«Әлемнің, әлде кішігірім тұжырымның чемпионысыздар ма?»

0

Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Бейбіт Назаров жеңіл салмақта Titan FC уақытша чемпиондық белбеуі үшін өткен жекпе-жекте жеңіліп қалды. Алматыда өткен турнирдің басты жекпе-жегінде отандасымыз америкалық Мартин Браунға есе жіберді. Осы жайтқа байланыста Ардақ Назаровтың инстаграм парақшасында «Біткен іске — сыншы көп…бәрінен бауыр қымбат» деген жазбасы халық тарапынан қызу талқыға ұшырап, арты дау-дамайға ұласты. Ардақ Назаровтың азаматтығына шүбә келтірмейтіндігімізді ерекше атап өткіміз келеді. Алайда «Қамшы» еркін ой-пікір алаңы екендігін ескере отырып, Ардақ Назаровтың ашынған жазбасымен қатар әріптесіміз Берікбол Төлегеннің қара қылды қақ жарған пікірін де оқырман назарына сол қалпында ұсынуды жөн санадық. «Спорт деген — әділдік» ұғымын жалау етіп, «бас кеспек болса да, тіл кеспек» жоқ екендігін екі тарап та түсінсе деген ниеттеміз. Қазақ жігіттерінің намысты қолдан бермей, жеңіс тұғырынан көрінуіне тілектеспіз.

Ардақ Назаров:

«Біткен іске сыншы көп… бәрінен бауыр қымбат!
Кешегі менің басымдағы жағдай тауға түссе, тау үгіліп, темірге түссе, темір балқып кетер еді. 
Осы күнге жету үшін қаншама қиындықтан өттік. Қандай қиындық десеңізші, бұл ұзақ әңгіме…
Жарысқа шыққан бауырларымның ата-аналарына шын жүректен алғысымды айтамын. Сіздер нағыз батыр ұлдарды тәрбиелеп өсіргенсіздер. Алла қаласа, асыл ұлдарыңыз Қазақ еліне әлі талай жеңіс сыйлайтын болады. Өмір болған соң ыстық суығы қатар жүреді. «Ер жігіттің мойнында қыл арқан шірімейді»-дейді дана бабаларымыз…

Біз екі жыл нәтижелі жұмыс жасап, Америкалық промоушнды Қазақстанға алып келуіміздің өзі үлкен жеңіс. Мұндағы мақсатымыз – жігіттердің деңгейін әлемдік шыңға көтеру. Ел үйренгендей қарсыластарды таңдап алып келіп, барлығын сабап жібергеннен спортшыларымыз өспейді. Осындай жарыстар арқылы жігіттеріміз өседі. Біз жаңа белеске шықтық. Әділ жарыс болды. Мықтының бағы жанды. Үлкен тәжірибе алдық. Кемшілігімізді, қателіктерімізді көре білдік. Бәрінен қымбат нәрсе – ол бауырмалдық. Бауыр жақсылығын асырады, кемшілігін жасырады. Мен қасымдағы бауырларымды ешқашан тастамаймын. Оларға тиген әрбір соққы менің жүрегіме тиеді…
Бауырларым!
Мың теңгеге билет алып, жанкүйер болуға шамасы жетпей, жеңсең, көре алмайтын «Ой, әлсізді әдейі әкелді», «ойбай, сатып алыпты жеңісті», жеңілсең, жерден алып жерге салатындарға МОЙЫМАҢДАР!!!
Біздің мақсатымыз үлкен. «Ит үреді, көш жүреді».
Тілекші болған күллі Қазақ Еліне Алла разы болсын. 
Бұл түсінген адамға үлкен белес, Жеңіс болса да, басқа болса да, Аллаға мақтау айтамыз. 
Аллаға шүкіршілік… халқыма ризамын».

Берікбол Төлеген:

«Айтпаса сөздің атасы өледі. «Әлемфайтерс» жігіттері Алматы Аренада жекпе-жек өткізді. Турнирдің басты жекпе-жегіне шыққан Бейбіт Назаров жеңіліп қалды. Ардақ Назаров өзінің инста парақшасында мұндай турнирлерді өткізудің өзі жетістік екендігін жазып, түсіндіргісі келді. Постына өз пікірімді жазып, ұсынысымды айтқанмын. Ол кісі сөзге келмей бұғаттап тастауды жөн көріпті. Сол пікірді сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмын. Сонымен мен не жаздым?

«Жігіттер, бауыр мен рудың намысынан қазақтың намысы биік болуы керек еді. Жекпе-жек пен астындағы пікірлерді толық оқып шықтым. Халықтың 90 пайызы ренжулі. «Халық айтса, қалт айтпайды» дейді. Халықтың сын-пікірін «көре алмаушылық» деп қабылдауды қою керек. Одан кейін кішігірім бір турнирді жеңіп, «Әлем чемпионымыз» деп айтуды қашан қоясыздар? Радиода жүргенімде Бейбітпен сұхбаттасқан едім. Ешнәрсені ашып айтпайды. Иә, интернеттен шықпайтын, иә, ресми сайты жоқ турнирді ұтып, чемпион болдық деген соң журналистер де жаза салады. Дереккөз өздері ғана. Сонымен, сіздер әлем чемпионысыздар ма, әлде кішігірім тұжырым чемпионысыздар ма? Бұл турнирді жеңген қазаққа UFC-ге жол ашылар ма еді? Бейбіт өте дәрменсіз болды. Біткеннен кейін қолын көтеруі де ұят. 2013-тегідей астына жығып береді деп ойлады ма екен? Неге мықты қазақтарды басты кездесуге шығармадыңыздар? Біз бауырларымызды өтірік мақтағанымызбен, жетістігіне шын қуана алмаймыз. «UFC-ге шыққан тұңғыш қазақ» деген атақ үшін қаншама адамның жолы кесілді. Қайта, шүкір, шетел қазағы бұл атақты иеленіп қойды. Қашанғы мың клуб ашып, бір-бірлеріңіздің жалдарыңызға жармаса бересіздер? Сіздерді Азамат ретінде және үлгілі отбасы ретінде қатты сыйлаймын. Бірақ сіздер кәсіби мықты спортшы емессіздер. Спортшының міндеті спортта жетістікке жету, қазақтың жауынгерлік рухын таныту. Шын патриот болсаңыздар, пендешіліктен елдің намысын биік қойыңыздар. Сөзбен емес, іспен».

Осы сөз Ардақ Назаровқа жақпады. Назаровтарға деген сый-құрметім ерекше еді. «Адамның көңілі бір атым насыбайдан қалады» деуші ме еді. Бұл жігіттердің осы іс-әрекеті, одан қалды UFC-ге шақырды деген шындыққа жанаспайтын ақпаратпен халықты алдағысы келетіндігі менің оларға деген құрметімді жоғалтып жіберді. «Платон менің досым, бірақ шындық одан қымбат». Менің айтпағым – осы. Ардақ бауырымыздың елдің алдында жүрген беделіне жағынып қолпаштап қоюға да болар еді. Одан біз өсеміз бе?! Қазір шоу-бизнесте де, спортта да кемшілігін айтсаң көре алмағаның. Иә, рас, мен тек сөзі мен ісі алшақ кетпейтін «достойный» жігіттерді көргім келеді. Соларға жанкүйермін!».

«Қамшы» сілтейді