Түркістан үлкен қала болса деген арман бар
2018 жылғы 28 желтоқсан 23:00 331
АСТАНА. ҚазАқпарат — Президент Нұрсұлтан Назарбаев отандық БАҚ өкілдерімен кездесуде Шымкенттен кейін келесі кезекте қай қалалардың «миллиондық» әлеуетінің барын айтып, Түркістанның түлеуі туралы ойымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бізге миллион адам тұратын қалалар керек. Миллион тұрғыны бар қалада — ғылым да, мәдениет те, білім де дамиды. Бүкіл әлемде солай. Келешекте әлемде ірі 600 қала — мегаполис болады да, негізгі бәсеке солардың арасында өрбиді деп айтылып жатыр. Адамдар сондай қалаларда өмір сүргісі келетін болады. Сондай қалаларды көбейту керек. Тәуелсіздік алғалы бері сондай миллион тұрғыны бар үш қаламыз бар. Ендігі болсын деген ойым — Ақтөбе, мүмкін Қарағанды. Урбанизация бәрібір жүріп жатыр», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Президенттің айтуынша, АҚШ-та халықтың тек 2 пайызы ғана ауылда тұрады.
«Ондағы ауыл халқы өзін асырамақ түгілі, ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттап жатыр. Ал бізде ауылда халықтың 43 пайызы тұрады. Сондықтан, бұл мәселе ел үшін де саясат пен тарих үшін де өте үлкен мәселе деп санаймын. Түркістанды көтерсек, аз жылдың ішінде 300 мың халқы бар шаһар болып шығады. Мен оның құрылысын бекіттім. Ең біріншіден, әкімдіктің орталығы, барлық департаменттер, үйдің құрылысы, мәдени нысандар тұрғызылғаннан кейін бірнеше музейін, мысалы Қазақ хандығының тарихы, Түркі дүниесінің тарихы дегендей салу көзделуде», — деді Елбасы.
Президенттің айтуынша, Түркістанда Қазақстанның тарихи жәдігерлері жинақталып, әуежай мен темір жол вокзалы жөнделсе, қала бұдан да бетер дами түсетінін айтты.
«Қазір сол арқылы «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» деген дәл ортасынан дәліз жүріп жатыр. Жол бар. Сонда өркендеп-өсіп, туристерді тартып, ақыры Түркістан үлкен қала болып шықса деген арман бар. Жылы жақты жақсы көргендер сол жаққа барып тұрсын. Сергек боламын дегендер осында (Астанаға) келсін (күлді)», — деп сөзін аяқтады Нұрсұлтан Назарбаев.
Дереккөз: https://www.inform.kz/kz