«Қолымды қалай кессең де өз еркің, тек жанымды алып қал» – Бір қолымен әйелдерді тәрбиелеген Әлия

0

Бәрі, бәрі жақсы болады… Бүгінде адамдарға мотивация сыйлайтын түрлі кітаптар, семинарлар мен тренингтер өте көп. Алайда жастайынан қиындық көріп, өмірдің өткір сынағынан өткерген адамның бір ауыз сөзі мұндай тренингтерден әлдеқайда әсерлі. Дегенмен бес саусақ бірдей емес… Өмірдің тәттісін көріп өскен көптеген адамдар басына түскен кішкентай ауыртпалықты көтере алмай морт сынып кетіп жатады. Бірі өмірден баз кешіп, түңіліп, өмірінің соңын күтумен ғана уақытын өткізсе, біреулер өз өмірлерімен де қош айтысады. Бұл – бүгінгі қоғамның асқынған дерті… Алайда, түрлі қиындықтарға қасқайып қарсы тұра алатын адамдар да жоқ емес.

Әлия Досмұхан – елуді еңсерген Атыраудың қарапайым тұрғыны. Бірақ бұл кісінің намысқа бергісіз әрі ерге тән мінезі көпшілікке үлгі болуда. Жиырма жыл бұрын өндірістік жарақат алып, бір қолынан айырылған батыр әйел қазір адамдарға Инстаграм желісі арқылы — Alyiados парақшасы — экранның ар жағында отырып-ақ қыз-келіншектерге өмірлік ақыл-кеңесін айтып, тәрбиелік сабақ жүргізіп отыр. Осыған орай Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Әлия Досмұханмен сұхбаттасты.

– Әлия ханым, осыдан 20 жыл бұрын сұмдық оқиғаны басыңыздан өткеріп, бір ажалдан аман қалдыңыз. Бәрі қалай болды?

– Иә, арада жиырма жыл өтті. Осынша уақыт өтсе де, бәрі әлі көз алдымда, бір сәтін де ұмытқан емеспін. Екінші сыныпта оқитын ұлымды күндіз мектебіне апарып-әкелетін болғандықтан түнгі ауысымда істейтін жұмыс іздеп жүріп, макарон шығаратын зауытқа орналастым. 1998 жылдың 28 сәуірі болатын. Әдеттегідей түнгі ауысымдық жұмысыма кезекшілікке шықтым. Зауыттағы аппараттармен жұмыс істегенде сақтық шараларын ешқашан ұмытқан емеспін. Бірақ Алланың жазғаны сол болды… Кезекшілікте макарон өнімдерін шығаратын аппараттың жанында жұмыс істеп тұрып, «қондырғыда тұрып қалған қамырды қоқысқа кетпесін» деп шнекке (қамыр араластыратын темір — ред.) итеріп салып тұрған едім. Кенеттен саусағымның басынан шнек орап кетіп оң қолымды түгел жұлып түсірді. Кішкене күш салып арпалыспасам, бүкіл денемді айналдырып әкететін түрі бар. Содан бар күшімді салдым да, шнектен қолымды жұлып алдым. Сол кездегі үрейді бір сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

Шнекке қолым оралып кеткенде, жан дауысым шығып айқайлағанымды естіп жүгіріп келген қыздардың біреуі менің қансырап тұрған түрімді көріп есінен танып қалды. Мен сол кезде «Мынау қызды дереу алып кетіңдер, ана жаққа апарып бетіне су бүркіп, мені көзіне көрсетпеңдер» деп айтып үлгердім. Шақырған жедел жәрдем тез келе қоймағаннан кейін мені көлікке отырғызып ауруханаға алып барды. Әрмен қарай не болғаны есімде жоқ.

Бір көзімді ашсам, бетіне дәрігердің маскасын киген ақ халатты жігіт бетіме төніп тұр екен. Менің оянғанымды көріп: «Екеуіміз құрдас екенбіз. Мен саған ота жасап қолыңның қалған бөлігін кесуіме тура келіп тұр. Себебі, өте ұсақ сүйектер көп, емдеуге келмейді. Келісіміңді бересің бе?!» — деп сұрады. Мен бірден «Жаным аман қалатын болса, қолымды қалай кессең де өзің біл. 7 жасар ұлым бар, өзім анамнан ерте айырылып, өгей шешенің тепкісінде өскен адаммын.  Менің көрген қиындығымды ұлымның басына салмасын, ол анасыз жетім өспесе екен. Жанымды аман алып қала алсаң, қолым – жанымның садағасы», — деп жылап қоя бердім. Сол кезде «енді тірі қалмайтын болдым-ау»,- деп  жатып есімнен танып кеттім…

Құдай оңдап, ота сәтті өтіп, жансақтау бөлімінде бес күн жатып, есімді жидым.  Ауруханада бірнеше ай жатып емделдім.

– Күйеуіңіз бұл жағдайды қалай қабылдады?

– Ауруханада жатып өз-өзіме келгеннен соң «Мүгедек болып қалдым, не бала да туа алмаймын (бір бала босанғаннан кейін қайтадан құрсақ көтере алмайтын болып қалдым), бір күні күйеуім мені тастап кетеді ғой. Дұрысы, өзім рұқсатымды берейін» деген ойға келдім. Жолдасыма: «Жастық шағыңды қор қылма, мені таста да,  бақытыңды тап, саған ренжімеймін» — дедім. «Сенің есің дұрыс па? Не деп отырсың? Бұдан былай маған мұндай сөздерді айтпа», — деп ұрсып берді. Жылап жібердім.  Күйеуім де көз жасына ерік беріп: «Екеумізде әлі бәрі де жақсы болады, көр де тұр, бақытты отбасы боламыз. Ұлымыз екеуіміз саған қамқор боламыз, сені тастап кетпейміз», — деді. Ер азаматтың егіле жылағанын көрген қиын екен…

Сонда да «бір күні шаршаса кетіп қалар» деген оймен кез келген жағдайға өзім іштей дайындалып жүрдім. Алайда, жолдасым әлі күнге дейін маған қамқорлық танытып, жылулық сыйлап келеді. Бір рет болсын қабағын шытып, «әй» демеді.

Әлия

– Бір қолмен өмір сүруге қалай бейімделдіңіз? Бүгінде кез келген тірлікті өзіңіз бір қолмен істей бересіз, ол нәрсеге үйрену қаншалықты қиын болды?

– Ауруханадан шыққаннан кейін сол қолыммен қасық та ұстай алмайтын едім, сол кезде ашуланып жылап жіберетінмін. Жолдасым мені жас балаша жұбатып, өзі тамақтандырып жүрді. Кешке жұмыстан келіп өзі ас әзірлеп, үйдің шаруасын да өзі жасайтын. Ұлым кішкентай болса да әкесіне көмектесіп, екеуі маған барынша қамқор болды. Кейін біршама уақыт өткеннен кейін бұлай отыра беруге болмайтынын біліп, ақырындап үй шаруасына араласа бастадым.

Киімдерді бір ұшын тістеп тұрып сол қолыммен сығып, жаюды үйрендім. Ол кезде қазіргідей автомат кір машиналары жоқ, бәрін қолмен жуатын едік. Кейін ақырындап тамақ істей бастадым, үй жинауға кірістім. Әрине, басында өте қиын болды. Бірақ, бүгінде бәрін бір қолыммен жасай алатын жағдайға жеттім. Мұның бәрі, ең бірінші, қасымдағы жан жарымның қолдауының, соның мықтылығының арқасында болды.

Әлия

– Бұл – өндірістік жарақат. Яғни сіздің ем-домыңыздың бүкіл шығынын жұмыс орныңыз өтеп беруі міндетті. Ал сіздің бұл жарақатыңыздан кейін аурухана және басқа да шығындардың өтеуін басшылық өз мойынына алды ма? Және үкіметтен қандай да көмек болды ма сізге?  

– Иә, заң бойынша өндірістік жарақат алған кезде оның барлық шығынын жұмыс орны көтеруі тиіс. Алайда, бұл жағы өте қиын болды. Себебі, есімді жиғаннан кейін бастығым «менің ешқандай талап-арызым жоқ» деген қолхат жаздырып, нотариус арқылы  қолымды қойдырып алды. Өз-өзіме келе қоймаған мен оның расында да қандай қағаз екендігін жете түсінбей қол қойып бере салыппын. Нотариусқа барғанда ол жердегілер «ертең сізді алдап кетеді, келісіміңізді бермеңіз» деді. Мен сонда да «ер адам ғой, айтқан сөзінде тұрар» деп ойладым.

– Құзырлы органдар бұл іске араласты ма? Қандай шара қолданды?

– Бұл оқиғадан кейін іс көтеріліп, үйге полиция қызметкерлері келіп «Сіз алданып жатырсыз, дереу сотқа жүгініп өтемақы талап етіңіз» деп айтты. Мен сонда да бастығымның берген уәдесіне сеніп, «өзі көмектеседі» деп күткен болатынмын. «Мен үшін уәде өте қымбат болды, айтқан сөзінде тұрады» деп сенген едім. Бірақ, біршама уақыт өткеннен кейін бастығым менен жалтара бастады, бәрінен бас тартты. Ол  640 теңгені ғана 4-5 жылдай беріп отырды, өтемақы 1000 теңгеге көтерілгеннен кейін ол төлеуден бас тартты.

– 640 теңге?! Өтемақы мөлшері осындай болды ма?

– Иә, оның өзін бергенде де кемсітіп, кейде лақтырып беретін еді. Ол кезде жалақым 5000 теңге болатын, кейін комиссия мүшелері менің  жалақымның 70 пайызын  өтемақы ретінде төленуі керек екендігін айтты. Сонда 70 пайызы 3 500 теңге болу керек еді, «соның 2860 теңгесін үкімет төлеп отыр» деп қалған 640 теңгені төлеу басшылыққа міндеттелді. 4-5 жылдан кейін еңбекті қорғау туралы  органдарына хабарласқанда, «қазір жалақы өскен, демек өтемақының да бағасы өсуі керек» деді. Бастығыма барып соны айтқанымда, намысыма тиетін сөздер айтып, итке сүйек лақтырғандай етіп беретін болды. «Сенің намысың жоқ па, мың теңге үшін келіп тұрған, әлде бірде-бір туысың жоқ па, саған мың теңге бере алмайтын. Қайыршысың ба сен?» — деп түрлі әңгімелер айтатын.  5-6 айдай айына мың теңгеден алып отырдым да, кейін бармай қойдым.

2012 жылы мен ол кісіні сотқа бердім. Алматыдағы ортопедиялық орталыққа келіп, қаралып, протез салдыртуым керек болды. Жалпы шығынын есептегенде,  жол, тұрақтайтын орын, ем-домы бар – бәрі 300 мыңдай болды. Ондай ақша қолымызды мүлде жоқ. Ол кезде күйеуіміз және баламыз үшеуіміз не жарығы, не суы жоқ темір контейнерде тұрдық. Ал ол орталықтағы мамандар «жұмыс орным сол ақшаны төлеп береді» деп ойлады. Айына мың теңгені бере алмай отырған адам 300 мыңды қайдан берсін?!

Протезсіз екі жылдай жүрдім, кейін қатты ауырып, орнымнан тұра алмай қалдым. Қай ауруханаға барсам да,  құжаттарымды көрген дәрігерлер «Сізде өндірістік жарақат, ақылы емханаға барып емделуіңіз керек» дейтін. «Ақылы түрде емделетін ақшам жоқ» десем, «Шығынды  жұмыс орныңыз төлеуі керек» деп қоймайтын. Ал басшылықтың жағдайы түсінікті. Қаражатым жеткенше ақылы емделіп жүрдім де, кейін өзімді-өзім емдейтін болдым. Содан 2012 жылы қатты ауырдым. Дәрігерге барсам, сол баяғы әңгімелерін айтады. Шыдай алмай жылап жібердім де «Маған өлтіретін укол салып өлтіре салыңдаршы» дедім. Балам студент еді, тек жолдасым ғана жұмыс істеді.

Кейін амал жоқ, сотқа жүгіндім. Ақырында жеңіп шықтым. Сот ай сайын 48 600 теңге өтемақы төлеп және протездерімді алып беріп тұруға, шипажайға жіберіп тұруға міндеттеді. Кейін екі-үш ай өткеннен соң бастығым «өндірісті жауып жатырмын, жұмыс тоқтады» деп өтемақы бермейтін болды. Кейін тиісті органдарға жүгінгеннен кейін мені «екінші топтағы мүгедек» деп тіркеді. Жыл сайын шипажайға жіберіп және протезімді алып беріп тұратын болды. Бүгінде Үкіметтен төлемақы алып отырмын.

Сіз жұмыс істеген өндіріс орны расымен де жабылды ма?

–Шынымды айтсам, ол өндіріс орны әлі де жұмыс істеп тұр. Бастығым сол кезде оны сатып жіберді ме, ағайындарының атына аударып қойды ма, ол жағы  белгісіз. Бірақ  өндіріс жұмысын тоқтатқан емес. Одан бөлек бұрынғы басшымның кафе секілді бірқатар бизнесі бар.

Бүгінде көп адамдар инстаграм желісін түрлі жолдармен өздеріне оқырман жинау үшін пайдаланады және сол арқылы ақша тауып отырғандар да аз емес. Ал сіздің парақшаңызда оқырманның саны 45 мыңнан асады. Сіз  парақшаңызды қандай оймен аштыңыз?  

–Бұрындары мен мұндай әлеуметтік желінің бар екенін білмейді екенмін. Кейін 49 жасқа толғанда жолдасым маған осы смартфонды сыйға тартты. Балам болса, «осындай әлеуметтік желі бар, сізге керек болып қалар, ішіңіз пысқанда қарап отырасыз» деп тіркеп берген. Инстаграмның қыр-сырын мүлде түсінбейтін мен ары-бері ақтарып отырып «Үшбу хат» деген парақшаны тауып алдым. Сөйтсем, ол жерге адамдар өздерінің есімін жасырып басынан өткен оқиғасын айтып, сол арқылы халықтан ақыл-кеңес сұрайды екен. Кейін мен де басымнан өткен қиындықтарымды, өгей шешеден көрген қорлығымды жазуды ойладым. Инстаграмда отырғандар мені де көріп, оқып отырады деп ойлайтынмын. Сөйтсем, ол кезде бар-жоғы оншақты оқырманым болған екен ғой, оның өзі – туыстарым мен достарым. Содан өз өмірімді жаза бастадым. Түнде отырып таңғы 7-ге дейін жаздым. Содан кешке дейін телефоныма қайта-қайта хабарламалар келе береді. «Бір нәрсені жазып, бүлдіріп қойдым ба?» деп зәрем ұшты. Өшіріп тастайын десем, білмеймін, ақыры баламның келгенін күттім.  Сөйтсем, балам менің инстаграм парақшама кірді де, таңқалды: «Анашым, сізге бір күнде мың жарым адам жазылыпты», — деді. Менің жазбамды адамдар көріп, бір-біріне таратып, оқырманы көп блогерлер өз парақшаларына бөлісіп қойған екен. Солай бір аптаның ішінде танымал болып шыға келдім. Әлеуметтік желі дегеннен мүлде бейхабар мен бүгінде инстаграмның майталманы болып алдым (күледі – ред). Өзімнің өміріммен бөлісіп отыруды ғана ойлағанмын басында, басқа ешқандай да мақсатым болмады. Кейін барлық қиындықпен қалай күрескенімді бөлім-бөлімге бөліп жазып жүрдім.

Әлия

Сізге өз проблемаларын айтып көп адамдар хат жазады, олардың бәрін қалай іріктейсіз?

–Адамдар өздерінің проблемаларын айтып, түрлі хаттар жаза бастады. Шамам жеткенше ақылымды айтып, кейбір мәселелерді парақшама салып, халықтан көмек сұраймын. Кейін оқырмандарым «Әркімнің оқиғасын парақшаңызға шығара бермеңіз» деп шамдана бастады. Сонан соң тек өзіме қатты әсер еткен хаттарды жариялап, қалғандарына жауап беріп, шамам келгенше ақылымды айтып, кеңес беретін болдым.

Өзіңізге қатты әсер етіп, жүрегіңізді елжіреткен бір оқиғамен бөліссеңіз…

–Бір жас келіншектің тағдыры маған қатты әсер етті, себебі ол оқиға  менің өміріме ұқсайтын. Жастайынан анасынан айырылып, ол да өгей шешесінің қорлығын көріп өскен. Кейін әкесі көз жұмғаннан соң, өмірі тозаққа айналады. Ақырында мүлде шыдай алмай, өз-өзін өлтірмек болып, пойыз жолдың рельсінде отырған жерінен жігіті келіп алып кеткен. Жігіт ата-анасына жағдайдың бәрін түсіндіріп, сол қызды үйіне келін қылып түсіріп алған. Басында бәрі жақсы болғанымен, уақыт өте келе ата-енесі де қызды жақтыртпай, тіпті кейін қол жұмсайтын болған. Бір күні атасы аямай таяқтың астына алған кезінде күйеуі көріп қойып, әйелін алып бөлек шығып кеткен. Өмір бір айналдырса, шыр айналдырады емес пе… Біраз уақыт өткеннен кейін күйеуі де көз жұмған екен.

Өмірінде көрген бар қорлығын маған жылап отырып айтып берді, оның да әңгімесін парақшамда бірнеше бөлімге бөліп жарияладым.

Қазіргі таңда көптеген адамдар, әсіресе тепсе темір үзетін, он екі мүшесі сау жастар еш қиналмай, ақша табудың оңай жолын көздеп түрлі қитұрқы іс-әрекеттерге баруда. Қыздар көше кезіп, тәнін саудалайды, ал жігіттер ұрлық жасап, ақыр соңында опық жеп жатады. Олардың қай-қайсынан сұрасаң да «Мен бұл қадамға әдейі өз еркіммен барған жоқпын, өмір сүруім үшін ақша қажет, бұдан басқа ешқандай амалым болмады», — деп жауап қатады. Тағы басқалары жасы келген ата-анасына масыл болуда. Оларға  айтарыңыз бар ма?

–Баланың қандай тұлға болып қалыптасуы, ең бірінші, тәрбиеге байланысты деп ойлаймын. Жақсы тәрбие көрген адам жаман жолға түспейді.  Әрине, адамның өмірінде түрлі қиындықтардың болатыны анық. Бірақ Құдай ешкімге өзінің шамасынан артық сынақ жібермейді ғой. Қазіргі таңда моральдық тұрғыдан әлсіз адамдар көп. Кішкене қиындыққа шыдай алмай, морт сынады. Сынаққа төзіп, сабыр қыла білген адамдар түбінде жақсы нәтижеге қол жеткізеді. Ал өмірдің тепкісіне төзе алмай, жүргендер езіліп, қор болып қалуда.

Сіздің үнемі есіңізден шығармай, айтып жүретін сөзіңіз?..

– «Бәрі, бәрі жақсы болады». Бұл – үнемі өзіме де, өзгеге де айтатын сөзім.. Бұл сөз бүгінде менің өмірлік ұраныма айналды. Түннің артынан қашан да жарқырап күн шығады. Тек адамдар соны сабырмен күтіп, сәл төзімділік таныта білсе екен деймін…

Әңгімеңізге көп рахмет!

Әлия

«Қамшы» сілтейді