БИЫЛ 37 МЫҢ АДАМ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

0

Алматыда «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» басшылығы арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, 2018 жылды қорытындылап, алдағы иек артар белестерге шолу жасады. Банк басшылығы қойылған сауалдарға бүкпесіз жауап беріп, жетістіктерімен бөлісті.

Биыл «Тұрғын үй құрылыс жинақ бан­кі» үй сатып алуға арналған заем­дардың санын рекордтық межеге бір-ақ жеткізген. Яғни, жыл бастал­ғалы бері 36 790 салымшы жаңа бас­па­на­ға ие болып, қоныс тойын той­лапты. Был­тыр­­ғы көрсеткіш 28 673 заем болатын. Сон­дықтан ит жылын­да әлдеқайда өсу ныша­ны байқалады. Банк келер жылы да бұл жетістікті есе­лей өсіріп, салымшылар жинағын арт­тыра түсуге мүдделі.
– Биыл 370 мыңға жуық қазақ­стан­дық жаңа депозит рәсімдеді, бұл банк тарихындағы рекордтық көр­сеткіш ретінде тіркелді. Ал 2018 жылы баспанаға қол жеткізген 36 790 от­басы­ның 42 пайызы жаңа үйді бас­тапқы нарықтан сатып алса, 52 пайы­зы қайталама нарықтағы пәтер­лерді еншіледі. Сонымен қатар бас­панаға ие болғандардың басым көпшілігі Астана қаласында тұрады. Бас шаһарда 7739 отбасы жаңа үйге кірді. Алматы қаласы бойынша 5786 отбасыға баспана бұйырды. 3696 несие рәсімдей алған Ақтөбе облысы үздік үштікті түйіндейді. Сонымен бірге, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қара­ғанды облыстары да баспанаға қол жеткізу бойынша белсенділік көр­сетті, – дейді «Тұрғын үй құрылыс жи­нақ банкі» басқарма төрайымы Ләз­зат Ибрагимова.
Төрайымның айтуынша, банк өз жұ­мысын бастаған уақыттан бері 170 000-ға жуық қазақ­стан­дыққа баспа­налы болуға көмектескен.
– Қазіргі таңда біздің банкте 119 мың несие бар болса, соның ішінде 27 мың заемшының айлық табысы – 50-100 мың теңге аралығында ғана. Ал 19 мың заемшы 100-140 мың теңге көлемінде жалақы алады. 13 мың клиент айына 50 мың теңге табыс­пен-ақ несие рәсімдеп, пәтерге қол жет­кізді. Яғни, біздің жинақ жүйе­сінің ерекше әрі тиімді шарт­тары аза­мат­тар­дың аз жалақы­мен де бас­паналы болуына жол ашады. Ай сайын депозитіне тұрақты түрде ұсы­нылған соманы салып отырған клиент үшін төлем қабілетін растау тәртібі біршама жеңілдетіледі, – дейді басқарма төрайымы.
Биыл берілген банктің әр төртін­ші несиесі «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында рәсімделіпті. Осы бағытта 2018 жылы 8165 отбасы баспаналы бол­ған. Ал жалпы аталған мемлекет­тік бағдар­лама жұмыс істегелі бері 12 700 қазақстан­дық пәтер кілтін қолға алыпты. Осы және өзге де жағымды жаңа­­лықтар жайында басқарма төрайы­мының орынбасары жария қылды.
– Банк осы жылы әскери сала қыз­меткер­лерін де баспанамен қам­ту туралы жаңа бағдар­ла­маны қолға алған болатын. Осы бастама аясында 1900 заем әскери қызметшілерге берілді. Жоба сәтті жүзеге асуы үшін банк өз тарапынан бұл бастамаға 98 млрд теңге бөлді. Ол ақшаның 24 мил­лиарды осы уақытқа дейін екінші деңгейлі банктерден алынып келген заемдарды қайта қаржылан­дыруға бағытталған. Әскерилерге арналған заемдар 6-8 пайыз мөлше­рінде рә­сім­­делді. Заем өтеу есебіне мемле­кет­тің әскери қызметкерлерге арнап бө­летін тұрғын үй төлемдері бағыт­тал­­ды, – дейді «Тұрғын үй құры­лыс жи­­нақ банкі» басқарма төрайы­мы­ның орынбасары Жанар Жұбания­зова.
Қазақстандықтардың баспаналы болуына елеулі үлес қосып, қазіргі кезде нарықтағы белсенді ұйымға айналған Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің қазақстандық ипотекадағы үлесі 63 пайызға жетіп отыр. Осыған қарамастан ең төменгі NPL деңгейі де осы банктің еншісінде. NPL – уақы­тылы өтелмеген, өтеу мерзімі 90 күннен асып кеткен заемдар санын анықтаушы көрсеткіш. Қазір банк­тегі аталған көрсеткіш – 0,22 пайызға тең. Ал қазақстандық банктер арасындағы орташа деңгей – 8,17 пайыз шамасында. Бұл ретте банк салымшы­лары­ның белсенділігі һәм жауапкершілігі де жоғары бағалауға тұрарлық.
Банк ұзақмерзімді салымдар на­ры­ғында да көш бастауда. Қазірге дейін Тұрғын үй құрылыс жинақ бан­кінде 1,2 миллионнан астам де­позит ашылыпты. Ең қызығы әр сегізінші депозит 18 жасқа толмаған баланың атынан ашылған. Бұл да салым­шылардың белсенділігінен хабар берсе керек. Осы жылы жаңа депозит рәсім­де­ген қазақстандықтар саны – 368 530. Барлық депозитте жиналып тұрған қаражат көлемі – 596,3 млрд теңгені құрайды. Салым­шы­ларды ынталандыру үшін оларға бір жыл ішінде шотқа келіп түскен қаражаттың 20 пайызы мемле­кеттік сыйлықақы есебінде беріліп отыра­ды. Аталған сыйақы 200 айлық есеп­тік көрсеткіштен, яғни 481 000 тең­геден аспайтын салым сомасы негі­зінде есептеледі екен. Бұл тұрғы­дан алғанда 2018 жылдағы ең жоғары мемлекеттік сыйақы мөлшері 96 200 теңгеге жеткен.
Баспасөз мәслихаты барысында банк өкілдері күн санап қатары өсіп келе жатқан банк салымшыларын ақпараттандырып, оларға тиісті әрі ыңғайлы қызмет ұсыну мақсатында қызмет көрсетудің озық үлгілерін пай­даланып жатқандарын да жеткіз­ді. Бұл тұрғыда барлық заманауи техно­ло­гиялар қолға алынып, аза­маттарды тың әрі пайдалы жаңа­лық­тармен қамту аясы әлдеқайда кеңейе түскен. Бизнес-процестерді үздіксіз оңтай­лан­­­дыру – банктің басты ұста­нымы. Сол үшін жаңа сервистер мен қыз­мет­тер енгізіліп, банк бауырын жазып нарық­тағы үздік қаржылық ұйым­дар­дың біріне айнала алды. Мәселен, осы жылы видеобайланыс арқылы кеңес алу, депозитті онлайн ре­жимде сатып алу мүмкіндіктері ұсы­нылды. Депо­зит­ті сатуға және са­тып алуға арналған онлайн табыс­тау қызметінің көме­гі­мен 1000 адам шот иесі атанып, 5 пайыз көлеміндегі мөлшерлемемен заем алған. Ал бөлімшеге келіп әуре болмай-ақ «ЖССБ 24» интернет-банкинг жүйе­сі негізінде қызмет алатын клиенттер саны едәуір артқан. Қазір 500 мың­дай азамат аталған интернет-бан­кингті қолданады. Бұл сервистің көме­гімен заем өтеу кестесін қарап, шот жағдайы туралы анықтама алып, ең жоғары мемлекеттік сыйақы алу үшін қанша ақ­ша салу керек екенін біліп, депозит то­лықтырып және не­сие өтеуге бола­ды.
Жиын соңында банк басшылығы қызмет көрсету үрдісін келер жылы одан ары жеңілдету жолында күш жұм­сайтынын айтып, баспанаға қол жет­кізуді армандап жүрген азамат­тарды салымшы атануға шақырды.

Абай АЙМАҒАМБЕТ

Дереккөз: Айқын