Уашингтон қытайлық «ZTE» және «Huawei» құрылғыларын қолдануға тыйым салмақ
АҚШ президенті Дональд Трамп америкалық компанияларға қытайлық «ZTE» және «Huawei» құрылғыларын сатып алуға және қолдануға тыйым салмақ.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, Ақ үй басшысының осы мәселеге қатысты жарлығы қаңтарда жарияланады. Құжатта қытайлық құрылғылар «елдің ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді» деп көрсетіледі. Ресми Уашингтон аталған компаниялар Қытай үкіметіне жұмыс істейтінін және құралдарына тыңшылық үшін жасырын қондырғылар орнатқанын айтты.
АҚШ қытайлық ірі технология компаниясы саналатын «Huawei» құрылғыларын қарашада қатаң тексеруден өткізген болатын. Америка барлау қызметкерлерінің айтуынша, «Huawei», «ZTE» сынды технология компаниялары Қытай үкіметінің шетелдердегі тыңшылық мүмкіндіктерін арттырады. АҚШ үкіметі лауазымдыларының «Huawei» жабдықтарын кеңінен пайдаланатын одақтас елдердегі мемлекет қызметкерлерімен және телекоммуникация саласының басшыларымен тығыз байланыс орнатып отырғанын айтты. Сондай-ақ, оларға желі қауіпсіздігінің маңыздылығы туралы ескертті. Ал Қытай тарапы бұл мәселеге қатысты мәлімдеме жасаған жоқ. Осыған дейін екі компания да тыңшылыққа қатысты айыптарды жоққа шығарған.
Айта кетер бір жайт, 6 желтоқсанда «Huawei» компаниясы басшысының қызы және қаржы директоры Мың Ванжоу Уашингтонның сұрауы бойынша Канада мемлекетінде тұтқындалған. Мың Ванжоу Американың Иран еліне салған сауда санкциясын орындамағаны үшін қамауға алынды. Бұл істі қараған Нью-Йорктегі Шығыс округ соты компанияның тыңшылық әрекеттері дәлелденген соң, «Huawei»-мен жасалған шетелдік келісімшарт бұзылатынын айтты.