Балғынбек Имаш: Еркектер кінәліміз

0

Танымал айтыскер ақын Балғынбек Имаш қоғамдағы өзекті мәселерге байланысты пікір әлеуметтік желі арқылы пікір білдірді. Айтыскер ақынның айтуы бойынша, соңғы уақытта оған арызданушылардың саны көбейген. Ол жартылай жалаңаш қыздардың көбеюіне еркектерді кінәлады деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

«Соңғы күндері жекеме шығып арыз айтушылар көбейіп кетті. Осы біз кім болып барамыз? Ар ұяттан безген ару қыздарымыз анау, мүшеқап таратқыш министрлігіміз мынау… Кім кінәлі? 
Әрине, біз өзіміз! Еркектер кінәліміз. Баласын әжетханаға, қоқысқа, көшеге тастаған қыздарды сөгеміз, ал оның аяғын ауыр қылған жігіттерді ше? Арақ ішкен, шылым шеккен, жалаңаштанған, боқтап сөйлейтін, ұлтын қорлайтын, арын сататын қыздың бәрі жетім бе? Ата қайда, әке қайда, аға мен іні, нағашы мен жиен қайда? Неге қамқор болмайды? Неге тыйым салмайды? Жетім болса туысы қайда, тірі жетім болса әкесі неге тастайды? Маған көп әйелдер көмек сұрап хабарласады. Күйеуіңіз қайда десем, тастап кеткен дейді. Үш, төрт, бес, алты баласымен тастап кеткен, мүгедек баласымен тастап кеткен, кілең қыз тудың деп тастап кеткен, ещё кредит алғызып тастап кеткен күйеулер бар екен. Өзіміздің қазақтың жігіттері! Жігіт деуге бола ма ондайларды?
Неге осыншалық рухани құлдырадық? Айжан қайдан шықты? Шырын қайдан шықты? Қазақтың қыздары ғой, өз қарындастарымыз, өз қыздарымыз емес пе? Иә, намысты боп көрініп, ұятсыз, оңбаған деп қарғап-сілеу, пікір жазу оңай. Ал соны тамашалап, парақшасына жазылып, лайк басып, сілекейі шұбырып «қолымызға бір түссең» деп нәпсісі қозып отырған кімдер екен? Өзіміздің отандастар ғой! 100 мыңнан астам адам жазылып алса, олар кінәлі емес пе? Сұраныс солардан ғой. 
Есі дұрыс, есті еркектер болса әуелі өзімізді тиялық, сосын көзімізді тиялық, сосын өзгені жерден алып, жерге салған сөзімізді тиялық. Сосын әпке-қарындас, әйелдерімізді, қыздарымызды, әрбір қаракөздерімізді қызғанып, қорғайық. Сыртынан дұға жасайық! Еркегі намысты елдің, әйелі арсыздық жасамайды.  Оян, Қазақ!  Ойлан, Қазақ!», — деп жазады Балғынбек Имаш.

«Қамшы» сілтейді