Ауырғанда денені арақпен ысқылауға бола ма?
Әссәләмуғалейкум! Ауырғанда яки бала-шаға ауырғанда үстіне арақ жақса бола ма, ыстығын түсірүге? Айтайын дегеним, арақ харам ғой! Талғат Әуелбаев.
Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Имам Ағзам Әбу Ханифа бойынша, арақ — ішуге тыйым салынғанымен, нәжістер қатарынан саналмайды. Өйткені, бидайдан жасалған ішімдіктер — нәжіс емес.
Әйткенмен «Барлық көп ішкенде мас ететін ішімдіктердің азы да харам әрі олар — нәжіс» дейтін Имам Мұхаммедке қарағанда, арақ та «ауыр нәжістер» қатарынан.
Ендеше, арақпен ысқылаудың денедегі ыстықты тез түсіретіндігін әрі қысқа уақыт ішінде ұшып кететіндігін, оның үстіне нәжіс ретінде саналмайтындығын назарға ала отырып: ауырғанда арақты денеге жағудың күнәсі жоқ деуге негіз бар.
Әйтсе де, денедегі ыстықты түсіру үшін мүмкіндігінше бірден харам затқа жүгіргеннен гөрі алдымен адал саналатын арнайы медициналық препараттармен ем-дом жасауға тырысқан абзал. Одан қайтпаса, немесе жазылуы созылып кетсе аталмыш тәсілге жүгінген жөн.
Қосымша мәлімет…
Бүгінгі мәселеге қатысты қосымша мәлімет айта кетер болсақ, ескі Ханафи фиқһ кітаптарында ғалымдардың мынадай сөздері келтіріледі:
«Харам нәрседе шипа бары білінсе, әрі одан өзге дәрі табылмаса, қолдануға рұқсат»
«Харам нәрседен ем іздеуге болмайды, егер онда ем бары білінбесе. Ал, білінген болса және одан өзге дәрі табылмаса, рұқсат».
«Науқас адамға ем үшін зәр ішуге, қан ішуге рұқсат, егер мұсылман бір дәрігер онда ем барын айтқан болса және оның орнын басар өзге адал нәрсе табылмаса».
«Егер, мұсылман дәрігер харам заттан тез емделесін деп айтса, ол жағдайға қатысты екі пікір бар (бірінде – рұқсат; екіншінде — рұқсат емес, адал затты қолдану керек)»[1].
Абдусамат Қасым