ТОҒАЙ БҰҒЫСЫНЫҢ ТАҒДЫРЫ – ТАСПАДА
Алматыдағы Ұлттық кітапханада «Қазақстан табиғаты: Хангүл соңынан» атты деректі фильмнің алғашқы көрсетілімі өтті. Туынды Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген. Жалпы, өткен аптада «Қазақфильм» киностудиясындағы отандық деректі фильм режиссерлерінің туындылары көпшілік назарына ұсынылды. Аталған туындылар Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы мәселелермен тығыз астасып жатыр.
Бас-аяғы 26 минуттық фильмде шөлді аймақтарды мекен ететін асылтұқымды бұғы – Тоғай кермаралы туралы көрсетіледі. Метрге жуық мүйіз өсіндісіне байланысты аталған бұғыны шығыста «хангүл» деп атаса, батыс мәдениетінде «хан гүлі» деп баяндайды. Сценарий авторы және режиссері – бұрын «Хабар» және Kazakh TV арналарында (бұрынғы Caspionet) жемісті еңбек еткен Виталий Чернов.
– Фильм қысқа уақыт ішінде таспаланды. Көктем айларында түсіріп, керек материалдарды жинақтап үлгердік. Түсірілім жұмыстары негізінен Түркістан және Алматы облыстарында жүргізілді. Бұл идея бекер таңдап алынған жоқ. Жалпы, табиғат – менің сүйікті тақырыбым. «Хабар» агенттігінде жұмыс істеп жүрген кезімде Kazakh TV арнасының эфирінен апта сайын «Царство природы» атты бағдарламамды ұсынып отырдым. Ұзақ жыл бойы табиғатты етене танып, зерттеуім маған үлкен пайдасын тигізді деп ойлаймын, – дейді режиссер.
Ертеде тоғай бұғысы Сырдарияның орта және төменгі ағыстары бойын, Қызылқұмды жиі жайлаған екен. Алайда адамдардың аңшылыққа бет бұруы, жануардың бұл түрінің күрт азаюына әкеліп соққан. Соңғы тоғай бұғысы 1956 жылы Тартоғай өлкесінде өлтірілген. Кейінірек, 1981 жылы «хангүлді» Түркменстаннан Қарашеңгел мемлекеттік аңшылық шаруашылығына алып келіп, жерсіндірген. Қазіргі таңда бұл жануар «Қызыл кітапқа» енгізілген.
– Сюжет желісі бойынша бұхар бұғысының (кей деректерде осылай да аталады) тағдыры суреттеледі. Қазір әлемде табиғат, экология мәселесі күйіп тұрған тақырыптар санатында. Сондықтан осындай маңызды деректі фильмдер жасап, оған қоғам назарын аударғымыз келеді, – дейді Виталий Чернов.
Дереккөз: Айқын