Қара құрлықта түсірілген алғашқы қазақстандық фильм
Соңғы 3 жылда кино саласында өзіндік туындыларымен жақсы танылып жүрген белгілі әзілкеш, актер Нұрлан Қоянбаев жыл сайынғы дәстүр бойынша желтоқсанның аяғында жаңа фильмін көрерменге ұсынбақ. Бұл жолғы кинотуынды 2016 жылы алғаш түсірілген «Қазақша бизнес» («Бизнес по-казахски») фильмінің жалғасы. 27 желтоқсанда тұсауы кесілетін фильмнің түсірілім барысындағы қызықтар жайлы Нұрлан Қоянбаев massaget.kz тілшісіне айтып берді.
– Түсірілім жұмыстары Кения Республикасында өтті. Ел астанасы Найроби қаласы біздің Алматыдан еш кем емес. Қалада шамамен 6-7 миллион халық тұрады. Алайда, қарапайым халық нашар тұрмыс кешіп жатыр.
– Осы елде фильм түсіру үшін жарты жыл кениялық әріптестермен келіссөз жүргіздік. Сөйтіп мамыр айында продакшн-компания тауып, шілдеде Африкаға аттанып кеттік. Түсірілім жұмыстары 23 күнге созылды. Қазақстаннан 15 адам аттандық. Ал кениялық ұжым 40 адамнан құралды. Одан бөлек, фильмнің басындағы сценарийге сәйкес Дубайда 10 күн түсірілім жүргіздік. Африкалықтар Қазақстан жайлы мүлде ештеңе білмейді деп айтуға болады. Ара-арасында кейбірі Геннадий Головкинді таниды екен. Мұны естіп мәз болып қалдық.
«Африкадағы қазақша бизнес» комедиясының сценарийі қабылдауға жеңіл әзілдерден құралған. Сондықтан бұл фильм Жаңа жыл қарсаңында көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды. Аталған фильмде Аленнің рөлін сомдайтын қазақстандық белгілі актер Жан Байжанбаевтың айтуынша, «Африкадағы қазақша бизнес» көрермендер көңілінен шығары анық.
– Түсірілім барысында айтарлықтай қиындықтар болған жоқ. Қазақстаннан жаз мезгілінде аттанып кетсек, Африкада ол кезде қыс екен. Бұл бір күтпеген жағдай болды. Түсірілім жұмыстары сәтті өтті. Аман барып, сау қайттық, — деді Жан Байжанбаев.
Бұрын-соңды қазақстандықтар қара құрлықта фильм түсірмеген. «Қазақша бизнес» – қазақстандықтарға Африка құрлығының табиғатын, жан-жануарларын, халқының тұрмыс-тіршілігі мен мәдениетін көрсеткен алғашқы фильм. Айтпақшы, фильмнің соңында кениялық әншілер «Сағындым Алматымды» әнін орындайды. Осы бір бейнекадрлар көрермен жүрегіне ерекше әсер беретін сияқты.
Дереккөз: https://massaget.kz/