ШҚО-да ана мен бала өлімі азаймай тұр
Соңғы он айда 1000 тірі туған сәбиге шаққанда 7,6 факт тіркеліп отыр.
Өңірде ана мен бала өлімінің көрсеткіші азаймай тұр. 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік «Денсаулық» бағдарламасы бойынша облыс ана мен бала өлімі көрсеткішін азайту межесіне жете алмаған, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Бұл жөнінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында осы бағдарламаның жүзеге асырылу барысы жөнінде баяндағанда атап өтті.
Басқарма басшысының айтуынша, жоспар бойынша биыл бұл көрсеткіш 7,19 факт шамасында болуы тиіс еді. Алайда, соңғы он айда 1000 тірі туған сәбиге шаққанда 7,6 факт тіркеліп отыр. Республикада бұл көрсеткіш – 7,2.
– Ана мен бала өлімінің көрсеткішінің азаймауына не себеп деген сауалға жауап іздеп көрдік. Талдау нәтижелерінен ана өліміне әкеліп соғатын негізгі себеп – қан кету мен сепсис екендігі анықталды. Сәби өлімінің басым көпшілігіне себеп – олардың тыныс жолдары мен жүрек қан тамырлары жүйесінің ақауымен тууында. Мұндай 43 жағдай тіркелді. Сол сияқты гематологиялық, туа бітті пневмония жағдайлары да бар. Сәби өлімінің тек алтауына ғана қайғылы жағдай себеп болған, – дейді Марат Шоранов.
Басқарма басшысы ана мен бала өлімі көрсеткішін азайту мақсатында кешенді іс-шаралар атқарылып жатқандығын айтады. Аудандардағы перинаталдық көмек көрсету деңгейін жақсарту мақсатында Аягөз бен Зырян аудандарының орталық ауруханаларын заманауи құралдармен жабдықтап, екіншіден үшінші деңгейге көтеру, сол арқылы көрші аудандардағы жүкті әйелдерге көмек көрсету қарастырылған. Сондай-ақ Ана мен бала орталығын үшіншіден төртінші деңгейге көтеру бойынша жұмыстар атқарылып жатқандығын атап өтті басқарма басшысы
Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!
Дереккөз: https://kaz.zakon.kz/