Нығматулин 2019 жылғы Мәжіліс депутаттарының негізгі жұмысын атады

0

2018 жылғы 26 желтоқсан 13:39 264

 Нығматулин 2019 жылғы Мәжіліс депутаттарының негізгі жұмысын атады

АСТАНА. ҚазАқпарат — Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин 2019 жылдағы палата депутаттарының негізгі жұмысын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бірнеше күннен кейін баршамыз жаңа 2019 жылды қарсы аламыз. Жаңа жыл әрқашан да жаңа жоспарларға, биік мақсаттарға жол ашатын, сондай-ақ атқарылған істерді қорытындылайтын ерекше кезең. Осы жолда біз сессия басталған төрт айдың ішінде Елбасының тапсырмасына сәйкес, елімізге, халқымызға қажетті бірқатар заң жобаларын мақұлдадық. Соның ішінде қасиетті Түркістан облысы және Шымкент қаласының алдағы даму жоспары конституциялық заңмен бекітілді. Экономикалық әлеуметтік салаларға серпін беретін еліміздің негізгі қаржы құжаты — үш жылдық бюджет мақұлданды. Сонымен бірге, Мәжілісте денсаулық сақтау, кәсіпкерлікті қолдау, жұмыспен қамтуға арналған мәселелер бойынша көптеген маңызды шаралар атқарылды», — деді Н. Нығматулин Мәжілістің жалпы отырысында.

Осы орайда ол кезекті сессия аяқталмағанын, бүгінде Мәжіліс қарауында тағы да 40-тан астам заң жобасы бар екенін еске салды.

«Осы құжаттардың барлығын сессияның соңына дейін талқылап, жоғары деңгейде қабылдауымыз керек. Себебі Президенттің тапсырмаларын әрқашан сапалы заңдармен қамтамасыз ету — біздің басты мақсатымыз. Сондықтан барлық фракциялар, барша депутаттар бірлесіп, тиімді әрі белсенді, нәтижелі қызмет атқаруымыз қажет», — деді Мәжіліс төрағасы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2018 жылдағы Мәжілістің соңғы жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес-ортаны дамыту және сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. 

Сонымен қатар, Мәжіліс Арменияның Премьер-Министріне қатысты құжатты талқылады. 

 

 

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz