Талдықорғанда «Жетісу – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі ашылды
«Жетісу – адалдық алаңы» жобасы сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету, жалпықоғамдық төзбеушілікті қалыптастыру, Алматы облысының мемлекеттік басқару институтына азаматтардың сенімін арттыру мақсатында ұйымдастырылды. Жоба аясында ашылған кеңсе облыс әкімдігінің бірінші қабатында орналасқан.
Ашылу салтанатында облыстық білім, денсаулық сақтау басқармаларының, мемлекеттік кірістер, полиция департаменттерінің басшылары, облыстық соттың өкілі өз салаларындағы цифрландыру жобаларын таныстырып, осыған орай материалдық базаны нығайту шаралары жайлы айтып берді. Ашылу рәсімінің қорытындысында Агенттік Төрағасы Алик Шпекбаев осы таныстырылған жобалар арқылы жұмыстың тиімділігі, ілгерілеу көрінуі керектігін атап өтті.
Мұнан соң А.Шпекбаев Жетісу жерінің активімен және қоғам белсенділерімен кездеседі. Кездесуде алдымен облыс әкімі Амандық Баталов өңірдегі сыбайлас жемқорлықпен күрес және оның алдын алуға бағытталған шараларға қысқаша тоқталды. Мәселен, өңірде қоғамның жемқорлыққа төзбеушілігін қалыптастыруға арналған 300-ден астам шара өткізілген. сыбайлас жемқорлыққа қарсы 27 жедел топ құрылды. «Адал жол – Честный путь» жемқорлыққа қарсы марафоны ұйымдастырылған. Облыста жыл басынан бері 7,3 млн. теңгеге мемлекеттік қызмет көрсетілсе, соның 5,8 млн. тг. немесе 79,4% электронды түрде көрсетілген. Мемлекеттік қызмет сапасын арттыру мақсатында облыстық цифрлық технологиялар басқармасы құрылып, аудан, қала әкімдіктерінде мемлекеттік қызмет мониторингісі бөлімдері жасақталды.
Жиын барысында «Астана – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Жазира Жылқышиева Астана қаласы бойынша сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мен күрес жұмыстары туралы өз тәжірибелері негізінде баяндады. Сарыарқа ауданы мен № 10 емхана базасында жүргізілген жобалық жұмыстар тілге тиек етілді.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Серікбай Нұрғисаев «Жетісу – адалдық алаңы» жобасының 3 басым бағыты туралы айтып берді. Соның ішінде мемлекеттік қызмет алуда адами факторды азайту, қоғамдық бақылауды жүзеге асыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстар, сонымен қатар департамент пен әдеп кеңесінің жұмысы жайлы сөз қозғады.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев Мемлекет басшысының тапсырмасына орай кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастырудағы жаңа бастамаларға кеңінен тоқталды. Соның ішінде цифрландыру, күнделікті тұрмыстық жемқорлық әрекеттеріне жол бермеу, кадрларды қайта даярлау, еңбекақы төлемінің жаңа жүйесі, ІТ карта енгізу және басқа да өзгерістер жайлы айтылды. Осы жаңа реформа түптеп келгенде мемлекеттік қызмет сапасын арттыруға, оның ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге, жемқорлықты азайтуға қызмет етпек.
Кездесу соңында қос тарап, яғни А. Баталов пен А. Шпекбаев «Жетісу – адалдық алаңы» жобасының жарғысына қол қойды. Сонымен қатар жетісулық бірқатар азаматтар Агенттік төрағасының Алғыс хатымен марапатталды.
Мұнан соң А. Шпекбаев қаладағы бірнеше нысанды аралады. Атап айтқанда Талдықорған көп салалы ауруханасында, Талдықорған қаласы бойынша кірістер департаментінде болды.
Бүгінгі күні облыстық денсаулық сақтау басқармасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментімен бірлесіп «Жетісу – адалдық алаңы» жобасының аясында медициналық қызметті цифрландыру бойынша біршама жұмыстар атқарған. Мәселен, облыстың 14 ауданында электронды кезек тақталары орнатылып, облыс бойынша қамту 70 %-ке жеткен. Сонымен қатар «Жетісу» медициналық ақпараттық жүйесімен аудан орталықтары мен қалалық деңгейдегі медициналық ұйымдар 100% қамтамасыз етілген.
Осы сапарында А. Шпекбаев Талдықорған көп салалы ауруханасының, жедел жәрдем қызметінің және онкологиялық ауруларды ерте кезеңнен анықтауға мүмкіндік беретін Жағдаяттық орталықтың жұмысымен танысты.
Мемлекеттік кірістер органы бүгінгі таңда мұнда 48 мемлекеттік қызмет түрлері көрсетілсе, соның 32-сі автоматтандырылған. Мысалы, Талдықорған қаласында 2016 жылы көрсетілген қызметтің үлесі электрондық түрде 90,3% құраған, 2017 жылы – 91,5% және 2018 жылдың басынан бері – 92,7 % немесе 182 106 қызмет көрсетілді. Бұл ретте мемлекеттік қызмет сапасын арттыру үшін салық төлеушінің терминалы жұмыс істейді, көрсетілетін қызметтер терминалдарда тегін жүргізіледі, сол сияқты ҚР ҚМ МКК Жағдаяттық орталығына қосылған кезек басқарудың электрондық жүйесі жұмыс істейді.
Агенттік төрағасы нысандарды аралау барысында мемлекеттік қызмет көрсету сапасы мен қолжетімділігін арттыру, сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету барлық қызмет көрсетушілердің негізгі басымдық беретін бағыты болуы тиіс екенін атап өтті.
Мұнан әрі А. Шпекбаевтың сапары Қаратал ауданы Үштөбе қаласында жалғасты. Мұнда Мемлекеттік қызмет алушыларға жайлы жағдайлар жасау мен азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында биылғы жылы іске қосылған «Сервистік әкімдіктің» жұмысымен танысты.
«Сервистік әкімдік» жобасының қағидалары мемлекеттік қызмет көрсететін мекемелерді бір жерде шоғырландыру мен азаматтарға ыңғайлы жағдайлар жасауға негізделген. «Сервистік әкімдік» азаматтармен тығыз байланыста жұмыс жасауға және тұрғындарға қаланың түкпір-түкпірінде орналасқан бөлімдерді іздемей-ақ мемлекеттік қызметтерді бір ғимараттан алуға мүмкіндік береді.
Жобаға 41 мемлекеттік қызметті көрсететін ауданның ең қажетті деген бірқатар мекемелері, атап айтқанда Үштөбе қаласы әкімінің аппараты, білім беру, сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімдері, Қаратал ауданы әкімдігінің Жұмыспен қамту орталығы да қосылған. Жалпы, осы ғимарат ашылғалы бері 4878 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Күніне «Сервистік әкімдікке» орта есеппен 58 адам келеді.
Осы ретте «Сервистік әкімдікте» мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында жергілікті атқарушы органдардың бөлімдері Open space – ашық кабиналарда орналасқанын айта кеткен жөн. Осы «ашық алаңдағы» терезелердің бірінде дәстүрлі жұмыс кабинетінен бас тартып Үштөбе қаласының әкімі де жұмыс істеп отыр.
Облысқа жасаған сапарының соңында А. Шпекбаев Қаратал ауданының активімен кездесті. «Сервистік әкімдікке» оң баға беріп, мұндай жобаның аудандық деңгейде алғаш рет сәтті іске асып отырғанын атап өтті. «Сапалы мемлекеттік қызмет көрсетуде Open space режиміндегі ашықтық принципін қатаң ұстанатын мұндай нысандарды барлық жерлерде ашуымыз керек», — деді Агенттік төрағасы.
Айта кетсек, Агенттік төрағасы кеше Талдықорған қаласында жаңадан бой көтерген Бикен Римова атындағы драма театрынында сыбайлас жемқорлық тақырыбындағы болған оқиға ізімен жазылған «Құлқынның құлы» драмасын облыстың мемлекеттік қызметшілерімен және университет студенттерімен бірге тамашалады. Сондай-ақ А. Шпекбаев «Жастар» Спорт сарайында болып, волейболдан өткен жолдастық кездесуге қатысты.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ