ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ӨЗІН ОҢАЛТУ КЕРЕК

0

Жаңақала ауданының орталығындағы ауданаралық оңалту орталығының бүгінгі жай-күйін баяндау үшін әңгімені тым арыдан бастауға тура келеді. 

…Әлқисса, Қазақстанның батыс аймағындағы «Капустин Яр» және «Азғыр» полигондары – АҚШ пен КСРО арасындағы пәленбай жылға созылған Қырғи-қабақ соғыстың «таңсәрісінде» пайда болған әскери нысандар. Бұлардың екеуі де ядролық қаруға қоса, ұшақтар мен зымырандарды сынауға арналған. Кеңес өкіметінің 1947 және 1952-53 жылдардағы шешімімен «Капустин Яр» полигоны үшін Батыс Қазақстан облысының Жаңақала, Орда аудандарының аумағынан 1 555 784 гектар жер бөлінген. Ал «Азғыр» полигоны және «Капустин Ярдың» «Тайсойған» бөлігі үшін Атырау облысы да бір жарым миллион гектар жерін құрбандыққа шалуға мәжбүр болды. Осындай факторлардың салдарынан бір ғана Батыс Қазақстан облысында 12 ауылдық кеңес, 20-дан астам шаруашылық таратылды. Шаңырағы ортасына түскен шаруашылықтардың қатарында кезінде маршал Буденныйдың өзіне тікелей бағынған №67 жылқы зауыты және Қазақстандағы ең ірі №88 түйе зауыты да бар. «Пәле-жала малмен кетсін, бас аман болсын» дейтін тәубешіл халықпыз ғой, алайда ең сорақысы – әскери мүдде үшін ел аман, жұрт тынышта 28 мыңнан астам жергілікті тұрғын (дені – қазақтар) «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға» ұшырады. Ай мен күннің аманында олар жылы орындарын суытып, шалғай аймақтарға қоныс аударуға мәжбүр болды. Тіпті біраз отбасы Шымкент облысына дейін көшірілген. Мәселен, солардың бірі белгілі ақын Қайрат Жұмағалиев қаршадай бала кезінде майдангердің жесірі анасымен бірге Шымкент облысынан бір-ақ шыққан. Бұған қоса ол жақтың аптап ыстығына шыдай алмай әрі арықтан ішер ауызсудан індет тарап, Нарын құмынан көшіп барғандардың біразы қайтыс болған көрінеді. Бұл жайттарды көзі тірісінде Қайрат ақынның өз аузынан өз құлағымызбен естідік. Сол зобалаңды басынан кешірген бүгінде көзі тірі куәгерлердің айтуынша, көптеген нарындықтарға кір жуып, кіндік кескен жерлерін қайтып көруді тағдыр жазбапты…
Зымырандық сынақ пен ядролық жа­рылыстарға қарсы Батыс Қазақстан облыстық «Нарын» қоғамдық қозғалысы 1992 жылы құрылды (қозғалыстың қазіргі мәртебесі – «Нарын» қоғамдық бірлестігі). Осы құ­рылымның тұрақты жетекшісі, тыл және еңбек ардагері Кәкен Көбейсіновтің қолындағы дерек бойынша, еліміздің батыс аймағында
39 ядролық жарылыс жасалған екен. Ол кісі мұндай мәліметтерге жылдар бойы Ресей ядролық орталығы мен Ресейдің Қорғаныс министрлігіне іздетіп сұрау салу арқылы тірнектеп жинаған. Сөйте тұра әлгі жинақтаған (39 жарылыс) нақты шындықтан кем болуы мүмкін екенін Кәкен аға жоққа шығармайды. Өйткені жоғарыда сөз болған ресейлік екі мекеменің кейбір мәліметтерінде әжептәуір алшақтық бар. Енді еліміздің батыс аймағына жататын Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарында болған 39 ядролық жарылыстың жай-жапсарын жіктеп-жіліктеп көрелік.

Қолдағы қазіргі бар мәлімет бо­­йын­­ша «Азғыр» полигонында 17 же­р­­­астылық, «Капустин Ярда» ауада (атмос­ферада) 11 жарылыс болған. Бұ­ларға қоса бейбіт мақсатта деген желеумен Батыс Қазақстан облы­сын­дағы Қарашығанақ кенішінің аума­ғында 6, Қазталов ауданында 1, Ақ­тө­бенің Байғанин ауданында 1 және Маңғыстау облысында 3 жер­астылық ядролық жарылыс жасалған.
Батыс Қазақстан облысы Ресейдің Астрахан, Волгоград, Орынбор, Са­мара, Саратов облыстарымен шекте­сетіні белгілі. Енді мына «қызыққа» қа­раңыз. Орал өңірінің Астрахан, Орын­бор, Самара облыстарымен шек­арасына таяу маңда 6 (алты) ядролық жарылыс жүзеге асырылған. Бұл жары­лыстар әскери құжаттарда «Тоцкие лагеря», «Регион-1», «Регион-2», «Де­ди­ровка» (екі жарылыс), «Вега-1» деген бүркеншік атаулармен тіркелген. Бұлар Ресейдің жерінде жасалғанымен, шын мәнінде, Батыс Қазақстан облысының шекарасы төңірегінде, әрі жел міндетті түрде Ресей жақтан соққан күндері орындалған. Тілге тиек болып отырған қос полигон кезіндегі құпия әскери нысандар екенін жоғарыда айтып өттік. Қазір оларда ядролық жарылыстар тыйылғанымен, ұшақтар мен зымыран­дарды сынау әлі де жалғасуда. Ресейлік деректерге сүйенсек, осы уақытқа дейін «Капустин Ярда» 25 мыңға жуық зе­нит­тік басқару зымырандары сыналыпты. Солардың 619-ы ауада жарылған. Ал әрбір зымыранның салмағы 50 тоннаға жуық екенін ескерсек, экологиялық нұқсанды елеп-екшеу еш мүмкін емес­тей көрінеді. 1996 жылы Ғылым ака­демиясына қарасты Батыс Қазақстан бөлімінің Орал ғылыми орталығы Батыс Қазақстан облысындағы поли­гон зардаптарын анықтау жөнінде зерттеу жүргізді. Құрамына академик В.Киянский (химик, «Нарын» бірлес­тігінің мүшесі), профессор А.Кене­сариев (медицина) секілді белгілі ғалымдар енген комиссияға академик-радиолог И.Частников жетекшілік етті (реті келіп тұрғанда айта кетелік, «Азғыр» полигоны мен «Капустин Ярдың» Тайсойған бөлігінің Атырау облысына әкелген қасіретін анықтаған комиссияны Санкт-Петербордан келген профессор Турчин басқарды).
Ядролық жарылыстардың қор­ша­ған орта мен адам денсаулығына өте-мөте зиян екені – бүгінде еңбектеген сәбиден еңкейген кәріге дейін мәлім мәселе. Қазақстанның батыс аймағы мен Батыс Қазақстан облысына таяу Ресейде жүзеге асырылған «бейбіт» мақсаттағы жарылыстардың салда­ры­нан жер астында шұңқыр-қуыстар пай­да болған. Алда-жалда осы шұңқыр­ларға су құйылса, ондағы ядролық қалдықтар радиоактивті сұйықтыққа айналады. Біздегі дерек бойынша «Азғырдағы» 9 шұңқырдың жетеуі әлгін­дей сұйықтыққа толы. Сондай-ақ Қа­рашығанақтағы шұңқырлардың екеуі улы сұйыққа көлкіп тұрған көрінеді.
Қазақстан ядролық физика инсти­туты ғалымдарының айтуынша, Батыс Қазақстан мен Астрахан облыстарының қиылысында «Вега» деген атаумен жасалған 13 ядролық жерасты жары­лыс­тарының қалдығы қазірдің өзінде жер бетіне шыға бастағаны байқалған. Ал Азғырда диаметрі 600 метр жасанды көл пайда болған көрінеді. Одан мал су ішеді, ал ондай су ішкен малдың етін адам жейді, арғы жағын өзіңіз айтпай-ақ түсінерсіз…


Ендігі кезекте академик 1996 жылы И.Частников жеткшілік еткен ко­миссияның қадау-қадау тұжырымда­рына назар аударалық.
1. Сайқын, Шоңай, Сейітәлі елді­мекендеріндегі су көздері мен құдықтар суының химиялық зияны өте жоғары деңгейде, ішуге мүлдем жарамсыз (Сайқын – 5000-нан астам тұрғыны бар Бөкей ордасы ауданының орталығы);
2. Бөкей ордасы ауданында қазіргі заманғы медицина ғылымына белгілі ауру-сырқаудың 17-сінің 14 түрі ұшырасады;
3. Осы ауданда тыныс жолдары мен жұқпалы аурулардың кесірінен бір жасқа дейінгі балалардың шетінеуі жоғары деңгейде;
4. Қазақстан бойынша сәби өлімі жөнінен ең жоғары көрсеткіш Батыс Қазақстан облысының оңтүстік (Бөкей ордасы, Қаратөбе, Жәнібек, Жаңақала) аудандарына тиесілі. Мәселен, Қара­төбе ауданында 1987-96 жылдар аралы­ғында дүниеге келген әр 1 000 сәбидің 85-100-і көп ұзамай көз жұмған;
5. Балалар мен ересектер арасында тыныс жолдары, қан айналымы, жүрек, асқазан, жүйке, сезім ағзаларының дерті өте жиі ұшырасады.
6. Соңғы алты жылда жүйке ауруы­на ұшырағандардың саны 1,5-1,6 есе көбейген.
Полигондарды жабу керек деген кесімді ұйғарымға келген беделді ко­миссияның қорытындысына дәл осы тұста қосарымыз – бұл күндері Батыс Қазақстан облысының оңтүстік аудан­дарында өмірге кембағал болып келген мың жарымға жуық адам өмір сүруде. Көзбен көру түгіл, олардың фото­суреттеріне қараудың өзіне жүрек керек. Сонда олардың не жазығы бар, обалы кімге?
Кезінде Махамбет пен Исатай әлеуметтік әділеттік үшін қылыш көте­ріп, ат ойнатқан Нарын құмын мекен­деген ел-жұрттың бүгінгі мұң-зарын Кәкен аға 2000 жылдың 15 ақпанында жеке қабылдауында болған кезде елі­міздің Президенті Нұрсұлтан Назар­баевқа баяндады. Ауыл-аймағының аманатын жеткізген ардагер азамат тапсырған құжаттарға Елбасы «Поли­гондар және олардың адам денсау­лығына әсері туралы қорытынды материал дайындаңыздар. Мемлекет пен ел-жұрттың мүддесі ескеріліп, біз алатын шаралар белгіленсін» деп бұрыштама соққан екен. Бертін келе Президенттің тапсырмасы бойынша Денсаулық сақтау, Білім және ғылым, Қоршаған ортаны қорғау секілді үш бірдей министрліктің өкілінен аталған мәселеге қатысты жұмыс тобы құрыл­ды. Бұл топтың басты мақсаты «Азғыр» және «Капустин Яр» полигондарының Қазақстанның батыс аймағының та­биғаты мен тұрғындарының денсаулы­ғына зиян-залалы жөнінде түпкілікті қорытындыға келу болатын. Міне, осындай халық пен биліктің мүдде тоғысы нәтижесінде 2009 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұйыт­қы болған «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы негізінде және халықтың сұрауымен, Парламенттегі жергілікті депутаттардың мәселе етіп көтеруімен «Капустин Яр», «Азғыр» полигон­да­рынан зардап шеккен батысқазақ­стандықтарды сауықтыру мақсатында Жаңақала ауданының орталығында
100 орынды «Ауданаралық сауықтыру ауруханасы» оңалту орталығы ашылған болатын. Орталықта бүгінгі таңға дейін 14 мың адам ем-дом алып, денсаулығын нығайтқан екен. Оңалту орталығында қазір 5 дәрігер, 28 медбике, екі емдік денешынықтыру маманымен қоса, 71 техникалық қызметкер, барлығы 106 қызметкер қызмет істейді. Орталықтың негізгі емінің көзі – емдік денешы­нық­тыру жаттығулары. Сонымен қоса тұзды шахтамен емдеу, оттекті кок­тейль, балшықпен, парафинмен емдеу, қауыз, бальнеологиялық тұзды ванна, сылап-сипау (массаж) және тағы да басқа ем-дом түрлері бар.
Батыс Қазақстан облысының тұр­ғындарымен қоса, еліміздің өзге өңір­лерінен, тіпті көршілес Ресейден де дертіне дауа іздеп келген науқас жандар осы оңалту орталығынан денсаулығын нығайтып қайтып жатады. Бұл уә­жіміздің нақты айғағы ретінде облыс­тық, аудандық газеттерге жиі жария­ланатын ел-жұрттың алғысхаттары мен оңалту орталығының ұжымына рақмет айтып, ризашылық білдіріп жазған емделушілердің пікірлерін аталған мекемедегі төрт томға айналған алғыс­кітапты айтар едік. Бұл орталыққа бал­дақпен келіп, орталықтың көрсет­кен ем-домының арқасында өздігінен жүріп кеткен науқастар да баршылық. Солардың бірі – республикалық ерекше тәуекелді сарбаздар қоғамының төрағасы Есім Бектілеуов. Сөйте тұра жалпақ жұртқа жаққан оңалту орта­лығының бүгінгі жағдай адам аяғандай. Осының мән-жайын білмек болып аталған мекеменің директоры Қобылан Бекеновті әңгімеге тарттық.
– Біздің орталық 2009 жылдан 2016 жылға дейін әр адамды 20 күннен, жы­лына 1 500 адамды емдеуге жоспар­лап, сол үдеден шығып келді. 2016 жы­­­лы бұл көрсеткішті емдеу күнін 14 күн­ге қысқарту арқылы, қабылданатын адам санын 2 250-ге жеткіздік. Сөйтіп, өз тірлігімізбен табатын қаржымыз да жылдан-жылға көбейе бастағандай еді. Бұрын бізді медициналық қызметтерді қаржыландыру комитеті қаржылан­дырушы еді. Олар 2016 жылы 144 млн теңге бөлсе, 2017 жылы бұл қаржыны 169 млн теңгеге жеткізді. Бірақ осы 2018 жылдың қаңтар айынан бастап біздің орталық медициналық сақтан­дыру қорына ауысып, қаржымыз рес­публикалық бюджеттен бөлінетін болды. Сол себепті Денсаулық сақтау министрлігінің 2018 жылдың 5 қыр­күйегіндегі №10 қаулысы негізінде жаңа стандарттар бекітілді. Осы стандартқа сәйкес қазір бізге біркүндік жатын орынға 4264,89 теңге тиесілі. Осы қаржыға ем алушының жататын орны, тамағы, емі және мекеменің газы, жарығы, суы секілді коммуналдық қызметімен қоса, қызметкерлердің жалақысы да кіреді.


Бұл қаражат әрине, аздық етеді. Міне, осы жағдай қызметімізге кері әсерін тигізіп жатыр. Бұл мәселені Парламент депутаттарына да, облыс басшыларына да жеткізген едік. Бүгінгі таңда мәселені шешу жолы ретінде жылына қабылданатын адам санын көбейтуді ғана тапсырып отыр. Қазір жылына қабылданатын адам санын тағы да 211 адамға көбейттік. Бұл әдіс­тің де кемшін тұстарын көріп отырмыз. Жылына қабылданатын адам саны артқандықтан, кезек көбейіп, ем алу­шыларды қабылдай алмай, қолайсыз жағдай орын алып жатады. Қаржы мәселесіне байланысты бүгін орта­лық­та оңтайландыру жүргізіп жатырмыз. Тиісті 123,5 штат болса, оңтайландыруға байланысты қазір өз еркімен жұмыстан шыққан қызметкерлердің орнына қызметкер алмай отырмыз. Сонымен қоса, дәрі-дәрмекпен емдеу үдерісін тоқтатып, физиотерапияның көкжие­гін кеңейтудеміз. Қауыз арқылы емдеу­ді де қазір тоқтатып қойдық. Себебі, қауызды ұстап тұру үшін айына 100 мың теңге қаржы керек. Сондай-ақ ем алушыларға берілетін азық-түліктің айран, жеміс-жидек секілді түрлері де кей кездері кешеуілдеп жеткізіледі. Өйткені азық-түлік мәселесін тендер арқылы жеңіп алған ауданның кәсіпкерлеріне дер кезінде ақша аудара алмай отырмыз. Ал олар айналымға түсетін қаржылары уақытында аумағандықтан, азық-түліктің кейбір түрлерін кешіктіріп жеткізуге мәжбүр.
Мемлекет басшысының отандас­тарымызға жолдаған жаңа Жолдауында медицина саласына жіті көңіл бөлу қажетін қадап айтқаны үміт отын жақ­қандай болды, – деген орталық ди­­ректоры Жаңақала ауданындағы оңалту мекемесіне Денсаулық сақтау ми­нистрлігі оң көзқарас танытпаса, оның оңалуы екіталай екенін жасырмады.
Осы мәселеге орай ем алушылардан пікір алмақ ниетпен оңалту орталығын аралап жүрген кезімізде ескіріп, тозығы жеткен жиһаздарды да көзіміз шалды. Сұрастыра келе, бұл жиһаздар орталық құрылғаннан бері еш жаңартылмағанын білдік. Жиһаздар түгілі, емдеу аппа­раттарының өзі де сол ашылған кезден бері ауыстырылмаған екен. Жиһаздар тек ұжымның ұқыптылығының арқа­сында қирап қалудан аман тұрса, емдеу аппараттары жыл сайын облыс ор­талығынан келген арнайы маман­дар­дың жөндеуінің нәтижесінде ілекерге жарап тұрған көрінеді. Ал медицина саласына қатысты техника мен техно­логия атаулы қазіргі заманда қарыштап дамып жатыр. Демек, Жаңақала ауда­нындағы ауданаралық оңалту орталы­ғының мұң-мұқтажына еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің басшылығы жанашырлықпен қарар деген үміттеміз…

Пікір

Есенболат ИХСАНОВ,
зейнеткер:


– Жаңақаладағы ауданаралық оңалту орталы­ғына биыл алтыншы рет келуім. Бұл орталықтың емімен қатар, медбикелер мен дәрігерлердің мейі­рімділігіне біз, науқастар дән ризамыз. «Жақсы сөз жанға дауа» дегендей, келгеннен бастап жылы қабақ танытып, үлкенге, науқасқа деген құрметі бізге ерекше ем болады. Мұнда келген әрбір науқас ауруларына шипа тауып, тек қана алғыс айтып кетіп жатады. Дегенмен оңалту орталы­ғының ертеңі үшін алаңдаймыз. Медбикелерден естіп те, күндегі алатын емдеріміздің кейбіреулерінің қысқарып жатқандығынан да орталықтың қаржысының кеміп кеткенін байқап жүрміз. Біз секілді буыны сырқырап, белі қақсаған үлкен кісілер үшін бұл орталық – таптырмас оңалту орны. Осы орталыққа жатып, ем алып шыққаннан кейін жанымыз тынығып, тәніміз сауығып қалады. Енді бұл орталықтың қаржы мәселесі тез арада шешілмейтін болса, үкіметтің қыруар қаржы жұмсап ашқан мекемесінің ертеңі бұлыңғыр болары сөзсіз.

Амангелді УӘЛИЕВ,
Жәнібек аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:


– Жәнібек ауданынан осында арнайы келіп, ем алып тұрамын. Биыл оңалту орталығына бесінші рет келіп тұрмын. Бұл жердің ауасының өзі – бір керемет шипа. Таңертең тұрып алып ғимаратты айналып, таза ауасын жұтып, жүріп келемін. Соның өзіне керемет бір тынығып қала­мын. Ал мекеме ұжымына айтар алғысымнан бас­қа еш уәжім жоқ. Жылда келгенде бойыма үл­кен күш жинап, бір серпіліп қайтамын. Облы­сымызда осындай орталықтың барына қуаныш­тымыз. Ауылдас қарияларға да үнемі келіп демалуға кеңес беріп жүремін.
Шынын айту керек, кейбіреуіміз тіпті үйімізде мұндағыдай тамақтан­бай­мыз. Бес мезгіл тамақтанамыз, уақытылы ем аламыз, содан басқа біз­дей үлкендерге не қамқорлық керек?! Алайда көп науқастың ауруына ем таба білген орталықтың жағдайы осы күнде нашар екенін, жыл сайынғы бөлінетін қаржы-қаражаттың кеміп кеткенін естідік. Әрине, бұл қуантарлық жаңалық емес. Елбасымыздың мұғалімдер мен медицина қызметкерлеріне жағ­дай туғызу керегін айтып, жыл сайын Жолдау жолдап жатқанын бұқа­ра­лық ақпарат құралдарынан естіп, біліп отырмыз. Осыған орай Жаңақа­ла­дағы оңалту орталығына да тиісті деңгейде көңіл бөлінетініне өз басым сенімдімін.

Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,
Нұрғали ҒАББАСОВ,
Батыс Қазақстан облысы

Дереккөз: Айқын