NOTRE DAME de PARIS ГАСТРОЛЬГЕ АТТАНАДЫ
Париждегі Әулие ана соборының алаңы. Сұлулығымен тәмам жұртты тамсандырған сыған қызы Эсмеральда. Жүрген жерін думан-тойға айналдырып жіберетін оның салған әні мен мінсіз сұлулығы кім-кімді де тәнті етпей қоймайды. Париж Әулие ана соборының архидьяконы Фролло, атқыштар жасағының капитаны Фебюс, ақын Гренгуар мен собордың бүкір әрі ақсақ қоңыраушысы Квазимодо Эсмеральдоға құлай ғашық. Алайда жүрекке әмір жүрген бе, Эсмеральданың таңдауы – капитан Фебюс.
Келбеті келісті болғанымен, жан дүниесі зұлымдыққа толы Фебюстің Эсмеральдаға жасаған сатқындығына дейін сіз де осы екі жасқа тілекші боласыз. Бір сәт Флер-де-Лис есімді некелі жары бар Фебюстің өз әйеліне жасаған опасыздығын да кешіруге дайынсыз. Кейін осы қылығыңыз үшін қысыласыз.
Сыған қызының сұлулығы әйел затын сүюден бас тартып, дінге қызмет етуге ант еткен Фроллоның да жүрегін жаулаған, оның қызға деген құштарлығы көңілін алай-дүлей еткені сондай, сезіміне жауап бермеген сұлуды біресе абақтыға қамайды, біресе өлімнен құтқарады, біресе өзіне күшпен көндірмек болады. Тек бүкір Квазимодо ғана Эсмеральдаға бар жүрегімен ғашық. Сезімі мөлдір бұлақтай. Эсмеральданы абақтыдан да, ажалдан да құтқаруға жанұшырған бір жан болса, осы – Квазимодо. Егер шебер құдай оған Фебюстегідей көрікті келбет бергенде Эсмеральда тағдыры басқаша болар ма еді дейсіз, өйткені, ақсақ та бүкір қоңыраушыға деген қыз көңілі достық шеңберінен аспайды. Сырт келбетінің сүйкімсіздігінен налыған Квазимодо қыз достығын місе тұтады, сырттай тілекшісі.
…Эсмеральда мен Фебюс. Қыз көңілі адал, жігіт көңілі алаң. Өз жарынан асып кете алмайтын сері атойлаған сезімін де баса алар емес. Оңаша кездесу, осы сәтте пайда болған «Көлеңке» Фебюстің жон арқасынан пышақ ұрады. Ес-түссіз құлаған Фебюстің жанында есі шыққан Эсмеральда адам өлтірмек болды деген айыппен абақтыға жабылады. Абақтыда жатып та Фебюстің амандығын тілейді, адалдығынан танбайды. Фебюс ше, некелі жарының алдында ақталып, сыған қызын азғырушы сайтанға теңеп әлек…
Квазимодо мен сығандар абақтыдан құтқарып қалған Эсмеральда қалада басталған бүліктің ортасында жүр. Фебюс бүлікшілерді басуға келген, бір кезде оның көздеген оғы Эсмеральданың әкесі Клопенге тиеді. Әке өліміне аһ ұрған Эсмеральда Фебюстен көмек күткендей, сүйген жігіті сүйемелдейді деген үміті әдірем қалды, сүйгені сүйреп апарып жендеттерге тапсырды. Жендеттер сыған қызын асыңдар деген король бұйрығын әп-сәтте орындап тастады. Бұл зауалға Фроллоның да қатысы барына көзі жеткен Квазимодо оны биік мұнарадан құлатып жібереді. Ал өзі сүйіктісінің мәйітін құшқан қалпы бақиға аттанады, Квазимодоның жаны үзілгенге дейін айтар жоқтауы сай-сүйекті сырқыратардай.
Мюзикл финалына дейін түрлі сезімді бастан кешесіз: көңілді ару, қамқор әке, ғашық жүрек, жауапсыз махаббат, сатқындық, зұлымдық. Адам бойындағы жақсы да жаман қасиеттің бәріне куә ететін мюзиклдің түйіні – адамға адамды тану бұйырмаған бақ.
ХХ ғасыр соңында Еуропада қойылған күнінен-ақ бестселлерге айналған Notre Dame de Paris мюзиклі Астанада апта бойы көрсетілді. Гиннестің рекордтар кітабына енген мюзикл либреттосының авторы – Люк Пламондон, композиторы – Рикардо Коччанте.
Көрерменін үш сағат бойы тырп еткізбейтін шығарманың кейіпкерін сомдау бақыты бұйырған актерлерді іріктеу бес айға созылғанын айтуымыз керек. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген үміткерлердің үздіктері ғана әлемдік мюзикл кейіпкерлерін ойнады. Әр елдегі қойылым жұмысына Париждегі мюзиклді қойған команда қатысады. Міне, сол француз мамандары қазақ әртістерінің жұмысын жоғары бағалады. «Қазақстандық әртістер көңілімнен шықты. Оларды вокалдық қабілеттеріне қарай іріктедік. Notre Dame de Paris партияларын орындау әркімнің қолынан келе бермейді, бірақ ең лайықты дегендерін таңдадық», – дейді композитор Рикардо Коччанте.
1993 жылы Люк Пламондон француз әдебиетінен жаңа музыкалық спектакльге арналған сюжет іздейді. Француздың әйгілі жазушысы Гюгоның шығармасына үңіледі.
«Мен түрлі кейіпкерлерді қарадым, Эсмеральдаға мән бермеппін. Назарым Квазимодаға түсті. Сол кезде «Париж Әулие ана соборы» шындыққа айналғандай әсер етті», – дейді ол. Осылайша, Люк Пламондон композитор Рикардо Коччантемен бірге роман негізінде отыздан астам ән жазып шығады.
Мюзикл француздар назарына 1998 жылы ұсынылды. Премьерадан бері 20 жыл уақыт өтсе де, мюзикл көрермен қызығушылығын жоғалтпай, тоғыз тілге аударылып, сахналанды. Қазақ тілі – мюзикл аударылған оныншы тіл. Либреттоны қазақшаға ақын Серікзат Дүйсенғазы тәржімалады. Мюзикл авторларына бірнеше аудармашының жұмысы ұсынылған. Серікзат Дүйсенғазының аудармасына таңдау жасалған соң, аудармашы Францияға барып, авторлармен қатар отырып жұмыс істеген. Мюзикл авторлары қазақ тіліндегі аудармаға мюзиклді көруге келген зиялы қауым да, қарапайым көрермен де қатар отырып түсінетіндей болуы тиіс деген талап қойған. Сондай-ақ халықтың ұлттық дүниетанымына қатысты және көрермен қабылдамайтын дүниені өзгертуге рұқсат берген.
– Мәселен, француз тілінде айтылатын кейбір элементтер менталитетімізге келмейді. Мәтін ішінде «О, Құдай ана» деген сөз бар. Біз оны «Әз ана» деп алдық, себебі қазақта қасиетті мағынада «Әз ана, Әзиз ана, Ғазиз ана» дейді, соған байланысты шығарманың мәтінінде «О, Әз ана, сұраймыз біз сізден пана» дегенде, ананың мейіріміне мұқтаж мағынада алдық. Осындай жерлерді өзіміздің ұлттық болмысымызға қарай реттедік, – дейді С.Дүйсенғазы.
Мюзикл премьерасын Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен Францияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Филипп Мартинэ ашқан-ды. Отандық театр өнерінің жаңа жетістігіне баланып жатқан мюзикл Мәдениет және спорт министрлігі мен Qazaqconcert мемлекеттік концерттік ұйымының ұйымдастыруымен сахналанды.
18-24 желтоқсанда аншлагпен өткен мюзиклді 13 мыңнан астам адам тамашалады. Олардың арасында еліміздің басқа қалаларынан арнайы келгендер де бар. Ал мюзиклді көре алмай арманда қалғандар үшін жағымды жаңалығымыз бар: алдағы уақытта қазақ тіліндегі Notre Dame de Paris Алматыда қойылады. Содан кейін еліміздің оңтүстігі мен солтүстігіне, шығысы мен батысына гастрольдік сапарға шығады.
Халима Бұқарқызы
Дереккөз: Айқын