ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛЫ МҰРАТЫ | «Айқын» газеті
Егемендігіміздің жиырма жеті жылының қай-қайсысы да еліміз үшін өсу-өркендеу, қалыптасу кезеңі болғаны аян. Азаттықтың алғашқы таңында Қазақстан түрлі қиын-қыстау белесті өткерді. Экономика терең тоқырауға ұшырап, бұрынғы Кеңес Одағының құрамына кіретін елдер арасындағы экономикалық байланыс ажырап, жаңа экономикалық өзгерістер әлі де орнықпаған заман күні кеше ғана еді. Сол тұста халқымыздың 40% кедейлік шегінен төмен тіршілік кешті. Өнеркәсіп өндірісі 1990 жылмен салыстырғанда жартысына дейін, ауыл шаруашылығы шамамен үштен біріне қысқарды.
1995 жылғы орташа жалақы 1991 жылғы деңгейдің 35 пайызын ғана құраса, зейнетақы небәрі 29 доллар болды. Жұмыссыздық, қылмыстың өршуі, жаппай қоныс аудару және өзге де мәселелер – сол жылдардың сұрқия көрінісі.
Қалт-құлт еткен жағдайға қарамастан, Қазақстан әлемдік қауымдастыққа кірігудің саясатын жүргізіп, жаһан жүзіндегі лайықты орнын нықтады. Небәрі бірнеше жылдың бедерінде Қазақстанды әлемнің 100-ден астам елі мойындап, ірі халықаралық ұйымдар қатарына қабылданды. Мемлекеттік Туымыз бен Елтаңбамызды белгілеп, қазақ тілін мемлекеттік тіл тұғырына қондырдық. Жас мемлекеттің дамуындағы мұншама маңызды саяси-экономикалық қадамдар еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Елбасының бірегей де көреген басшылығымен қол жеткізген жетістіктеріміз халқымыздың ортақ зор табысы. Өткенді сараламай, алға жылжу мүмкін емес. Осындайда адамзаттың ұлы философы әл-Фарабидің «Өткенді, тарихты білмей, бүгінгі күнді танып, болашақты болжау қиын» деген сөзі еске түседі. Тәуелсіз Қазақстан тарихын құру үрдісіне мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қосып келе жатқан үлесі өлшеусіз екені шындық.
Задында ұлы дала елінің тарихына зер салсақ, тамыры тереңге кеткен еліміздің тарихы бірнеше мыңжылдыққа пара-пар. Кең жазира атыраптың арғы тарихы сонау б.з.д. II мыңжылдықта ғұмыр кешкен ежелгі арийлерден бастау алады. Олардың ізін жалғап, тарих сахнасына I мыңжылдықта патшалық құрған жауынгер сақтар шықты. Одан кейінгі Ұлы Ғұн дәуірі, Түрік қағанаты, Қимақ, Қыпшақ хандықтары, XIII ғасырдан бастап Шыңғыс хан тұқымдары құрған мемлекеттік құрылымдардың негізі түбінде 1465 жылы Қазақ хандығының қалыптасуына алып келді. Мемлекет басшысының бастамасымен 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы еліміздің барлық өңірінде кеңінен атап өтілгені де осынау бай тарихымызды дәріптеуге тағы бір себеп болды. Атап өтерлігі, алғашқы хандары Керей мен Жәнібек болған Қазақ хандығы Орталық Азиядағы тұңғыш ұлттық мемлекет болды. Осы ұлы күнді жалпыхалықтық мереке ретінде атап өту – бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатқан барлық қазақстандықтардың бекем бірлігін айғақтады.
Заманауи Қазақстан мемлекеттік құрылыстың сапалы жаңа кезеңіне көшті. Ұлт жоспарының негізгі бағыты – «Мәңгілік ел» жалпыұлттық патриоттық идеясы жарияланды. «Мәңгілік ел» идеясы халқымыз үшін болашаққа деген сенімділік пен тұрақтылықтың бағдарындай. Осы тұрғыда Елбасымыз халқымыздың тағдырын анықтайтын екі негізгі ережені баса атап өтті: ұрпақтар мен құндылықтар сабақтастығы, сондай-ақ ұлттық динамизм, жастардың инновациялығы.
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы Қазақстанның даму болашағы туралы өзгелерден бір-екі қадам алда ойлайтынының айқын дәлелі. Президенттің мәдениет пен рухани байлық арқылы қазақстандық қоғамның болашағы туралы ой-толғамы Қазақстан халқының мінезін, ұлттық басымдықтарын айқындап, «ұлттың мәдени кодын» тайға таңба басқандай көрсетті. Мақалада негізгі рухани құндылықтарымыздың, ғылымның, мәдениеттің, білімнің даму бағыттары анықталған. Елдің әрбір азаматына бағыт беретін жалпыұлттық бірегейлікті нығайту мен күшейтудің жаңа тұжырымдамасы ұсынылды. Тұжырым негізінде былтырдан бастап елімізде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы табысты жүзеге асып жатыр. Бұл бағдарлама зиялы қауымды, жастарды, жалпы халықты Елбасының жариялаған идеялары негізінде біріктіруге ықпал етеді. Мәдениетті өзіндік дамудың стратегиялық рухани ресурсы ретінде ұғыну үрдісі экономикадағы, технологиядағы және тіпті, адамдар арасындағы қарым-қатынастағы көптеген мәселені шешуге мүмкіндік береді.
Елбасының тұжырымдамалық идеялары «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында заңды жалғасын тапты. Президент қазақ халқының тарихтағы рөлін одан әрі терең талдап, өткенімізді «заманауи ғылымның биігінен» түсінуге шақырды және «тарихи сана-сезімді жаңғыртудың» жаңа жолдарын ұсынып, ұлы даланың жеті қырын атады. Жобалық идеялар құрамына енген мұндай жоғары деңгейлі мақаланың жариялануы – қоғам, ел мен мемлекеттік басқарудағы жаңа кезеңнің пайда болуының айғағы. Мақалада түрлі полюстерді шебер үйлестіре білген дамудың моделі көрсетілген. Бұл, бір жағынан, ұлттық мәдениетті сақтау, екінші тұрғыдан – заманауилыққа бейімделу.
Экономикалық, саяси және рухани жаңғыру тарихи сана-сезімді жаңғыртпайынша толыққанды бола алмайды. Халықтың өзіндік тарихи сана-сезімі қалыптаспайынша ұлттың ұлт болуы қиын. Ендеше қоғамдық сананы жаңғырту жолындағы алғашқы міндеттердің бірі – төл тарихыңды түгендеу, зерттеп-зерделеу. Соған орай, Елбасының мемлекеттік құрылым мен әлеуметтік дамуына арналған әрбір мақаласы – мемлекеттік идеологияның эволюциясындағы «елеулі кезеңді» қалыптастыратын, ел дамуының бүгінгі таңдағы ең маңызды үрдістерін айқындайтын, болашаққа ұмтылған Тәуелсіз елдің бағдарын көрсететін тарихи «барометр» іспетті.
Қазбек Майгельдинов,
Тұңғыш Президент – Елбасы кітапханасы
Геосаясат және өңірлік зерттеулер қызметі басшысының міндетін атқарушы
Дереккөз: Айқын