Ақтауда «Нұр Отан» партиясы мемлекеттік бағдарламалар орындалуы туралы баяндады
Мемлекеттік бағдарламалардың 2018 жылы орындалысы туралы Маңғыстау облыстық мәслихатындағы «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракциясының жетекшісі Нури Тумышев баяндама жасады. Айтуынша, «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап партияның бастамашыл жобаларын іске асыруға кірісті. Мәселен, партияның бастамасымен «Балалар үшін ақысыз ІТ-сыныптар» жобасы аясында Еуропалық білім беру стандарттары бойынша қарапайым алгоритмдер жасау, бағдарламалар, WEB-сайттар, компьютерлік ойындар мен анимациялар құру дағдылары үйретілмек.
Өңірімізде 35 ІТ-сыныптары ашылып, онда 8 жас пен 16 жас аралығындағы барлығы 1136 (жоспар бойынша 1000) бала қосымша білім алып, робототехникамен айналысуда. Жоба жергілікті бюджеттен және демеушілік қаражаттардан қаржыланды. 2019 жылы осындай 50 ІТ-сынып ашылуы жоспарланып отыр.
«ІТ мамандарды дайындау» жобасы бойынша осы жылы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен жоспар бойынша 21 маман дайындау көзделген болса, іс жүзінде 53 маман дайындалды. Партияның «ІТ — орталықтар» жобасы аясында «Yessenov University» базасында зертхана ашылып, онда студенттер үшін лабораториялық сабақтар, оқытушылар үшін біліктілігін арттыру курстары, бакалаврлар мен магистрлардың курстық және дипломдық жобалау бойынша кеңестер өтуі, болашақ ІТ– мамандарды оқыту курстарының ұйымдастырылуы жоспарланған.
Партияның «Рухани жаңғыру» шеңберіндегі жобаларының бірі кітапханаларға қатысты. Еліміздің кітапханаларын заманауи оқу орталығы ретінде қалыптастыру мақсатында «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы мен облыстық мәдениет басқармасымен бірлесіп, кітапхана қорын цифрландыруды қолға алды. Жаңа ақпараттық технологиялар кеңінен пайдаланылып, оқырмандар осы жердегі кітапханада отырып, дүниежүзіндегі кітап қорына қол жеткізуіне мүмкіндік алады.
«Қазақстан кітапханалары — білім орталықтары» партиялық жобасы аясында облыстағы 4 кітапханадан: Ақтау орталық қалалық кітапханада, Бейнеу аудандық кітапханада, Түпқараған ауданы Форт-Шевченко қаласындағы кітапханада, ағымдағы жылы қараша айының 28-күні Жаңаөзен қалалық кітапханада, барлығы 4 КОВОРКИНГ- орталығы ашылып, жастар бос уақыттарын, іс-шараларын сонда өткізуде.
— Шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында партия тарапынан «Бизнес үшін геоақпараттандырылған онлайн сервисі» жаңа жобасы іске қосылып, қолдау тапты. Оның мақсаты: жалпы ел бойынша коммерциялық тұрғыдан ұсынылатын бос жер учаскелері туралы олардың орналасқан жерімен, инфрақұрылымға қосу шарттарымен, аукциондарға қатысу сияқты ақпараттарға қол жеткізу үшін Маңғыстау облысының әкімдігімен бірлесе отырып, нақты желілік кесте құрылып, бекітілді.
Өңірлердегі мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті кеңейту аясында «Мектептердің спорт алаңдарын қайта құру» және «Мектеп асханаларын жаңғырту» жобалары бойынша 2018 жылы облыс бойынша 9 мектептің алаңы жаңартылып, мектеп асханасы сияқты мүлік басқарушыға сенімгерлікпен кемінде 5 жылға жалға берілетін болады. Жаңартылатын 9 спорт алаңының жетеуі Ақтау қаласында, біреуі Жаңаөзен қаласында болса, енді біреуі Маңғыстау ауданында. Партияның мектеп асханасына жіті көңіл аударуының басты мақсаты – мектеп оқушыларының дұрыс тамақтануын қамтамасыз ету. Бұл жоба бойынша облыста 10 мектеп асханасының құжаттары әзірлену үстінде, деді Н.Тумышев.
Интерактивті гимнастика, салауатты тағамдану мен алғашқы көмек көрсетудің «бес минут үзілістері» — «Төменгі сынып оқушылары үшін денсаулық сабақтары» атты жобасында осы мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті кеңейту мақсатында жүргізіліп отыр.
«Үштілдікке көшу» жобасын іске асырылуы маусым айынан басталып, балалардың жазғы демалыстары кезде, жазғы лагерьлерде басталды. Облыс бойынша 87 мектепте орналасқан оқушылардың жазғы демалыс орнында, сондай-ақ қала сыртындағы «Балдаурен», «Алау» және «Фламинго» атты Ақтау қаласындағы лагерьлер және Жаңаөзен қаласындағы «Ақбөбек» лагерінде балалар ағылшын тілін үйренуге 4800 бала мүмкіндік алды.
Сондай-ақ, осы жоба аясында партия «English for Jastar» жобаны өңдеп, ол бойынша Жаңаөзен қаласында, Бейнеу, Маңғыстау, Мұнайлы, Қарақия, Түпқараған аудандарында тұратын жергілікті ауыл балаларына еріктілер күшімен ағылшын тілін үйрету курстары ұйымдастырылды. 10 жергілікті еріктілер 524 баланы ағылшын тіліне оқытылды.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы
Дереккөз: http://egemen.kz/