Виртуалды шындық білім беру саласына қалай әсер етеді?

0
25 Желтоқсан 2018, 19:13 255 0

Фото: prostoinvesticii.com

Астана, BAQ.KZ. Өзіңіздің атқылап жатқан жанартаудың жанында келе жатқаныңызды немесе ежелгі Римнің қираған үйінділерінің қасында тұрғаныңызды елестетіп көріңізші. Бүгінгі таңда бұл көріністерді жай ғана елестету міндет емес. Бұл туралы CNN басылымы хабарлайды.

Бүгінгі таңда көптеген компаниялар халыққа үлкен әсер сыйлау үшін виртуалды шындық технологияларын пайдаланып жатыр. Ал мұндай технологияны қолдаушылар оқушыларға білім беруді қызықты ете түсу үшін виртуалды шындық технологияларын сабақ беру барысында қолдануды ұсынуда.

«Балалар сабақ үстінде виртуалды шындық (VR) технологияларын қолданғанды жақсы көреді. Бір минутта олар бұл технология көмегімен Рим тарихына саяхат жасап, Ежелгі Римге барып, Колизейді өз көзімен көре алады», дейді VR технологияларды ұсынатын Nearpod компаниясының басшысы Гвидо Ковальскис.

Nearpod компаниясының мәліметтеріне сенсек, аталған компания өз қызметтерін екі жыл бұрын ұсынғалы бері АҚШ-та 6 миллион оқушы мен студент сабақ барысында виртуалды шындық технологиясын пайдаланып көрген.

«Біз VR технологиялар мен студенттердің, оқушылардың сабаққа қатысуы арасында тікелей байланыс барын анықтадық. Олар виртуалды шындық технологиялары пайдаланылатын сабақтарға аса қызығушылық танытып, ерекше ынтамен қатысқан. Мұндай байланыс білім беру деңгейіне барынша әсер ете алады деп ойлаймын. Сол себепті мектептер мен оқу орындарындарында виртуалды шындық технологияларын пайдаланған жөн деп есептеймін», — дейді ол.

Дегенмен, мұндай технологияға қолжетімділік деңгейі төмен, әрі VR технологиялар кең таралмаған. Десе де, VR технологиялар қазіргі білім беру сипатын, сабақ өту тәсілдерін өзгертуі мүмкін бе?

Қосымша құрал ретінде пайдалану

Стэнфорд университетінің коммуникация профессоры Джереми Байленсон 1990 жылдардың соңынан бастап VR технологияларды зерттеп келеді. Оның ойынша, VR технологиялар сабақтарды алмастыра алмайды, тек білім беру барысында қосымша құрал ретінде пайдалануға тиімді. «VR технологияларды сабақ барысында қолдану күнделікті дәстүрлі білім беру жүйесіне аздаған өзгерістер енгізуді қажет етеді. Дегенмен, виртуалды әлемге саяхат жасау оқушыларға пайдалы болар еді», дейді ол. Профессордың айтуынша, VR технологияларды кез келген сабақ барысында пайдалану мүмкін емес. «Мысалы, етістіктер туралы сабақ барысында мұндай технологияны пайдалана алмаймыз. Ол үшін сыныпта тақтаның болуы жеткілікті. Ал басқа жерге бармай-ақ көрсетуге тұрарлық дүниелер болса, ол үшін, әрине, виртуалды шындық технологиясы қажет», — дейді профессор.

Джереми Байленсон өзінің кітабында VR технологиялар білім беру саласын демократтандыратынын айтады. Себебі мұндай технология білім беру мен саяхаттауды біріктіре алады. Әсіресе, саяхаттың көп оқушыларға қолжетімді бола бермейтінін ескерсек, оның пайдалы жағы көп болмақ.

«Тіпті, қазіргі әлемдегі тәжірибелерді де VR технологияға енгізуге болады», — дейді профессор.

Копенгагендегі компаниялардың бірі студенттердің ғылыми зертханасына VR технологияларын пайдалануға мүмкіндік бермек. Labster құрылғылары бүгінгі таңда бүкіл әлем бойынша 150 университетте қолданылады. Енді компания Google−мен бірлесіп VR-технология өнімдерін шығаруға кіріспек.

«Соңғы 30 жылда VR технологиялардың тиімділігі артты. Нәтижесінде мұндай өнімдер қарапайым үлгіде шығып, әрі кең тарай бастады. Ендігі кезекте білім беру саласына қажетті қызықты өнімдер құрастыра бастау керек», — дейді Labster компаниясының VR бөлімінің басшысы Маруф Фахри.

Бүгінгі таңда аталған компания ғылыммен айналысатын студенттерге арнап 70 веб-технология жасады. Сонымен қатар компанияда оқушыларға қажетті тәжірибе жинауға мүмкіндік беретін жаңа технологиялар да құрастырылып жатыр. Фахридің айтуынша, компания оқушыларға ойын элементтері арқылы, мазмұндау арқылы және оқиғаны баяндау арқылы қызығушылық туғызатын мүмкіндіктері бар технологияларды қарастырып жатыр. Мысалы, ДНҚ туралы ізденіп жүрген оқушылар оның құрылымы мен тізбектері бейнеленген веб-әлемге саяхат жасауға мүмкіндік ала алатын болады.

«VR технология алдымен виртуалды зертханада жұмыс істеп, кейін шынайы зертханалық өмірге тез бейімделуге көмектесе алады. Студенттер мұндай технологияның көмегімен тәжірибе жасап, қателесуге қорықпай әрекет ете алады», — дейді Фахри.

Бастапқы саты

Калфорнияның Reach Capital венчурлік компаниясының директоры Чин Гонгтың айтуынша, ол білім беру саласына лайықталған виртуалды шындық технологияларының пайдаланылуын қолдайды екен. «VR – өте үлкен мүмкіндіктері бар сала. Дегенмен, бұл жерде білім беру саласындағы контенттің өте сапалы болуы да маңызды рөл атқарады», — дейді ол.

Сарапшылар да VR технологиялардың балалардың білім алуына әсерін зерттеп жатыр. Мысалы, Стэнфорд университетінде жүргізілген зерттеу нәтижелеріне сенсек, VR технологияны қолданған кішкентай балаларға оның психологиялық әсері бар екен. «VR технологиясы арқылы киттермен немесе дельфиндермен бірге жүзген кішкентай балалар бұл оқиғаны шын өмірінде болған деп ойлаған. Яғни, оларда жалған естеліктер пайда болған», дейді ғалымдар. Олардың айтуынша, VR технологиясын білім беру саласында алаңсыз қолдану үшін оның шегін біліп, бақылауды күшейту керек. «Менің ойымша, тек технологияға енгізілетін контент мазмұнын ғана емес, оны пайдаланатын уақытты да қатаң бақылауда ұстау керек. Сонымен қатар мұндай технологияларды пайдаланбас бұрын сыныптағы кеңістіктің кең болғанына мән берген жөн», — дейді ғалымдар.

Ғалымдар VR технологиялар білім беру саласына көп өзгеріс енгізетінімен, болашақта бұл сала мұғалімсіз болмайтынын айтуда. «Білім беру – әлеуметтік тәжірибе. Бұл тек білім алуға ғана емес, айналасындағылармен қарым-қатынас орнатуға да байланысты сала. Сол себепті болашақта білім беру саласын мұғалімсіз елестету мүмкін емес. Технологиялар қаншалықты енгізілгенімен, ұстаздардың рөлі өзгермейді», — дейді олар.

Ағылшын тілінен аударған: Алтынай Қуанышбек


















Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Дереккөз: BAQ.KZ