Халық көңілінен шыққан стратегиялық құжаттар

0

Ауқымды міндеттер, маңызды бастамалар. Бірінші кезекте Елбасының жыл басында жариялаған «Төртінші өнеркәсіп­тік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауына тоқтала кетер болсақ, онда индустрияландыруды жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналдыру сынды маңызды мәселелер қозғалды. Сондай-ақ Елбасы 5 жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын кем дегенде 2,5 есеге арттыруды тапсырды.

Бұлардан бөлек, Жолдауда көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру, транзиттен түсетін жыл сайынғы табысты 2020 жылы 5 миллиард долларға жеткізу, ауылдық елді мекендерді сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін барлық қаражат көздерінен жыл сайын кем дегенде 100 миллиард теңге қарастыру қажеттігі атап көрсетілді.

Әлеуметтік төлемдерді, соның ішінде зейнетақыны өсіру 3 миллионнан астам қазақстандықтың табыстарын көбейтеді. Мүгедектерге, асыраушысынан айырылған және мүгедек балалар тәрбиелеп отырған отбасыларына арналған жәрдемақылар 16 пайызға дейін өсті. 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы еңбек өтіліне байланысты орташа алғанда 1,8 есе көбейетін болады (Жолдаудан – ред.)».

Сондай-ақ Елбасы 2018 жылдың 1 шіл­десінен бастап кәмелетке толған, бала кезінен І топтағы мүгедектерді бағып отырған ата-аналар үшін қосымша мемлекеттік жәрдемақыны енгізуді, мұғалім мәртебесін арттыру мақ­сатымен білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен ұстаздардың лауазымдық жалақысын 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 30 пайызға көбейтуді тапсырды. 

Бірегей бес бастама. Осы жылғы 5 наурызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуі жарияланып, ол қоғам тарапынан үлкен қолдау тапты. 

Тарата айтар болсақ, аталған үндеуде әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру, жалақысы төмен жұмысшылардың еңбек­ақысын көбейту үшін олардың салық жүк­темесін азайту, жоғары білім алудың қол­жетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту, шағын несие беруді көбейту, елді газбен қам­тамасыз ету жұмыстарын жалғастыру сынды маңызды әлеуметтік бастамалар қамтылды.

Бұл көрсетілген бастамалар бойынша тиісті шаралар қолға алынып, Үкімет, мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы билік, бизнес-қауымдастық және азаматтық қоғам басты міндеттерді орындауға жұмыла кірісті.

Жұртшылық  жылы  қабылда­ған қадамдар. «Қазақстандықтардың əл-ауқаты­ның өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арт­­тыру» атты Жолдауында Мемлекет бас­­­­шы­сы бі­рін­ші кезекте Үкіметке 2019 жыл­дың 1 қаң­­­та­ры­нан бастап ең төменгі жалақы­ны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіру­ді мін­дет­теді. Мұның түрлі меншік нысан­дарын­дағы барлық кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1 мил­лион 300 мың адамның еңбекақысына тіке­лей қатысы бар. Сондай-ақ бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін 275 мың қызметкердің еңбек­ақысы көбейіп, орта есеппен 35 пайызға өседі. 

Сонымен бірге бұған дейін қабылданған «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын 2025 жылға дейін ұзарту мәселесі күн тәртібіне шығарылды. Сол үшін жыл сайын қосымша кемінде 30 миллиард теңге бөлу қажеттігі атап көрсетілді. Бұл өз кезегінде 3 жыл ішінде қосымша кемінде 22 мың жаңа жұмыс орнын ашуға, 3 триллион теңгенің өнімін өндіруге мүмкіндік бермек. 

Жолдауда тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығы мен табиғи монополиялардың қызметі үшін белгіленетін тарифтер саласында тәртіп орнату мақсатымен батыл шаралар қабылдау қажеттігі де аталды.

Тағы бір ерекше тоқтала кетер жайт, халық­тың тұрмыс сапасын арттыру бағытында ма­ңыз­ды міндеттер күн тәртібіне қойылды. Сон­дықтан 5 жыл ішінде білім, ғылым, денсау­лық сақ­тау салаларына барлық көздерден жұм­­сала­тын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейін жеткізу қажеттігіне екпін берілді. Қоры­та айтқанда, 2018 жылы да Елбасы тарапы­нан еліміздің уақыт талабына сай дамуын­а кеңінен жол ашқан, халықтың әл-ауқатын, тұрмыс сапасын арттыруға ба­ғыт­талған тиімді бастамалар жүзеге асып, олардың барлығы ел игілігіне айналды.

Жолдыбай БАЗАР,

«Егемен Қазақстан»

Дереккөз: http://egemen.kz/