«Аяз атаға хат» қайырымдылық акциясы қолдау тапты
Астана, BAQ.KZ. Ақтаудағы «Тумба» газеті бастаған «Аяз атаға хат» қайырымдылық акциясын қолдған мемлекеттік мекеменің бірі – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті.
Маңғыстау өңірінің кішкентай тұрғындары Site@tumba.kz электронды поштасына өздеріне қажет заттар тізімін жолдаған және ойыншықтардан бөлек қысқы аяқ киім, балдық көйлек, самокат және тәттілер сұрап хат жазғандар көп болды.
Нұргүл Жанназарова бастаған агенттіктің аумақтық департаменті газет редакциясына барып, балаларға сыйлықтарды табыстады.
«Жаңа жыл десе балалардың ойына алдымен Аяз ата, ақшақар, шырша мен сыйлықтарды көз алдына елестетеді. Біздің ұжым бұл игі істен қалыс қалмай, қолдау көрсету туралы бір ауыздан шешім қабылдады. Аяз атаға жазылған хаттар нәтижесіз болмасын деп, кішкентайлардың тілегін орындауға барынша тырыстық. Байқағанымыз, олардың қуанышымда шек жоқ. Баланың шат күлкісі мен қуанышына ештеңе жетпейді. Кез-келген мереке қарсаңында балаларға қуаныш сыйлауға баршамыз асығайық. Себебі олар бақытты болуы үшін жаралған және қамқорлықты сезінсе, мейірімді болып өсері анық», — деді департамент басшысы.
Бірінші сыныпта оқитын Кәусар жұмсақ ойыншық сұраса, оның туған апасы Фатима балдық көйлек керектігін хатта көрсетіпті. Ал, 5-ші сыныпта оқитын Гаухар Жұмабекова болса қысқы аяқ киім сұрап хат жазған. Өзі келе алмаған оның сыйлығын туған әпкесі алып кетуге келді. Екінші сыныпта оқитын Тұрарбек Жұмабеков Аяз атаға жолдаған хатында самокат сұраған. Кішкентай бүлдіршіннің өтініші жерде қалмады. Басқұдық ауылының тұрғыны, 1-ші сыныпта оқитын Нұржан Аймұханұлы ойыншық машина сұраған. Бірақ сыйлыған алып кетуге өзі келе алмады, себебі сабақта екен. Сол себепті оның сұраған сыйлығы анасына берілді.
Айта кету керек, «Тумба» газеті бастаған «Аяз атаға хат» қайырымдылық акциясына аз қамтылған және көпбалалы отбасында тәрбиеленетін балалар қатысты. Барлық сыйлықтарды агенттіктің аумақтық департаментінің әр қызметкері өз жалақысынан сатып алып берді. Барлығы 200-ге жуық кішкентай тұрғындарынан өтініш түскен. Хат жазғандардың басым көпшілігі Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданынан болып шықты.
Балаларымен еріп келген аналар да, өз кезегінде департамент ұжымына көрсеткен ықыластары үшін шын жүректен алғыстарын білдірді. Агенттіктің аумақтық департаментінің ұжымы осындай игілікті істерді алдағы уақытта да жалғастыра бермек.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ