниесі. Ал біз де осы адам жанында әбден таптауырын болған дүниелермен күресеміз. Адамның ішкі жан дүниесін байыту, әлемдік деңгейде ойлана алу, ми шекарасын кеңейту, адамның жүрек түкпірінде арман отын лаулатып,сол арманның мақсатқа айналуына, жүзеге асуына себепші боламыз.
Q-POP – тек қана сөз емес. Бұл – нағыз сөздің практикада жүзеге асқан істің көрінісі. Бұл – ұлттық сана-сезімді оятудың жаңа бір саласы. Қазақ тілінің тек күнделікті тіршілікте ғана емес, көркемдігі мені өткірлігін әлемдік деңгейге көтеруге болатынын көрсету, дәлелдеу. Сонымен қатар, жасөспірімдердің ұлт тіліне деген қызығушылығын арттырып, дамыту. Яғни, Q-POP – ұлттық патриотизмді дамытудың жаңа бір белесі деуге де болады.
Музыка, бұл – психология
Поп музыка, бұл – ең танымал, елдің аузында жүрген яғни тренд деген сөз. Ал қай заманда болса да жастардың санасын жаулап алатын музыка жанры – осы поп музыка. Әрине, жастардың жаны қашанда жаңаға, жаңалыққа құштар. Жалындап келе жатқан жастардың санасын одан басқа не жаулауы мүмкін. Талғамы қалыптасып, бұғанасы бекіген алдыңғы буын ағаларға бұл жақпауы да мүмкін. Ал жастар үшін ол – жаңа бір белес, жаңа бір серпін. Жаңа заманның жастары, сол заманның тренді, сол заманың поп музыкасына өте жақын болады. Бұл – психология.
«Орданы» сол кезең жастары қабылдай алмады…
Орда тобы белгілі бір дәрежеде Қазақстанда өзінің қазақ тіліндегі міндетін орындады. Ешкімнен кем емес, әлем музыкасынан да кем емес, заманауи музыканы, бағытты өз тілімізде орындап, басқа шетелдіктерді тыңдата алатынымызды дәлелдедік. Бұл топ әлі бар. Бірақ жұмысымызды уақытша тоқтатуымызға аудиторияның дайын еместігі себеп болды. Яғни біздің бағытты қабылдайтын нарық болмады. Мысалы, осындай бағытта контентті көбірек шығару мәселесінің жолға қойылмаған еді. Біз сияқты топтардың құрылмауы нарықтың жоқтығынан екенін «Орда» тобының ішінде жүріп соны түсіндім.
Біз 2013 жылы өз жұмысымызды жеке-жеке жалғастыратынымызды, бірақ бұны топтың ыдырауы деп түсінбеулерін, сәті келгенде өнерімізді сахнаға шығарып тұрамыз деп барлық тыңдаушыларымызға айтып кеттік. Қазір Орда тобының әр мүшесінің жеке шығармашылығы бар, жеке ісі бар.
Қазіргі таңда 91 тобы жұмысын енді ғана бастады. Бұрынғымен салыстырғанда қазір нарық құруға үлкен мүмкіндіктер бар. Әсіресе жастардың осындай заманауи контентке дайын болуы мені қатты қуантады. Сондықтан да жұмыс тоқтамайды. Керісінше, елімізде өнер саласындағы үлкен нарық пайда болып, әлемдік деңгейге көтерілетін қазақ музыкасын жасауға мүмкіндік ашылары сөзсіз.
Сыртқы түр-тұлға ерекшелігі ол – Q-POP-тың шарты
Q-POP-тың ерекшелігі шаш пен киімде, яғни, рухани ішкі дүниемен сыртқы көріністің бір арнада тоғысуында, үндесуінде. Ешкімге ұқсамайтын өзгеше бейне адамның есінде бірден қалады емес пе?! Қазіргі заманда Fashion индустрияда жүріп жатқан өзгерістер бойынша, әсіресе Азия стилистикасы, Азия келбеті бүкіл әлемді өзіне қаратып отыр. Сондықтан да бұл – стиль, бұл – тренд. Оған көз аларта қараудың қажеті жоқ.
91 тобы / Жеке мұрағаттан алынды
Негізгі түпкі құндылық өлең мәтінінде, оның тақырыбында, оның адамға терең ой салуы мен жастар жанын түсіндіре білуінде. Q-POP, ол – музыка, сондықтан да бірінші оның музыкасына назар аудару керек. Бар құндылық та сонда жатқан жоқ па?!
Біз тек махаббат жайлы ғана әндерді жазып, соны ғана айта бермейміз. Әлеуметтік тақырыптарды қозғаған әндеріміз жастардың сана-сезімінің қалыптасуына, бойындағы өз құндылықтарын жоғалтпай керісінше талмай алға қадам басуға күш-жігер береді. Біз жастардың ахуалын, көңіл-күйін дәл танып, дөп басып, кез келген қиындықтан мойымай шығып кетуге болатынын айтып, рухани құлдырауға ұшыратпай, оларға музыкамен демеу беріп, қолдау көрсете аламыз. Өнермен олардың арманына жетуге болатынын, мақсатты айқындап, шаршамай-талмай кез келген нәрсеге мойымауға дем бере алатынымызға өте қуаныштымыз.
Қарсылықтың көптігі қатаюымызға себеп болды
Мен Кореядан бұл жүйені сатып алдым. Бұны франшиза деу – қате пікір. Үйрендім, дамыттым. Ең бірінші біздің орта және жоғары буын өкілдерінің бұл іске кереғар қарайтыны және алда үлкен бір сынаққа түсетінімізді білдім. Әрине, бұл – оңай емес. Біліп тұрып, осындай үлкен бір істі бастау өте қиын. Мені қоя тұрыңыз, жап жас бес балаға ауыр болды. Оларға мен осыны айтқан кезде үлкен толғаныс пен дайындықта еді. Сапалы дүние жасау ауыртпалығы ғана емес өз халқыңының кереғар пікірі мен теріс көзқарасына төтеп беру, соған қарамастан ары қарай жұмысты жалғастыру өте қиын еді. Түсінген адамға… бірақ біз бұл этаптан өтпесек, ойлаған ісімізді нақты жүзеге асыра алмайтынымызды түсіндік. Түсіндік те бекіндік.
Егемендік алғалы бергі уақытта жастарды заманауи контентпен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жоқтың қасы. Сондықтан, өзімізді қолдайтын заманауи жастардың бар екеніне, өте келе армандаған нарығымызды құра алатынымызға сендік. Ал жеңістің бәрі сол көрген қиыншылығымыз да еді…
Q-FEST – қазақ мәдениетінің жаңа бағыттағы даму белесі
Қазіргі таңда жиырмадан астам жоба Q-POP бағытында жұмыс істейді. Демек, бұл бір толқындағы жастардың қатарының толығып жатқандығы. Белгілі бір субьмәдениетті құру үшін бір компания жеткіліксіз, яғни біз ғана бұл мәдениеттің негізін құра алмаймыз. Бұл кеңінен таралуы керек. Әрине, құрылып жатқан топтар, шығып жатқан әншілер бұларға әлі нақты Q-POP не екенін ұқтыра алмадық. Жүз пайыз түсіндіріп, жеткізе алмай жатырмыз. Сондықтан да барлық осы бағытта жұмыс істеп жатқан продюсселердің, топтардың, әншілердің басын қосып ассоциация құру, оның ар жағында қор ашу арқылы осы саланы дамыту. Бұл – өте үлкен маңызы бар мәселе. Алдағы уақытта өтетін Q-FEST фестивалінің мәні осыда жатыр. Біз ешқашан бір орында тұрып қалмай, сапаға жұмыс жасауымыз керек. Сапаның шегі болмайды, қиын да қызықты жолда шекарасыз алға беттеу керек. Ал ол жолда бірі бірімізден көмегімізді аямаймыз.
Шоуды ғана ойлай бермей, бизнес деген тіркесін де ұмытпағанымыз абзал
Шоу – бизнес деп бекерден бекер аталмайды ғой. Кез келген салада индустрия болу керек. Бұл нарықтың бір көзіне айналу керек. Сондықтанда «JUZ» академиясы – Q-POP-тың не екенін насихаттау, оның қандай болу керегін, әртістердің қандай қырлары болу керектігін түсіндіру, үйрету үшін ашылған оқу орны. Бұл – бір. Екінші, адамның келбеті мен киіміне баса назар аударатындықтан, киім киюдің әдебі, мәдениеті, қалай киіну керегін көрсететін QG WEAR дегенде жобамыз бар. Тек бұнымен шектеліп қалмаймыз басқа да бизнес модельдерінің негізін қалай беретін боламыз. Q-POP төңірегінде жұмыс жасайтын бизнес менеджерлері, басқа да сахна артында жұмыс жасайтын топтың қызметінің нығаюы – қазір біздің қоғамда мүлде жетіспейтін дүние. Бұл бәсекеге енсе, біздің нарық екі-үш есе мықты болар еді.
«Juz entertainment» / Сурет жеке мұрағаттан алынды
«JUZ» академиясы – жастарға жаңа мүмкіндік
Ал «JUZ»академиясына теріңірек тоқталатын болсам. Нақты бір жүйе құрғым келеді. Мен өзім академияға ай сайын келіп, оқушыларды тексеріп, емтихан алып отырамын. Егер олардың өнері ұнаса, ол оқушы компаниямен келісімге отырады. Үлкен мүмкіндік алады. Қазір 91 тобынан басқа қыздардан құралған «Juzim» деген топ бар. Бұл қыздар тікелей осы академиядан дәріс алып, үйреніп шыққан қыздар. Әрбір жүйенің негізі басынан дұрыс қаланып, әрі қарай үнемі жұмыс жасағаны абзал. Сонда ғана жемісті болмақ. Бұл академиядан кез келген өнерге талапты балалар сабақ ала алады.
«Qara Beri» – қазақ жастарына керек дүние
«Qara Beri» ешқандай Q-POP бағытына жатпайды. Бұл – алғашқы hip-hop жанрындағы соның ішінде репті дамытуға арналған қазақ тіліндегі алғашқы жоба. Бізде көптеген мықты орыс тілді рэперлер бар. Бірақ олардың түп негізі – қазақ. Өкінішке орай, нарыққа қазақ тілінің рэперлері шықпағандықтан, басты назар орыс тілді рэперлер де тұр. Неге қазақ тілді рэперлерге сұранысқа ие болып, тілімізді дамытпасқа?
«Qara Beri» – телевизиялық жобасы / Сурет жеке мұрағатан
«Qara Beri» – бұл қазақтілді реперлерді дайындайтын яғни іздеп тауып, үлкен өнерге жол ашатын бірден бір жоба. Нарықты қалыптастырушы, шоу-бизнесті жасаушы, өнер жанашыры болғандықтан, тек қана бір салада жүрмеуім керек. Бұл – жоба соның бірі. Алдағы уақытта жобаның жалғасы болады деп үміттенемін. Алғаш жасалса да, өте керек дүние. Өйткені бай тілімізді қолданысқа жастар арасына енгізіп, сөз қолданудағы тапқырылық пен шеберлікті арттыруға келгенде өте қолайлы жоба. Бұндай жобалардың көп болғандығы және олардың жалғасын табуы өте маңызды.
Дайын жүйені дамытам деушілерге мархаббат
Бұл – біздің алғашқы қана қадамымыз, Qazaq поп музыкасы талай белестерді бағындырады. Болашақта әлі де талмай еңбек етуіміз керек. Q-POP толқынын көбейту арқылы сапасын жоғарылатуымыз керек. Қандай құндылықтары бар, қандай ұғымды білдіреді, соны кеңінен насихаттауымыз керек. Бұл – тек қана жақсылықты, махаббатты, жақындықты насихаттайтын жаңа құрал.
Жастар орта буынға қарағанда ерекше, олардың көзқарастары басқаша. Сондықтан да болашақта жаңа бір платформалар, жаңа телеканал немесе жастарға арналған Q-POP бағытында жаңа бағдарламалар құрылса, үлкен фестивальдер ұйымдастырылса, өз алдына жеке сала болып, конкурс-концерттер ұйымдастырып, жаңа ұжымдар, инфраструктура құрылса деймін. Тек қана екі қалада емес, басқа да қалаларда кеңінен жұмыс жасаса деген ойымыз бар.
Бәсекелестік болмай, белеске шығудың мәні жоқ. Құрылған топтардың өзі осы саланың сапасының артуына үлкен себеп. Мен жүйені құрып дамыттым, ал оны жалғастырып әкету жаңашылдық пен жақсылыққа талпынған әр таланттың қолынан келеді.
Дереккөз: https://informburo.kz