«100 жаңа оқулық» жобасына қызығушылық жоғары
Астана, BAQ.KZ. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев студенттермен кездесіп, «Рухани жаңғыру: жастарға жаңа бағдар» тақырыбында лекция оқыды.
Латын әліпбиінің мән-маңызына тоқталған өңір басшысы ұлттың санасын серпілтуде жаңа әліпбидің пайдалы екенін жеткізіп, бұл мәселе назарында болатынын жеткізді.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша өңірлік Жобалық кеңсенің мәліметінше, алдағы уақытта да латын қарпін насихаттау, қолданысқа енгізу жолындағы жұмыстар жалғаса бермек. Өйткені, бұл бастамаға қызығушылық жоғары.
Сонымен бірге, Түркістан облысында «Жаңа гуманитарлық білім 100 жаңа оқулық» арнайы жобасы бойынша да тиісті жұмыстар қолға алынған. Өңірде мемлекеттік тілге аударылған 18 оқулықтың таныстырылымы өткен. Оған жоғары оқу орны басшылары мен зиялы қауым өкілдері, студенттер қатысқан. Студенттерге бағдарламаның негізгі басымдықтары түсіндіріліп, «100 жаңа оқулық» жобасы шеңберінде қазақ тіліне аударылған оқулықтарды таныстыру, латын әліпбиіне көшу және «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында он күндік өтті.
Университетте «Рухани жаңғыру» алаңы, «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық коворкинг орталығы» және оқушыларға арналған ақысыз компьютер сыныптары ашылып, жұмыстары таныстырылды. Бүгінде Түркістан облысындағы 2 жоғары оқу орнында Жобалық кеңселер құрылып, «Рухани жаңғыру» бағытында түрлі алаңшалар ашылған. Университеттер кітапханаларында «100 жаңа оқулық» жобасы бойынша арнайы бұрыштар жасақталған. Сырдария Университетінде «100 жаңа оқулық» жобасы аясында жарық көрген оқулықтар сканерленіп, университеттің сайтына салынды. Қазіргі таңда құнды кітаптар студенттердің рухани игілігіне жарап тұр.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ