Отандық киім өндірісін жолға қою керек
2018 жылғы 28 желтоқсан 23:53 168
АСТАНА. ҚазАқпарат — Қазақстанда жеңіл өнеркәсіпті қалпына келтіріп, ерлер мен әйелдерге арналған отандық киім өндірісін жолға қою керек. Бұл туралы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада отандық БАҚ өкілдерімен кездесуде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Елімізде шикізаттық және қайта өңдеу индустриясы болуы қажет. Бұл, мемлекет тұрақтылығының кепілі, өзімізді қамтамасыз ету үшін керек. Мәселен, біз экономиканың маңызды саласы болып саналатын жеңіл өнеркәсіпті ұмыттық», — деді Президент.
Ол Алматыда сапалы костюм тігетін фабрика бар екенін еске салып, заманауи әйелдер киімін шығаруды да дамытуды ұсынды.
«Қалайда, жеңіл өнеркәсібімізді қалпына келтіру керек. Оған қажетті мақта, жүн, терінің барлығы табылады. Сапалы жақсы аяқ киімдер шығатынын да білемін. Біздің әскеріміз бен полиция Қазақстан өнімдерін киіп жүр. (…) Бұл дұрыс саясат, индустрияны дамытуды қолға аламыз», — деп атап өтті Н. Назарбаев.
Айта кетейік, 2018 жылдың 5 қазанында Елбасы Қазақстан халқына арналған кезекті Жолдауында отандық кәсіпорындарға халық көп тұтынатын тауарларды шығаруға көмектесуді жүктеді. Осы орайда Президент өңдеу өнеркәсібі мен шикізатты емес экспортты қолдауға қосымша 500 млрд теңге бөліп беруді тапсырды. Ал Ұлттық банк екінші деңгейлі банктерге 600 млрд теңге бөлетін болады. Ол ақша отандық өнімдерді шығару жобаларына жұмсалады.
Дереккөз: https://www.inform.kz/kz