МЕРЕКЕЛІК КӨҢІЛ КҮЙ СЫЙЛАДЫ | «Айқын» газеті
«Нұр Отан» партиясының «Бақытты отбасы – бақытты балалық шақ» жобасы аясындағы кезекті шара Қарасай ауданындағы балаларға арналды.
Партияның Қарасай аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Жандарбек Далабаев балаларға арнап Жаңа жыл мерекесін өткізіп, шырша тойына жиналған балдырғандарға сыйлықтар тапсырып, мерекелік көңіл күй сыйлады.
Биылғы Жаңа жыл мерекесі «Апорт» ойын-сауық кешенінде ұйымдастырылып, балалар тамаша концертті көріп, өздері де өнерлерін паш етіп, ән айтты, би биледі. Шарапатты шараға арнайы шақырылған қонақтар ізгі тілектерін жаудырып, келе жатқан жылдың табысты болатынына сенім білдірді.
«Құрметті балалар! Жаңа жыл мерекесі сендерге тек жаңа жетістіктер, мерейлі мүмкіндіктер әкелсін. «Нұр Отан» партиясының «Бақытты отбасы – бақытты балалық шақ» жобасы аясында ұйымдастырылып отырған осындай шаралар жыл бойы жалғасын табады. Келер жылы нұротандықтар 20 жылдық мерейтойын атап өтпек. Сендер де осы партияда қызмет ететін аға-әпкелеріңе ізгі ниет, тілектеріңді білдірулеріңе болады. Үлгілі оқушы, озат ұрпақ болатындарыңа сенемін», – деді аудандық филиал төрағасы Жандарбек Далабаев.
Балалар атынан сөз алған Руслан Яковчук: «Бүгін біз үшін ұмытылмас сәт, ерекше мерекелі күн болып отыр. Мен өзім көптен күткен сыйлығыма қол
жеткіздім. Нұротандықтарға осындай қамқор көңіл, шынайы пейілдері үшін ризамын», – деп құрбы-құрдастарының алғысын жеткізді.
Мерекелік кеш ән шашуға, қызықты ойындарға ұласты. Аяз ата мен Ақшақар балалардың көңілін одан ары көтеріп, шат-шадыман күйге бөледі.
Болат АБАҒАН, Алматы облысы
Дереккөз: Айқын