Нұрлан Нығматулин заң жобаларына министрліктердің қатынасын сынға алды

0

Міндетті түрде таңбалауға жататын тауарлар тізбесін бизнес үшін пайдасы мен шығындарына міндетті талдау жүргізу рәсімін Үкімет бекітетін болады.

ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин заң жобаларын әзірлеуде екі министрліктің жұмысын сынға алып, осы бағыттағы шаралар жүйесіз әрі жеңіл-желпі қамтылғанын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес-ортаны дамыту және сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды.

Осы орайда көлеңкелі экономиканы қысқарту және контрафактілі өніммен күрес мақсатында заң жобасында тауарларды таңбалау және бақылап отыру жөніндегі нормалар көзделген.

Міндетті түрде таңбалауға жататын тауарлар тізбесін бизнес үшін пайдасы мен шығындарына міндетті талдау жүргізу рәсімін Үкімет бекітетін болады.

«Бірыңғай операторды енгізумен қатар, заттаңба жапсыру мен таңбалау орталықтары түрінде жаңа қатысушыларды енгізу қарастырылған. Бұл орталықтар тауарларға сәйкестендіру заттарын жапсыру арқылы таңбалаумен айналысады. Дегенмен де таңбалаумен тауарларды өндірушілердің өздері айналысуы керек. Сондықтан аталған делдалдардың пайда болуы таңбалау құнын қымбаттатып, бизнес үшін қосымша жүктеме туындайды. Бұл орталықтардың мақсаты неде?», — деп сұрады депутат Сәкен Өтебаев.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің айтуынша, таңбалауға жатқызылған тауарлар тізбесі артқан жағдайда, қажетті құралдарды сатып алу мәселесі туындайды.

Ал кәсіпкерлердің көбісінде бұл жабдықтарды алуға мүмкіндігі болмайды.

«Сондықтан Қаржы министрлігі осы тақырыпты бизнеспен пысықтап, осы заттаңба жапсыратын жеке орталықтар ұсынылды. Олар таңбалауға жататын тауарлар бөлігін таңбалау бойынша қызметтерді қамтиды», — дед министр.

Өз кезегінде Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулинді ҚР ҰЭМ басшысының жауабы қанағаттандырмады. Оның сөзіне қарағанда, тауарларға заттаңба жапсыру мен таңбалауды тауар өндірушілердің өздері немесе бірыңғай оператор іске асыра алады.

«Аталған орталықтар туралы осы норманы енгізе отырып, оның мақсаттары мен қызметтерін айқындамай, тек оның түсінігін ғана белгіледіңіз. Сондықтан біз қандай да бір делдалды құру бойынша ұсыныс енгізіліп отырғанын көріп тұрмыз. Сонымен бірге, оны жеке ортаға беру ескерілген және олар әр кәсіпкерден пайда түсіреді. Бұл қадамдарды қайта қарастыру керек», — деді Нұрлан Нығматулин.

Айтылған уәжді ескере отырып, Тимур Сүлейменов бірыңғай оператор тауарларға заттаңба жапсыру мен таңбалау жүргізуге қауқарлы екенін нақтылады.

«Біз екінші оқылымға дейін бұл мәселені міндетті түрде пысықтаймыз. Ұсынылған инфрақұрылым тұрғысында артық делдалдарды жоямыз», — деді ведомство басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, талқылаудан кейін палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес-ортаны дамыту және сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

Дереккөз: https://kaz.zakon.kz/