Сотта Олжас Сүлейменовтің жаңа хаты оқылды
Жаңа хаттың пайда болуына байланысты сот үзіліс жасап, келесі отырысты 3 қаңтар сағат 15:00-ге ауыстырды.
Қазақстандық ақын Олжас Сүлейменовтің үндеу хаты оның немересінің өліміне қатысты өткен сот отырысында оқылды деп жазады sputniknews.kz.
Сәрсенбі күні Астана қаласының соты екі жылға бас бостандығынан айырылған Малика Мұхитованың апелляциялық шағымын қарады.
Сотта жәбірленуші тарап Олжас Сүлейменовтің соңғы жазған үндеу хатын оқып берді. Бұл хатында ақын марқұм Ескендір Сүлейменовтің ата-анасына бұрынғы хатты көрсетпегеніне өкінгені туралы жазған. Әңгіме танымал ақынның жол-көлік оқиғасына кінәлі Малика Мұхитованың жазасын жеңілдетуді сұрап жазған үндеу хат жайында болып жатыр.
Өткен аптада астаналық сотқа бағытталған жазба БАҚ-та жарияланды. Сүлейменовтің айтуынша, бұл жазба жақындарының арасында үлкен резонанс тудырған. Жазушы Мұхитованың туыстары бірнеше мәрте кешірім беруді өтінгендіктен, бұл әрекетке жанашырлықтан барып отырғанын айтқан.
«Бірақ жол-көлік апаты салдарынан кісі өлімі болған кезде екі тараптың татуласуы біздің заңда қарастырылмағанын білемін. Әрине, хатты жібермес бұрын оны қызым мен Сергейге көрсетіп, ақылдасып алуым керек болатын», — деді Олжас Сүлейменов.
Ол соттың үкімді жеңілдету туралы өтінішті жеке адамның пікірі ретінде қабылдайтынын айтып өтті. Сүлейменов өзінің айтқандары процестің ресми қатысушылары мен Ескендірдің ата-анасының сөзімен теңеспейтініне тоқталды.
Марқұмның анасы Ләйлә Сүлейменова мен әкесі Сергей Хан соттан кесілген жазаны сол күйінде қалдыруды сұрады.
Малика Мұхитова тағы да өз кінәсін мойындайтынын айтып, Сүлейменовтер отбасынан кешірім беруді өтінді.
Келесі сот отырысы 2019 жылдың 3 қаңтарында сағат 15:00-де өтеді.
Танымал қазақстандық ақын және жазушы Олжас Сүлейменовтің немересі Ескендір Сүлейменов 2018 жылдың 22 маусымында жол-көлік оқиғасында көз жұмды.
Мотоцикл айдап келе жатқан жас жігіт рөлінде Қызылорда облысы ішкі істер департаменті басшысының қызы Малика Мұхитова отырған иномаркамен соқтығысып, өмірімен қош айтысады.
Қараша айында Астана қаласының №2 соты Мұхитованы екі жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын қауіпсіздігі төмен мекемеде өтейді. Сондай-ақ, бойжеткенге бес жыл көлік тізгіндеуге тыйым салынды.
Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!
Дереккөз: https://kaz.zakon.kz/