Атамқұлов Сыртқы істер министрлігін басқарады
Ол бұған дейін қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі қызметін атқарды
АСТАНА, 26 желтоқсан — Sputnik. Бейбіт Атамқұлов сыртқы істер министрі болып тағайындалды, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
«Бейбіт Бәкірұлы Атамқұлов Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі болып тағайындалсын, ол Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі қызметінен босатылсын», — деп жазылған президенттің жарлығында.
Бейбіт Атамқұлов Алматы облысында дүниеге келген. Инженер-металлург мамандығы бойынша Қазақ политехникалық институтын, сондай-ақ экономист мамандығы бойынша Санкт-Петербург мемлекеттік экономика және қаржы университетін тәмамдаған. Экономика ғылымдарының кандидаты. 1 класты кеңесшінің дипломатиялық дәрежесі бар.
Әр жылдары Қазақстанның Ресей Федерациясындағы елшілігінің және Иран Ислам Республикасындағы елшілігінің кеңесші-елшісі, Малайзия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Германиядағы Бас консулы, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің жауапты хатшысы, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметтерін атқарды.
Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі болып 2016 жылы қазанда тағайындалған болатын.
Дереккөз: https://sputniknews.kz/