IMEI-код тіркеу ұялы телефон ұрлығын азайтуды көздейді
Ұялы телефондарды IMEI-код бойынша тіркеу арқылы қоғамдық пікірге бақылау жүргізу көзделген бе? Бүгінде осы мәселенің халық арасында қызу талқыға түсіп жатқаны белгілі. Оның мән-жайын Телекоммуникациялар комитеті төрағасының міндетін атқарушы В.Ярошенко былай түсіндіреді:
−Шынын айтқанда, кейбіреулер ұялы телефондарды заңға қарсы құрал ретінде де қолданып отырғанын білеміз. Мәселен, ұялы телефоныңыз ұрланса, Ішкі істер министрлігіне барып арыз жазасыз. ІІМ қызметкерлері осыдан кейін телефоныңызды табу үшін тергеу амалдарын жүргізеді. Бұл ретте телефонды тіркеу құқық қорғаушылардың жұмысын айтарлықтай жеңілдетеді.
Оның айтуынша, аталған жүйе ұрланған телефонды қолдануға мүмкіндік бермейді.
− Қарапайым тілмен айтқанда, ұрлаған адам ұялы телефоныңыздан сим-картаны алып шығып, өзінің сим-картасын салса, телефон жұмыс істемей қалады. Бұл жерде мемлекет тарапынан жаһандық немесе жаппай бақылау туралы әңгіме болып отырған жоқ. Мұның бәрі де осы құрылғыны іздеу жолын жеңілдету үшін жасалуда. Яғни, ЖСН-ды жинау азаматтардың барлығын бақылау үшін жасалмайды. ЖСН-дерді тіркеу, керісінше, азаматтарды қорғау үшін жүргізіліп отыр. Себебі өз ЖСН-іңізді атау арқылы сим-карта да, құрылғы да өз иесіне тіркеледі, − деді ол. Өз кезегінде ІІМ Қылмыстық істі тексеру полициясы департаментінің басқарма басшысы Нұржан Рахметуллаев еліміздегі ұрлықтың 23 пайызы ұялы телефон ұрлығына қатысты екенін атап өтті.
− 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл заң күшіне енген соң, біз ұялы телефон ұрлығы деген проблемадан аулақ боламыз. Бұл жүйе біздің жұмысымызды едәуір жеңілдететін болады. Осы жылдың өзінде 38 мыңнан астам ұялы телефон ұрланып, оның ішінде, 13 мың телефон ғана есептен шығарылды, − деді Н.Рахметуллаев.
Қазіргі таңда ұрылар ұялы телефонды ұрлаудың сан түрін меңгеру арқылы оны оңай жүзеге асырады да көп жағдайда сатып жібереді. Тіпті ұрланған телефонмен қылмыс жасайтындар да баршылық. Бұған қоса қазіргі базарлар мен қала көшелерінде сим-карта сатушылардың да саны артқан. Аталған жүйені іске қосу арқылы ұялы байланыс саласындағы жүгенсіздіктің алдын алу көзделіп отыр.
Бүгінде еліміздегі ұялы телефондардың 80 пайызы IMEI-коды бойынша тіркеуден өткен.
− Қазіргі таңда барлық ұялы байланыс операторлары желілерінде тіркелген абоненттердің саны жалпы көрсеткіштің 80 пайызынан асады. Барлық абоненттерімізге бұл рәсімді оңай және қолайлы тәсілдермен жүргізу үшін барынша жағдай жасадық. Телефоныңызда жұлдызша − 660 – тор қысқа нөміріне қоңырау шалып, берілген нұсқаулар бойынша нөміріңізді тіркеуге болады. Егер бұл абоненттер шетелде болатын болса, олар уатсап, телеграмм қосымшаларындағы арнайы арналар арқылы нөмірлерін тіркей алады, – дейді «Кселл» АҚ мемлекеттік органдармен жұмыс атқару бағытындағы сарапшысы Аслан Абжақов.
Жиында белгілі болғандай, 1 қаңтарда абоненттік құрылғыға қойылған сим-картаны автоматты түрде тіркеу жүргізіледі. Сол уақытқа дейін қолданушы өзі туралы мәліметті толық беруіне мүмкіндік бар. Ал жаңа жылдан кейін белгілі бір мәліметті өзгерту қиынға түсуі мүмкін. В.Ярошенконың айтуына қарағанда, адамдар әлі күнге дейін тіркелмеген сим-картамен жүр. Бірақ 1 қаңтардан бастап сим-карталардың бәрі де құрылғыларға байланыстырылады. Міне, сондықтан ұялы байланыс операторлары қазіргі таңда қызмет көрсететін қолданушылардың мәліметтер базасын жаңартып жатыр.
Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Дереккөз: http://egemen.kz/