Әлем махаббаттан жаралған, ал махаббат мәңгілік…
−Шыңғыс Төреқұлұлы, сізді қазіргі ғаламдық жаһандану дәуірінде қырғыз елінің келешегі, тағдыры қалай толғандырады?..
− Бүгін әлемнің өзі күрделіленіп кетті, біз ойлағаннан да басқа тұрғыда шиеленісіп барады. Қалай болған күнде де адам өз жаратылысына сәйкес ең әуелі өзінің кіндік қаны тамған жерін, елін, өлкесін ойлайды, содан соң барып жалпы дүние туралы ақыл екшесе керек… Шындығында біз адамзат дәуірінің өте бір шиеленіскен шегіне келдік. Тарихтың өзгермелі, құбылмалы небір мысалдарын білсек те, сол тарихты жаратқан адам қашанда алдыңғы орында тұратыны белгілі. Бір жолғы сұхбатымда «Біз дүниені, дүние бізді өзгертті» дегенім бар еді. Шындығында өмірдің парадоксы осында. Кейде адам өз қолымен жасағанды өз мойнымен көтереді. Жаһанданудың өзі адам ақылының туындысы болса да, сол адамның алдына күрделі сауалдарын тартып отырған жоқ па. Қайткен күнде де жаһандану процесі – бұл ғаламат нәрсе, күллі дүниені қамтыған шексіз процесс. Шекспирден тартып Достоевскийге дейін рух шырақшылары «Адамдағы адамгершілікті іздеген». Біз адам жан-дүниесіндегі асыл қасиеттерді, адамдықты сақтап қала алғанда ғана жаһандану процесі пенде тіршілігінің алдына келешек туралы күмәнді сауалын тастамайтын болады. Менің ойымша бүгінгі суреткер, көркем интеллектуал міндеті адам табиғатындағы рухани ізгілікті сақтап қалуда.
Баяғыда бізге сұмдық болып көрінетін оқиғалар сонау алыста жүріп жатқан болса, енді қасымызға келіп, тура тұмсығымыздың астында ғаламдық оқиғалар театры ойнап жатыр. Олар анау Ауғанстан, Ирак, НАТО-ның құлаш жаюы, діни экстремизм, қытай факторы, терроризм. Дүние шыр айналып, жаңа бұрылыстарға бетбұрыс жасады. Қазір бізді тек ұлттық мәселелер ғана жарға тақап отырған жоқ, әлемдегі шынайы картинаның екпіні де түрлі ойларға салады. Өзімізше мемлекетпіз, еркінбіз дегенімізбен біздің ой-санамызға бас имеген, бірақ өзімен еріксіз есептесуге мәжбүр еткен мәселелер алдыңғы қатарға шықты. Осы тұрғыдан қарайтын болсақ, алдымызда толып жатқан қиын жағдайлар болуы мүмкін. Біз әлемге әрдайым әлемдік биіктіктен қарауға міндеттіміз. Біздің әлемдік интеграцияда орнымыз, алған бағытымыз болуы керек. Ал енді бүгінгідей күрделі кезеңде ұлттық тар шеңбердегі мәселелерді ғана шешумен айналысу, бұл – өзіңді өзің бұрышқа тақаумен тең деген сөз. Қайтадан «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» хикаятымдағы «Біз, адамдар бәріміз бір қайықтамыз, алдымызда ұлы мұхит» деген терең ойды қайталағым келеді. Қайткен күнде де осынау адамзат қайығын бүгінгі шат-шәлекей заманның толқыны иіріміне салып әкетпесе екен дейміз. Мына қым-қуыт жағдай мемлекетті басқа соқпаққа бұрып жібермей ме? Біз қалайда өзіміздің тарихи, мәдени дінімізден, ұлттық ділімізден танбауымыз керек.
−Біз қаншалықты ұлттық тіліміз туралы сөз қозғағанымызбен, мәселенің түйіні тілде ғана емес, тіл арқылы ұлтты сақтап қалудан тұратыны белгілі. Осы тұрғыдан алып қарағанда, сіздің ойыңызша, ұлттық тіліміз өлкенің ресми тұрмысынан шеттетіліп қалған жоқ па?
− Тіл жөніндегі сөз ең әуелі ұлт жөніндегі сөз дей аламыз. Қай ұлт болмасын оның мәңгілік өмірі тілінде. Қырғыз тілі қырғыз баласына ананың сүтімен дарыған деп қабылданатыны белгілі. Тілге қиянат жасау – ұлтқа қиянат жасаумен тең деп бағалануы керек. Мына біз тілімізді мемлекеттік тіл деп жарияладық, қырғыз тілі мемлекеттік тіл деп жар салып жатамыз. Әттең, заң жүзінде ғана осындай. Іс жүзінде қалай?! Қай жерге барма – бәрі орыс тілінде.
Біз орыс тілін көпір, байланыс құралы ретінде пайдаланғанымыз лазым. Ал енді қырғыз тілі бұл түпкілікті елдің тілі, бұл тіл өз шаңырағында дамымаса, қайда дамиды? Коммунистік жүйенің тұсында, әміршілдік-әкімшілік режімнің өкімі жүріп тұрғанда ана тіліміздің проблемасын алғашқылардың бірі болып көтергенмін. Ол кезде тіл туралы сөз айту ұлтшылдық болып саналатын. Маған сол кезде кейбір басылымдар ұлтшыл деген атақ жапсырып, ұлттық тілді сақтап қалу туралы ойларымды істікке шаншығанын бәрі біледі. Ұлттық тіл мәселесін жазушы ретінде мен көтеріп шықпасам, басқа кім көтермек?! Шындығын айтайын, тіліміз үшін басымды беруге де дайын едім.
Тіл мәселесі қазір де өзектілігін жойған жоқ. Әлі де күн тәртібінде. Тілді сақтап қалудың, оны одан әрі дамытудың бірден-бір факторы ұлттық тіл – мемлекеттік саясаттың негізгі атрибуты ретінде өз елінің ресми өмірінде жаңаша қолданылуы керек деп ойлаймын. Біз ұлттық тілімізге ыңғайлы ортаны қалыптастырмай тұрып оны дамыта алмаймыз. Тіл саясаты балалар бақшасынан Жогорку Кеңештерге дейін, өкіметтік жиын, протоколдарға дейін жүргізілуі керек. Ұлттық тіліміз қаншама ғасырлардан бері ата-бабаларымыздан бізге қалдырылған ен байлық, ұлы дәулет. Демек біздің міндет оны кейінгі ұрпаққа жеткізу. Егер біз тілімізді кие тұтып, оны кейінгі ұрпаққа жеткізе алмасақ, тіл ғана емес, тұтастай ұлт жоғалып кетеді. Тіл алдындағы жауапкершілік қатардағы бұқарадан тартып, жоғарғы билік өкілдеріне, Президентке дейін бірдей. Егер бұл жауапкершілікті сезінбесек, онда жақсылық жоқ. Рас, ұлттық тілдің ғана шеңберінде шектеліп қалудың өзі де прогреске алып келмейді. Қазіргі өзгермелі дүниеде бірнеше тіл білу тұрмыстық қажеттілік ретінде саналуда. Міне, осы жайтты ескере келе мен мынадай бір формула шығардым: әзір қос үзеңгінің заманы, екі үзеңгіні теңестірмейінше алға жүре алмайтынымызды естен шығармайық.
− Бір жолы сіз «қырғыз тілі оң қолым, орыс тілі сол қолым» деп айтқан едіңіз. Соңғы кездері шығармаларыңызды «сол қолыңызбен» жаза бастадыңыз, мұның өзі сол қол жүрекке жақын деген ұғымнан келіп шыққан жоқ па?
− Жоқ. Қазіргі заманда тіл – коммуникацияның ғана емес, дүниетанымның да басты құралына айналды. Біз қалаймыз ба, қаламаймыз ба, көбіне орыс тілі арқылы әлемді танып, әлемдік мағлұматтардан тартып, дүниежүзілік қарым-қатынастарға дейін осы тіл арқылы араласып жатамыз. Гәп ең әуелі тілде емес, ділде. Адам өз тілін ділінде кие тұтса, ол ешқашан ана тілін керексіз етіп кете алмайды. Қырғыз баласына бұл екі тіл бір құстың қос қанатындай. Тіл адам баласының таным көкжиегін кеңейткен қасиетті күш. Қырғыз тілі мен үшін Отан-Ана, кіндік қан тамған жер сияқты киелінің киелісі. Мен бұл ғұмырымда қайсыбір биік шыңға шыға алдым десем оны ана тілімнің ұлы рухының қолдағаны деп білемін.
− Шыңғыс Төреқұлұлы, ұлы есімді жарату оңай , бірақ оны ұстап қалу әлдеқайда қиын. Осы сұрақты Габриель Гарсиа Маркеске бергенде, ол бұл сұрақтың бірінші бөлігі оңай, екіншісі едәуір қиын. деп жауап берген екен. Ал сіз қалай жауап берер едіңіз?
− Енді бұл сұрақтың жауабы мені ыңғайсыз жағдайға қалдырады. Бұл дүниеде сізге не қиын десе, өзіме өзім баға беру, өзім туралы айту деп жауап берер едім. Еуропа − Финляндиядан бастап, сонау Германияға дейін түрлі тілде сөйлейтін индустриалды кеңістікте қандай тіл болса, сол тілдердің барлығында шығармаларым жарияланды. Әрине, бір рет шыққан жазушылар көп, бірақ қайта-қайта басылып, шығып жатқан жазушылар жоқтың қасы. Олардың қатарында менің жазғандарымның болуы, әрине мен үшін үлкен қуаныш. Еуропа еш уақытта авторитетті танымаған, ешқандай авторитетке қарамаған, адамдарды тек нақты еңбегімен ғана бағалай білген. Күнтәртібім Құдайдың құтты күні түрлі кездесулерге толы. Әрбір кездесуде жаңа әлеммен танысқандай боламын. Мұның өзі тікелей байланыс, рухани байланыс. Қандай кездесу болса да, әуелі «қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматов» деп айтылады. Бұл сөзді өзім де естіп, туған жерімді арманның сәйгүлігімен бір шауып өткендей боламын. Осындай кездері түрлі сөздер айтылады. Қырғызстан туралы айту керек болады, олар қызыға тыңдайды, мен айтып беремін. Осындай әңгіме барысында еуропалықтар алыстағы Қырғызстан туралы мәлімет жинақтайды. Біреуі естіп, екіншісіне айтады. Бұл жолы да оннан астам кездесу жоспарланған. Кездесулерді менің аудармашым Фридрих Хицер ұйымдастырады. Айтайын дегенім, мен Еуропада тек қана елші емес, рухани байланыстардың да елшісіндей қызмет етіп келемін. Себебі, біз екі дүниенің бұлағын бір-біріміз үшін ашуымыз керек. Онсыз рухани көпірді сала алмаймыз.
− Біз қаласақ та, қаламасақ та даму жолын басқа елдердің тәжірибесі арқылы таңдап алуымыз керек. Жапондар «Еуропа білімі, жапон рухы» деген бір ғана формуламен дамыды. Күншығыс елі техникалық дамуға ден қойғанымен ділін берген жоқ. Жапондардың ұлттық ерекшелігі осында! Ұлттық рух қастерленіп, сақталып келеді.
− Әрине, бұл өте үлкен мәселе. Оған жүйелі тұрғыдан қарау керек. Қай мемлекеттік жүйе мен бағытты таңдап алсақ та, ең әуелі мемлекеттің байлығы – халқымыз үшін гуманизм жақтасы саясатты таңдап алуымыз қажет. Мемлекет те осы халық, ел үшін құрылған. Дұрыс, басқалардан үйренбейінше дами алмаймыз, бірақ үйренгеннің өзінде де олардың тәжірибесі бізге дайын рецепт бола алмайды. Мысалы, менің таластық жерлестерім түйебұршақты егіп, жаз бойы ерінбей еңбек етіп, маңдайтерін төгіп, енді рақатын көрейін дегенде олардың түйебұршағын ешкім алмайды. Неліктен? Нарыққа сонда қандай жол арқылы барамыз? Нарық дегеніңіз тек есеп-қисап қана емес, әлемдік сұраныс пен талапты зерттеп, білуді талап ететін ерекше жүйе. Жапондарды айтып отырсың, олар ешуақытта нарықтың талабын білмейінше тәуекелге бармайды. Ал біз болсақ, ептеп бір амалын табармыз деген психологиядан құтылуымыз керек. Нарықтың осындай қатал жағы бар. Әлемдік тәжірибе − біздің жолымызды ашатын тәжірибе. Иә, жол бар, жолды өзіміз таңдауымыз керек. Қазіргі даму «селі», технопрогресс − ұлттық ерекшеліктерді жойып бара жатқан қауіпті тенденция. Прогрестің көлеңкелі жағы да бар. Адам дүниесінің артықшылығы оның көп дауыстылығында, түрлілігінде, түрлі тіл мен ұлттардың болмысында. Адам өмірін біркелкі ету деген − оның жеке тұлғалық ерекшелігін жоюмен тең. Бір мәдениеттің гегемониясы ешуақытта әлемнің үйлесімін сақтап тұра алмайды. Мен жазушы және жалпы адам ретінде әлемдік мәдениеттің біркелкі болуына қарсымын. Айтайын дегенім, рухани өмірде ғана емес, мемлекеттік модельдің өзінде де ұлттық ерекшелігімізді сақтап қалуымыз керек. Жаңа айтылған жапондардың мысалы бізге сәйкес келеді. Әрине, демократиялық мемлекеттердің негізгі идеясы да көп түрлілік пен қарама-қарсылықты мақсат етеді. Әлем бірізді, жүйелі дамыса – сол нағыз даму жолы болады!.. Даму барысында өркениетке қосылатын жолды, өзімізді өзіміз жоғалтып алмайтын жолды таңдап алуымыз керек. Ең бастысы, өзіміздің ерекшеліктерді сақтап, сол арқылы әлемнің даму бағытына бейімделе білуіміз керек. Сол кезде өз жолымыздан, бағытымыздан адаспайтын боламыз…
− Сіздің ойыңызша, өмірдің қадірі неде? Осы өмірге қайта келер болсаңыз, не істер едіңіз?
− Қайта туып, қайта өмірге келу бұл тек қиял-арманда ғана айтылады. Бұл өте үлкен философиялық мәселе. Өмірдің қадірін әркім өз бетінше табуы керек. Ал мен өмірдің қадірі сенімде деп айтар едім. Әрбір адамның өзінің құпия сенімі бар. Ол сенім оны жақсылыққа, тазалыққа ғана емес, бұл дүниеге келуіндегі мақсатына жетелейді.
− Авиценна айтқан екен, мен ең мықты дәріні таптым, ол – сенім деп…
− Дұрыс. Адамда сенім болмаса, оған күн де, түн де, ай да, өмір де мардымсыз тірліктей көрінеді. Өмірдің нағыз тірегі – сенім, бақыты да – сенім.
− Қасиетті кітапта да «Сенімсіз адам – шайтан» деп айтылады.
− Сенім деген тек қана көр пенделік сенім емес, ол – бұ дүниенің құндылықтарына деген сенім, ұлы құндылықтарға деген сенім. Сол құндылықтардың біреуі – өмір. Өмірдің қадірі – құндылығында. Жаратқанның пендесіне берген ең жоғарғы сыбағасы өмір деп білсек, демек, біз оның бағасын да, қадірін де таразыға салуымыз керек. Адамдардың арман-қиялы да, үміті де өмір сүрген уақытына қарай өзгереді. Мен қайта бұл өмірге келсем, неден бастар едім деп кейде ойлайсың. Неден бастаушы едік? Кеше балаларға айттым, машина дегеніңіз сіріңкемен бара-бар болып қалыпты… Біздің жастық шағымызда машина ерекше бір құндылықтай көрінуші еді, өссек шопыр боламыз деп айтатынбыз. Бір жолы Райхан Шүкірбеков мен барған балабақшаға келіп: «Төреқұлдың баласы, сен өскенде кім боласың?» деп сұрады. «Шопыр боламын» дедім. Сол кезде машинаны көрсек, артынан қалмай жүгіруші едік, соншалық үлкен жаңалық болатын. Қазір жас балалардан сұрасаңыз, олардың ойлары мүлдем басқа. Адамдардың қиялы, ой-арманы өзінің дәуіріне қарай өзгереді екен. Сол кезде бұл керемет жаңалық болатын.
− Кезінде Толстойдан «Бұл дүниедегі өмір бойы іздегеніңіз не?» деп сұраса, ол «шындық» деп жауап беріпті. Сіз суреткер ретінде, сөз шебері ретінде өзіңіздің шындығыңызды таба алдыңыз ба?
− Шындықты таптым деген адам жаңылады. Шындыққа ұмтылу, шаршамастан ұмтылу керек. Ұмтылу – шындыққа қарай апаратын жол. Шындық та осы жолдай, басы жоқ, аяғы жоқ. Жолдың бәрі шындыққа апармайды. Ол жол – қиын, машақаты көп. Бірақ тұрмыстағы, өмірдегі, тарихтағы негізгі шындық – жақсылыққа, гуманизмге ұмтылу. Адам өзінің тұрмысын шындыққа негіздеуі керек.
− «Шындық – ақыл-ойдың ең жоғарғы сатысы» дегенге қалай қарайсыз?
− Адам баласы ақыл-ойынан, шындықтан айрылып қалса, неге айналатынын «Ғасырдан да ұзақ күнде» жаздым. Бұған мәңгүрттен артық мысал келтіре алмайсыз. Адам ақыл-есінен айрылғанда, өзінің туған анасын өлтіруден де тайынбайды. Ақыл-ойдан ажырап қалған мәңгүрттер менің шығармамдағы кейіпкерлер болса, қазір шын адамдарға айналды. Осы әлемнің түкпір-түкпірінде жанкештілікке барып, адамдарға қарсы террор жүргізіп жатқандар мәңгүрт емей не болғаны?
− Шыңғыс Төреқұлұлы, аттасыңыз Шыңғыс хан өз дәуірінде қылыштың күшімен дүниені бағындырса, сіз әлемді қаламның ұшымен «бағындырдыңыз». Ойыңызша тиран мен генийдің айырмашылығы неде? Бұл өмір қанша қарама-қайшы болса да, тарихта екі адамның аты ғана мәңгілікке қалады. Біреуі тиран, екіншісі гений.
− Тиран мен генийді салыстыруға болмайды. Бірақ өзің айтқандай, тарих бүгін бізге кімнің гений, кімнің тиран екендігін көрсетсе де, біреуінің аты ұлылықпен, біреуінің аты қарғыспен ауызға алынады. Тиран деген – қарғыс. Халықтың қаны арқылы өзінің билігін орнатқан, байлық жинаған, билікке де, байлыққа да тоймайды. Тирандар күллі әлем аяғыма жығылса деген оймен елдерді басып алып, өркениетті талқандаған. Өркениетті кері бұрған тирандар –адам танығысыз жыртқыштар. Билікті көз жасының мұхитынан, көл-көсір ағызған адам қанынан орнатқан. Олардың аты тарихта қалды, бірақ ол есімдер қарғыспен айтылады. Гений − жаратушы. Олар адамзатқа жаңалық, жаңа күш, жаңа көркем дүние жасаған, пайғамбар тәрізді адамдар.
− Әлемдік әдебиет тарихында ұлы жазушылар Гете, Достоевский, Толстой, Томас Манн, Булгаков өздерінің шығармашылық шыңына жеткенде дінге, «Құдайды іздеуге» бет бұрған. Сіз де соңғы шығармаларыңызда негізгі атрибут ретінде дінге қайтып келдіңіз. Осындай бет бұрысты сіз қалай түсіндірер едіңіз?
− Дін – ұлық. Оның ұлылығын жалпы адамзат дамуының призмасы көрсетті. Әлемде қаншама мемлекет талқандалып күлге айналды, қаншама өркениет жермен жексен болды. Уақыт, дәуір ауысты, ал дін болса адамның санасынан өшкен жоқ. Бұл діннің ұлы қасиеті. Әлемнің, адамның сырын діннен іздейміз, өзіміздің жан-дүниемізді тазартудың қасиетті күшін діннен іздейміз. Сол себепті мен өзім шамам келгенше ойланамын, дін деген не? «Дінге қаншалықты берілу керек?» «Дінге қаншалық сену керек?» – деп. «Кассандраның таңбасы» деген романымда осы сауалдарға жазушы, адам ретінде жауап іздегенмін.
Қазір әдебиет белгілі жобамен дамымай, сюжетпен жүрмей, адамның ақылына, сезіміне, түсінігіне, рухына әсер етудің басқа жолын таңдап алды. Қазіргі таңдағы әдебиет адамдарды ойландырады. Жазушы бұрынғы таныс сюжеттерден гөрі, күрделі ойларды көбірек келтіреді. Сонымен қатар оқырмандарды тазартуға, жаңа әлемнің сарқылмас мүмкіндіктерін ашуға бағыттайды. «Кассандраның таңбасы» осындай әрекетімнің бір мысалы. Құран да, Библия да адамның жан-дүниесін тазартуды, тура жолды көрсетуді көздейді. Бұл жағынан әдебиет ерекше міндет атқарып келеді.
− Сіздің қай шығармаңызды алсақ та, «Жәмила», «Ғасырдан да ұзақ күн», «Қош бол, Гүлсары!» немесе «Қызыл алма» болсын, сіз махаббатты дәріптеп келесіз. Махабатты сүйе білген адам ғана дәріптей алады деп айтады. Адам өміріндегі бұл сезім туралы да өз ойыңызды естісек дейміз.
− Махаббатсыз өмір жоқ. Махаббат сезімін айтып бітіре алмайсың, бітпейтін тақырып. Әлемдегі ұлы істердің барлығы махаббаттың құрметіне арналған. Әлем де, адам да сүюден жаралған, ал махаббат мәңгілік!
− Сіз шетелде көп жүріп қалдыңыз. Туған жер, туған ел туралы ойлайсыз ба?
− Ойламағанда. Ой-санамның барлығы сол жақта. Әрине, туған елді, туған жерді сағынамын. Бірақ әр нәрсенің шегі бар, ақыр аяғы ерте ме, кеш пе өз еліме қайтармын.
− «Ең мықты кітап алдыда» деген сөзге қалай қарайсыз?
− Дұрыс. Мен де кейде ойланып қаламын. Уақытым аз, әрі-бері жүруім көп. Бірақ жазушының табиғаты сондай екен, әлі жазылып бітпеген шығармаң өзіңе басқаша көрінеді. Сол шығарма жазылып бітсе, жаңалық, жаңа үміт бола ма деп ойлайсың. Шынымен ең мықты кітап әлі алдыда.
Әңгімелескен Сұлтан РАЕВ,
Қырғыз Ел жазушысы, драматург
2004 жыл
Дереккөз: http://egemen.kz/