Жеке тұлғалардың валюталық ипотекалық қарыздарын қайта қаржыландыру мерзімі ұзартылды
Фото: ашық дереккөзден
Алматы, BAQ.KZ. ҚР Ұлттық банкі Басқармасының қаулысымен Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасына жеке тұлғалардың 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін берілген валюталық ипотекалық қарыздарын қайта қаржыландыру мерзімін ұзартуды көздейтін өзгерістер енгізілді. Бұл туралы Ұлттық банктің төрағасы Данияр Ақышев мәлімдеді.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2018 жылғы наурыздан бастап бағдарлама шеңберінде банктердің жеке тұлғалардың валюталық ипотекалық қарыздарды Ұлттық банктің 2015 жылғы 18 тамыздағы бағамы бойынша (бір АҚШ доллары үшін 188,35 теңге) теңгемен қайта қаржыландыруды жүзеге асырып жатқандығын атап өтті.
«Бүгінгі күні банктер 40,1 млрд теңге сомаға 5 131 өтінімді қайта қаржыландыруға мақұлдады, 27,7 млрд теңге сомаға 3 845 қарыз қайта қаржыландырылды. Валюталық ипотекалық қарыз алушыларды бағдарламамен барынша қамту мақсатында валюталық ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру мерзімі 2019 жылғы 15 шілдеге дейін ұзартылды», — деп хабарлады Ұлттық банк басшысы.
Жалпы, бағдарламаға енгізілген түзетулерге сай қарыз алушылар кредитор банкке 2019 жылғы 1 шілдеден кешіктірмейтін мерзімде қайта қаржыландыруға өтініш беруі қажет.
Бұдан басқа, Қазақстан Ұлттық банкінің басшысы валюталық ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыруға Ұлттық банктің қаражатынан банктерге қайтарымды негізде 156 млрд теңге бөлінетінін хабарлады.
«Мемлекеттік жеке әріптестік шеңберінде банктер қарыз алушылардың сыйақы, комиссиялар және тұрақсыздық айыбы (өсімпұл) бойынша 136 млрд теңгеден астам сомаға берешегін кешіретін болады», — деп атап өтті Қазақстан Ұлттық банкінің басшысы.
Д. Ақышев Қайта қаржыландыру бағдарламасын Ұлттық банктің 2015 жылдан бастап іске асырып жатқанын еске салды. Бағдарламаның бірінші бөлігін іске асыру шеңберінде Ұлттық банк банктердің 2004 – 2009 жылдар аралығындағы кезеңде берген және жалғыз баспанамен қамтамасыз етілген қарыздарды қайта қаржыландыруға 130 млрд теңге бөлді.
«2018 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша банктер бағдарламаның бірінші бөлігі бойынша 158,3 млрд теңге сомаға 25 556 өтінімді мақұлдады, 137,7 млрд теңге сомаға 23 673 қарызды қайта қаржыландырды. Ақшаны игерудің револьверлік тетігін ескере отырып, қайта қаржыландырылған қарыздардың саны 2026 жылға дейін шамамен 40 мыңдай болады деп болжануда. Бұл бағдарламаның алдында тұрған міндеттер бөлінген қаражаттың толық игерілуіне байланысты орындалды», — деп хабарлады Ұлттық банк басшысы.
Д. Ақышев сондай-ақ Қазақстан Ұлттық Банкінің мүлкі қазіргі уақытта банктердің балансында тұрған ипотекалық қарыз алушыларды қолдаудың соңғы сатысына кіріскенін атап өтті.
«Банктерге бағдарлама шеңберінде қарыз алушының ипотекалық қарыз шарты бойынша міндеттемелерді орындамауына немесе тиісінше орындамауына байланысты оған өндіріп алуды қолдану нәтижесінде банктердің меншігіне өткен тұрғын үйді жалға беру құқығы заңнамалық тұрғыдан берілді. Таяу уақытта Ұлттық банкте мүдделі мемлекеттік органдардың, саяси партиялардың, екінші деңгейдегі банктердің өкілдерінің және қоғамдық бірлестіктер басшыларының қатысуымен жұмыс тобының отырысы өтеді, онда тұрғын үйді жалға беру талаптары талқыланып, әзірленеді. Жұмыс тобы бұл талаптарды әзірлегеннен кейін бағдарламаға тиісті толықтырулар енгізіледі. Бұдан әрі Ұлттық банк халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру және қаржы ұйымдары көрсететін қызметтердің сапасын жақсарту жөніндегі жұмысты жалғастырады», — деп түйіндеді Ұлттық банк төрағасы.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ