«Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында 35 мыңға жуық қазақстандық жұмысқа орналасты

0

Бұл туралы  «Нұр Отан» партиясы Орталық аппаратының басшысы Мәди Оспанов «Солнечный мир» Даун синдромы бар балаларға тегін оңалту және психологиялық көмек көрсету орталығындағы бүлдіршіндерді мерекемен құттықтау барысында мәлімдеді.

Бүгін «Нұр Отан» партиясының «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында астаналық «Солнечный мир» оңалту орталығында ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған жаңа жылдық ертеңгілік өтті.

«Солнечный мир» орталығы Даун синдромы бар балаларға тегін оңалту және психологиялық көмек көрсету, сондай-ақ осы ментальды кемшіліктері бар балаларды тәрбиелеуде ата-аналарға тегін кеңес және әдістемелік көмек көрсетеді. 2016 жылдың қараша айынан бастап оның қызметкерлері Даун синдромы бар 240-тан астам балаға көмектесті.

Балаларды мерекемен құттықтау барысыда «Нұр Отан» партиясы Орталық аппаратының басшысы Мәди Оспанов «Нұр Отан» партиясы бүгінде «Кедергісіз келешек» жобасы аясында инклюзивті білім беруді дамытуға, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін «кедергісіз аймақ» құруға белсенді атсалысатынын атап өтті.

Бұдан басқа, Мәди Оспанов ерекше қажеттіліктері бар адамдарды жұмысқа орналастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде екенін айтты. Қазір  Қазақстанда 400 мыңға жуық кембағал жан жұмыс іздеуде деп мәлімдеді.

— Мүмкіндігі шектеулі 120 мың адам ғана жұмысқа орналасты. Осы 4 жыл ішінде «Нұр Отан» партиясының бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің арқасында 34 500 қазақстандық жұмысқа орналасты, — деді ол.

Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясы Орталық аппаратының басшысы еліміздің басты саяси күші ретінде мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтарын жүзеге асыру саласындағы заңнаманы жетілдіру бағытында жұмыс істеп жатқандығын атап өтті. Бұл үшін партия ұйымының базасында арнайы алаң құрылған. Онда барлық ҮЕҰ өзекті мәселелерді талқылауға және шешуге қатыса алады.

Соңында Мәди Оспанов ерекше қажеттіліктері бар 30 бала мен жасөспірімдерге сыйлықтар табыстады. Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясы «Солнечный мир» орталығына 1 миллион теңге көлемінде материалдық көмек көрсетті.

Сондай-ақ, партия тарапынан «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында Астана қаласының коммуналдық қоры ғимараттарының бірінде Орталық үшін ғимарат беру мүмкіндігін қарастыру туралы Астана қаласының әкіміне хат жолданды. Қазіргі уақытта әкімдік бұл мәселені шешуде.

Айта кетейік, осындай акциялар бүгін бүкіл ел бойынша өтті – партия филиалдары, «Нұр Отан» партиясының ірі бастауыш ұйымдары жоба аясында ерекше қажеттіліктері бар балаларға, жетім балаларға және көп балалы отбасылардың балаларына сыйлықтар тарту етті.

«Қамшы» сілтейді