Назарбаев өзінің бақытты саясаткер екенін айтты — новости Казахстана

0

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев не армандайтынын айтып, өзін романтикке теңеді. Ол қазақстандық БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында туған ауылында баянмен жүрген күндерін еске алды. Ата-анасының қаражаты болмағандықтан Елбасы бұл аспап үшін өзі ақша жинаған екен деп жазады NUR.KZ.

Фото: fromua.news

Фото: fromua.news

Журналистер Назарбаевтың армандары мен романтикаға жақындығы туралы сұрады.

«Мен Қазақстан мемлекетін құруды, еліміздің тыныштығы мен берекесін армандадым. Осы тұрғыда мені романтик деуге болатын шығар.

Бағдарламаны ойлап тауып, ұсынған, артынша оны жүзеге асырған саясаткер — нағыз бақытты саясаткер. Мен өзімді осы қатарға жатқыза аламын», — деді президент.

Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің ешқашан армандаудан жалықпайтынын да атап өтті.

«Біз қиын сәттерді өткердік. Бірақ білесіздер ме, адам армандаған кезде ғана тірі адамның қатарына қосылады. Бір арманың орындалса, екіншісі бар. Мен әрдайым өзімнен қашан тоқтайтынымды сұраймын», — деді ол.

Жас күнінде арманшыл Назарбаев ауыл арасында баянмен жүрген. Ол аспапты үйренгісі келгені соншалық, тіпті, сатып алуға қаржыны өзі жинаған екен.

«Мен музыканы әрдайым жақсы көрдім. Себебі, менің отбасым сондай еді. Анам ән айтатын. Бұрын мен баянда қатты ойнағым келген. Бірақ ауылдағы ата-анамның оны сатып алып беруге шамалары болмады.»

Сол кезде мен балшықтан үй соғып жатқан көршіммен келісіп, жаз бойы кірпіш құйдым. Еңбегім үшін 35 рубль алып, оның 28 рубліне баян сатып алып, дыңғырлатып жүргенмін. Әкем ұйқы бермедің деп баянымды тартып алғанға дейін үйімнің жанында жастар жиналып, билейтін», — деді өткенін еске алған Елбасы.

Одан бөлек, Елбасы домбыра да шерте алады. Ал жақында гитара үйренуді қолға алыпты.