Педагог проблемасы көтерілді | «Айқын» газеті

0

Мәжілістің жалпы отырысында «Нұр Отан» фракциясының мүшесі Ж.Нұрманбетова Үкімет басшысы Б.Сағынтаевқа депутаттық сауал жолдап, білім беру саласында шешілуі созбалаңға салынып кеткен мәселелерге тоқталды.

«Бұл мәселені таяуда әлеуметтік желі­лерде жарияланған хатында өскемендік мұғалім Оксана Александрова көтерді. Онда бүкіл кәсіби педагогтар қауымы үшін өзекті және «Педагог мәртебесі ту­­ралы» заң жобасын әзірлеу кезінде
ес­­ке­рілуге тиісті мәселелер көрініс тап­қан», – деген депутат мұғалімнің сол хаты­нан үлкен үзінді келтірді.
Біріншіден, О.Александрованың мәліметінше, дәптерлерді тексергені және сыныпқа жетекшілік еткені үшін ұс­таздарға берілетін үстемеақы мөлшері мұ­ғалімдердің интеллектуалдық және уақыттық шығындарына мүлдем сәйкес келмейді. Мәселен, сыныпқа жетекшілік үшін қосылатын ақы айына небары
4 000 теңгені құрайды. Ал міндет ауқымы зор. Оған күнделіктерді тексеру, әртүрлі іс-шаралар өткізу, сынып сағаттарын, сон­дай-ақ музейге, театрға саяхаттарды ұйым­дастыру, ата-аналар жиналысын дайын­­дау, ата-аналармен және бала­лар­мен жеке әңгіме жүргізу, сенбіліктерге қатысу және басқа да шаралар кіреді.
Күніне 50 дәптерді, оқушылардың формативтік жұмыстарын, карталарды, суммативтік жұмыстарын тексеру небәрі 3 500 теңгеге бағаланады.
Айта кету керек, ұстаздардың мек­теп­тердегі еңбегіне лайықты ақы төлеу мәселесі 2017 жылы Мәжілістегі Үкімет сағатында талқыланды және үстемеақы төлеу жүйесін қайта қарау туралы ұсы­нымдар берілді.
Бұл ретте мұғалімдердің педагогтік жүктеме аясындағы жұмысының мар­дым­сыз бөлігіне ғана ақы төленеді. Ал сыныптан тыс жұмыстары мүлдем қар­жы­ландырылмайды. Оның үстіне, кани­кулдағы демалысы сан алуан іс-шара­лар­ға, кеңестерге, есептерге шығын­далады.
Екіншіден, электронды есептілік сыр­тында қағаз түріндегі есептерді әзір­леуге де мұғалімдердің көп уақыты жұм­салады. Олар сондай-ақ жоғары тұрған органдар үшін мәліметтер жинаумен ай­налысады. Ұстаздар міндетті құжаттарға жатпайтын сантүрлі кестелік материал­дарды тол­тыруға мәжбүр.
Үшіншіден, мектептердегі жария емес рейтингтер мұғалімнің уақытын алып қана қоймай, сонымен бірге, шы­найы көрсет­кіштердің бұрмалануына септеседі. Әрбір тоқсан сайын оқу ісінің меңгерушісі мен мектеп директоры білім бөлімдеріне оқу­шылардың оқу үлгерімі туралы есептер тапсырып отырады. Пе­дагогтар мұндай рейтингтердің қанша­лықты орындылығы туралы әділ сұрақ қояды.
Төртіншіден, рейтинг қуалап, сон­дай-ақ аттестаттаудан өту үшін тиісті порт­фолио қалыптастыру мақсатында мек­тептер әкімшілері ұстаздарды әртүрлі ұйымдар ұйымдастыратын сансыз көп ақылы байқауларға қатысуға мәж­бүрлейді.
«Мен бұл хатта шынымды айттым. Оның астына педагогтардың көбі қол қоя­ды деп ойлаймын. Мен бұған сенім­дімін», – дейді өскемендік мұғалім. Сондықтан депутаттық сауалда Үкімет басшысы Б.Сағынтаевтан мұ­ға­лім­дерді мазалайтын барлық мәселелерді «Педагог мәртебесі туралы» жаңа заң жобасында ескеру сұралады. Өйткені Елбасы педагог кәсібін беделді және қоғамда құрметті мамандыққа айналдыру міндетін қойды.

Айхан ШӘРІП

Дереккөз: Айқын