Антарктиданы көмексіз жалғыз жүріп өткен алғашқы адам

0

Антарктиданы көмексіз жалғыз жүріп өткен алғашқы адам

33 жастағы америкалық Колин О’Брэйди Антарктиданы жалғыз жүріп өткен алғашқы адам атанды. Ол суық құрлықтағы сапары кезінде ешқандай көмек сұрамаған.

Портленд қаласының (АҚШ, Орегон штаты) тұратын жиһанкез 1500 шақырымды 54 күнде жүріп өткен. Саяхатын 3 қарашада бастап, құрлықтың қарсы жағасына 26 желтоқсанда жетті. Оның жолға алған шанасы мен керек-жарағы 170 келі болған.

Колин О’Брэйди соңғы 130 шақырымды шаңғымен жүріп өткен. Бұл кезең ол үшін ең қиыны болған.

— Мәреге жеттім! Мен мұны жасай алдым! Жолда тоқтамай 80 мильді бір деммен 32 сағат 30 минутта жүріп өттім, — деп жазған instagram парақшасына.

Колин О’Брэйди өзінің жетістігін зерттеуші Генри Уорслиге арнаған. Ол 2016 жылы Антарктиданы жаяу жүріп өтпек болып көз жұмған еді.

Америкалық азамат сапарын бірнеше рет тоқтатпақ та болған. Әсіресе 18 қарашада шанасын қар басып, оны ашуға айтарлықтай күшін сарп еткен.

Осыған дейін де Антарктиданы жалғыз жүріп өткен жандар болған. Оларға белгілі бір жерде көмек көрсетіліп, алдын ала тоқтайтын орындарына тағамдар қойылып отырған. Кейбірі техника көмегіне де жүгінген.


Дереккөз: https://massaget.kz/