Әлеуетті ғылым ғұмырлы | «Айқын» газеті

0

Қ.Яссауи атындағы ХҚТУ ректорының бастамасымен Түркістан өңіріндегі ғылымның даму мәселелеріне арналған ЖҰҒА-ның көшпелі президиумының кеңейтілген мәжілісі өтті. Жиын барысында ғылымның қазіргі жағдайы, ғылыми-зерттеу жұмыстарының даму перспективалары және өзекті мәселелеріне қатысты мол мәлімет берілді.

Алқалы жиында оқу орын ректоры Болатбек Әбдірасылов Елбасының «Қазақ­стан­­дықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» жолдауы аясында «Түркістан өңіріндегі ғылымның жағдайы және даму перспективалары» тақырыбында баяндама жасады. 2017 жылғы мәліметтер бойынша, бұрынғы ОҚО-ның 10 мың тұрғынына шаққанда экономикалық тұрғыда Ғылыми зерттеу жұмыстарымен шұғылданатын адам саны 10 ғана болған, ал Қазақстан бойынша орта­ша саны – 25. ОҚО-ның ғылыми-зерт­теу және тәжірибелік-құрастыру жұмыс­та­рына (НИОКР) жұмсалатын ішкі шығын 23,7 пайызға төмендеген. Бұл жұмыстарға жұмсалған ішкі және сыртқы шығын 1338,1 миллион теңгені құрады. Әрқайсына жеке тоқталар болсақ, мұның 78,3 пайызы қолдан­балы зерттеулерге, 14,8 пайызы тәжірибелік-құрастыру жұмыстарына, 6,9 пайызы іргелі зерттеулерге жұмсалған. Сонымен бірге, НИОКР-ге жұмсалатын ішкі қаржы көздері: республикалық бюджеттен – 61 пайыз, өндіріс орындары­ның қаржысы – 33,7 пайыз, басқа қаржы­лан­дыру көздерінен – 5,3 пайыз.
Өңірдегі ғылыми зерттеу жұмыстарына қатысты өзекті бірқатар мәселе бар. Атап айтсақ, ғалымдарды дайындау сапасының төмен екені, ғылыми зерттеу жұмыстары қаржысының көбіне республикалық бюд­жет­тен бөлінуі, оны ұйымдастыруға жер­гілікті билік органдарының және бизнес өкілдерінің жеткілікті дәрежеде көңіл бөлмеуін жатқызуға болады. Бұдан басқа өңір ғалымдарының халықаралық ғылыми мәліметтер қорында жария­ла­ным­дары­ның аз болуын, Ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижелерін коммерция­лан­дыру мен инновациялық инфрақұры­лым­ның болмауы да – көкейтесті мәсе­ленің бірі.
Қалыптасқан күрделі жағдайларды еске­­ре отырып ХҚТУ басшылығы тара­пы­нан өңірдегі ғылыми әлеуетті дамыту бағы­тында бірқатар іс-шаралар атқарды. Осы оқу жылында магистратура, докторан­тура, резидентура контингенті 30 пайызға артқан. 2017 жылы докторантураға 26 адам қабылданса, биыл 40 адам түскен. Яғни, екі есеге жуық көбейгенін байқауға болады. Отандық озық ғылыми зерттеу орта­­лықтары мен институтарымен мемо­ран­­думдар және келісімдер түзілді. Соның ішінде Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық Биотехнология орталығы, Ақпарат­тық технология және есептеу технологиясы инс­титуты, Тарих және этнология инс­ти­туты және т.б. бірлескен жұмыс істеліп келеді.
Бүгінде инновациялық инфрақұрылым­ның негізгі құраушысы саналатын Техно­ло­гия­­ларды коммерцияландыру офисі құрыл­ды. Кентау трансформатор зауыт­мен Энер­­гетика, ақпараттық технология және кибер­қауіпсіздік салалары бойынша ортақ техно­парк құру мәселесінде уағдаластыққа қол жетті. Бұл бағытта қазіргі уақытта орна­ласатын жері белгіленіп, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Университет ғалымдарының ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесін коммер­цияландыру бойынша Ғылым қорының 3 жылдық мерзімге арналған жалпы құны 745 миллион теңгелік 4 грантын жеңіп алғаны – өңір үшін бұрын-соңды болмаған құбылыс. Сонымен қатар, оқу ордасының 2 жас ғалымы Scopus (ELSEVIER) тарапы­нан ұйымдастырылған Орталық Азия үшін Scopus Award-2018 байқауында Best Researcher in Humanities номинациясында жеңімпаз атанды.
Бұған қоса, Bilig ғылыми журналының Clarivate Analytics (Tomson Reuters) және Scopus секілді алдынғы қатарлы әлемдік ғылыми мәліметтер қорында индекстелуі, «ХҚТУ хабаршысы» журналының БҒМ тарапынан ұсынылған журналдар тізіміне еңгізілуі – айтарлықтай жетістік. Өкілетті кеңес шешіміне сәйкес, өңірдегі әлеуметтік және экономикалық салалардағы зерттеу­лермен айналысатын Еуразия ғылыми-зерттеу институты университет құрамына қосылды.
Ғылым саласындағы жұмыстарға жаңа қарқын беру мақсатында БҒМ жас ғалым­дарға стипендия тағайындайды. ХҚТУ 3 шәкіртақы жеңіп алды. Гуманитарлық ғылымдар саласындағы зерттеу жұмыстары жетілдірілді. Археолог ғалымдар тарапынан өткен күзде Сығанақ қалашығында ауқым­ды зерттеулер жүргізіліп , соның нәтижесін­де бұл нысанның ЮНЕСКО мәдени мұра­лар қатарына қосу бастамасы іске асты.
Президиум тарапынан өңірдегі ауыл-шаруашылық саласын инновациялық биотехнологиялар әдістерін қолдана отырып дамыту және қола дәуірінен қазірге дейінгі Оңтүстік Қазақстандағы мәдени-генетикалық жалғасының мәселе­сіне қатысты екі жоба мақұлданды. Түркіс­тан аймағындағы ғылыми әлеуеті бар бағыт­тар қатарында ауыл шарушылығы, ақпараттық комминукациялық техно­ло­гия­лар, машина жасау, биотехнология, жаңа материалдар, энергетика, Қоршаған орта және табиғи байлық бар. Халықаралық деңгейде ЖОО-да жүргізілген рейтинг нәтижесіне сәйкес, ХҚТУ 41-орыннан 11-орын­ға көтерілген. Мұның бәрі аймақ­та­ғы ғылымның дамып келе жатқанын көрсетеді.

Қамалбек БЕРКІМБАЕВ

Дереккөз: Айқын