Қарияға қолғабыс қылды | «Айқын» газеті
Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданындағы «Жас Отан» Жастар қанатының мүшелері өңірдегі соғыс және тыл ардагерлерінің, жалғызбасты қариялардың үйіне барып, күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қолғабыс етіп жүр.
Қыс уақытында ауладағы қарын күреп, отын-суларын тасып, жаз айларында қора-қопсыларын тазалап, үйлеріне тазалық жұмыстарын жүргізіп келеді. Осындай көмектің бірі «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек» партиялық жобалары аясында Сайқын ауылының тұрғындары, тыл еңбеккерлеріне көрсетілді.
– Жалғыз өзім болғандықтан, қыруар шаруа жиналып қалады. Жастардың титтей де болсын сол жұмыстарды азайтуға септігін тигізіп жатқанына қуанамын. Жастардың істегені білінбейді. Барлығына ризамын, – деп ризашылығын білдірді тыл ардагері Ұлғаным Жұмағалиева.
Жастардың бірі есік алдындағы қарды тазаласа, енді бірі қарияның қысқы отынын әзірлейді.
– Қарттарға көмектесу – игі іс. Әсіресе жалғыз тұратын қарттар біздің көмекке мұқтаж, сондықтан осындай сауапты жұмыстарды істей береміз. Біздің ауданда бірнеше ардагер бар. Жыл басынан бері ауыл жастар ұйымдары қариялардың үйіне барып, сенбілік ұйымдастырып келеміз, – дейді жастар.
Осылайша, өскелең ұрпақ ұлт тарихына өлшеусіз үлес қосқан қарттарға көмектесу арқылы өз бойларында мейірімділік пен ізеттілікті қалыптастырып келеді.
– Қайырымдылық – адамның асыл қасиеттерінің бірі. Қайырымды адам қашанда тура жолда жүріп, адамгершілік қасиеттерді бойына жұмылдырады.
Қайырымы кең қазақ сынды халықтың әр баласы мен ұрпағы қол ұшын тигізіп, көмек беруге дайын тұрған. Осындай игі істерді бөкейлік жастар да әр уақыт қолға алып, ауылдың жалғызбасты қариялары мен мүгедек жандарына әртүрлі әлеуметтік көмек көрсетіліп келеді, – дейді партиялық аға тәлімгерлер.
«Кішіге – ізет, үлкенге – құрмет» көрсеткен қазақ баласы қашанда қариясын сыйлаған, қамқорлық танытқан. Бұл қамқорлық істің бірі ғана. Алда мұндай ізгілікті істер жалғасын таба бермек, – деді «Жас Отан» жастар қанатының аймақтағы төрағасы Мұхтар Жоламанов.
Абылайхан ЖҰМАШ
Дереккөз: Айқын