БАТЫРЛАР ЗАМАНЫНЫҢ ЕҢ ТАНЫМАЛ ЭМБЛЕМАСЫ
Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында көтерілген мәселе барлық нәрсенің және бүкіл оқиғаның өлшемі кеңістік пен уақыттың көкжиегі тоғысқан тұсында басталатыны туралы қағида әрине, «әдемі афоризм емес», өйткені кеңістіктен тыс өмір жоқ, ал оның өлшемі – уақыт. Шексіз кеңістік пен үздіксіз уақыт қозғалысының тоғысуы адамзат санасының кемелденген кезінде жүзеге аспақ. Міне, сондықтан да бұл мақаладағы көтерілген мәселе әрбір адамды өткен тарихқа құрметпен қарауға, оны зерделей білуге және өткеннен сабақ алуға үйретеді.
«Атқа міну мәдениеті» тарауында Нұрсұлтан Назарбаев: «Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалады. Бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды. Ту ұстаған салт атты жауынгердің бейнесі – батырлар заманының ең танымал эмблемасы, сонымен қатар атты әскердің пайда болуына байланысты қалыптасқан көшпенділер әлемі «мәдени кодының» айрықша элементі», – деген еді.
Осы орайда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын, сатирик, сазгер, атбегі Қажытай Ілиясұлының «Жылқыны ойласам, жылағым келеді», «Жылқы тарихы – қазақ тарихы», «Тұлпардың тегі түсінде емес, тумысында» деген сияқты мақалаларында көтерілген мәселе бүгінгі «Ұлы даланың жеті қырындағы» ең басты мәселемен үндесетіні сонша, тап бүгінгі күні жазылғандай әсер туғызады. Сондықтан да осы бір нақты жаңалықтардың бүгінгі куәгері ретінде Қажекең марқұмның көңіл кеңістігіндегі біліп-танығанын сіздермен бөліскім келді. Айталық:
«Ұлы даланың о шеті мен бұ шетіне көшпе алтындай қопарылып, көк теңіздей сапырылған қазақ ұлысының мың жылдықтан мың жылдыққа іріктеп, ғасырдан-ғасырға сұрыптаған ең үлкен олжасы да, ең қарулы қанаты да тұқымы озған тұлпарлары еді-ау! Әріде, оны өте қастерлеген ата-бабаларымыз бейнесін тасқа қашап, аңыз-ертегілерге іліктірсе, берідегілері ер-тұрманына дейін алтынмен аптап, күміспен күптеп, иесінің сүйегімен бірге жерлемеді ме?! Бұрынғы олжамызды айтпағанның өзінде, таяу жылдарда Шығыс Қазақстан облысындағы Берел қорымынан, Тарбағатай ауданының Шіліктісінен табылған алтын киімді адамдар мен үйір-үйір жылқы, ондағы әшекейлі бұйымдар бұдан екі-үш мың жыл бұрынғы қазақ мәдениетінің қай деңгейде дәуірлегеніне бұлтартпайтын айғақ емес пе?!
Мәдениет демекші, 1947 жылы Үрімжіге жер аударылған Су Бихай деген Қытай ғалымы «Қазақ мәдениетінің бес мың жылдық тарихы» деген қытай тілінде екі том кітап шығарды. Кезінде сол қолжазбаның бір нұсқасын осылай алып өткен жүлдегер жазушы, тамаша ғалым Тұрсынхан Зәкенұлы бірінші томын түгел қазақшалағанымен, ол тұстағы газет-журналда отырған сауысқаннан сақ редактордың ешқайсысы баса алмай, ақыры төте жазумен шығып, 23 елге тарап тұрған «Шалқар» газетіне (Уақап Қыдырхановтың тұсында) төрт жыл бойы жарияланды. Мұны айтып отырған себебім – қазақ бір бөлек, оның мәдениеті бір бөлек емес, әуелі қазақ, сонан кейін оның болмысынан мәдениет туындамай ма?! Ендеше, орыс тарихы – соғыс тарихы деген сияқты, қазақ тарихы – жылқы тарихы да, жылқы тарихы – қазақ тарихы екенін мен осыдан 15 жыл бұрын жариялатқан «Жылқыны ойласам, жылағым келеді…» деген мақаламда кеңірек айтқан едім» дейді Қажекең 2007 жылы шыққан «Жылқы тарихы – қазақ тарихы» деген мақаласында.
«Ал Шіліктідегі үстіне алтыннан берен киген, алтын дулығалы адамды қазіргі ғалымдар бірауыздан «Сақтардың көсемі» деп шешсе, оған ешқандай шүбәм жоқ. Өйткені жер бетіндегі жыбырлаған жылқының түп атасы саналатын Керқұланды ең алғаш қолға үйреткен – сақтар. «Арбаны ең алғаш тапқан да сақтардың тұқымы екен» деген деректі бір жерден оқығаным бар. Мұндағы тарихи тұлғалардың киім үлгісі көлденеңін төрт қатар, ұзынын үш қатардан парлап ат шегіп, екі дөңгелекті арбаның үстінде үш-төрттен түрегеліп тұрып, құйындататын баяғы сақ сарбаздарын еске салады. Сонда көктүрік, үйсін, ғұн, т.б. деп қандасының атауын қанша құбылтқанымен, сақтың үрім-бұтағы, яғни заңды жалғасы қазақ емес пе?!
Ойлай берсең, күдік көбейеді. Осы біздің «Тірі болсақ бір төбеде, өлсек бір шұңқырда» деген мәтеліміз де сол сақ заманының тіркесі тәрізді. Жаугершілікте ағайынға айтылатын сөз – жанына балаған жануарына айтылмайды дейсіз бе?! Фәни дүниенің қызық-шыжығын сәйгүлігімен бірге көрген сақтардың бақи дүниеге де бірге аттануы, яғни атымен бірге жерленуі – осындай қимастықтан туған салт. Кейін ол діни наным-сенімге байланысты өзгерген ғой…
…Керек десеңіз, әлемдік жылқытану мәдениетіне қазақтай үлес қосқан ешқандай ел жоқ» дей келе, Қажекең: «Бір қуанары – бұл күндері «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша, жоқ-жітігімізді түгендеп, ата-бабамыздан қалған асыл мұрамыздың берсе көзін, бермесе көшірмесін жинап жатқан игі қадамдарымыз бар ғой. Ондай болса, мәдени мұрамыздың өлшеусіз құнды саласы әлі күнге дейін тектеусіз, жоқтаусыз жатқан тұлпарларымыз емес пе?! Жұрт жоғалған ешкісін де іздейді. Сонда біз неге осыншама бейғамбыз? Меніңше, жылқыны жыға танитындарды, әсіресе іштен тынып жүрген таза ғалымдарды, жылқыға қатысты хаттамалардың басында отырғандарды жинап, «Мәдени мұра» бағдарламасының басы-қасында жүрген азаматтар ақылдасуы керек-ақ.
Өйткені жылқының тарихи қызметінде түп жоқ… Мәдениеттің жылқы қатыспаған саласы кемде-кем. Керек десеңіз, бұл жануардың түпкі тұяғы техника ғылымына тірейді. Айталық, қола дәуірінің ең алғашқы жаңалықтары сақ жұртында ашылыпты. Алтын дулыға, алтын берен тәрізді киім-кешекті жасағанда, жасампаздардың тасты келіге түйіп, алтын айырып, оны балға, төспен соқпағанын әрине ішіміз сезеді… Демек, бізге дейін де ғылым, ғажайып техника болғанын шамалайсың. «Шығарда жаны басқа» деген тіркес ат пен саққа жүрмейді. Өлсе бірге көміледі. Ең сенетіні де, өлшемі де, таянышы да ат. Содан ойлағанда, өңмеңінен тағы сауал қылтияды. Айталық, біздің заманымызға жеткен күллі техниканың қуаты неге ат күшімен ғана өлшенді? Мысалы, автомашиналар, тракторлар, комбайндар… Бұл өзі кімдерден және қай заманнан қалған үлгі? Техника арнасын өрлеген ғалымдарымыз бұл құпияны ашып бере алса, тіпті қызық болар еді!
Енді қазіргі ағат түсініктер туралы бірер ауыз сөз. Қазір кейбіреу «жылқының арғы тегі батыстан келіпті. Тарпаң деген тұқымнан тарапты» деген бір қонымсыз қауесет айтады. Менің ойыма дәл сол сәтте, Ш.Айтматовтың «Боранды бекетіндегі» тақыр басына сіріден кеп кигізген есалаң бала елестейді… Өйткені тарпаң – жылқының ата-тегі емес, қатардағы бір түрі. Бітімі жай жылқыдан сыйдалау, сәл сұңғақ. Үйреткен кезде, өте сақ болмаса, бір көрсеткен жаман мінезін өмір бойы қоймайды. Кейбіреуі оңайшылықта жүгендетпейді. Кейбіреуі қанжығасына бөктеріншек байлатпайды, қоржын-қолаң салдырмайды. Қайсыбіреуі шылбыры сүйретілсе де, лып етіп, тез мінбесе де мөңкиді. Тағы бір қызығы – сол тарпаңның ең өле жатқаны аттың құйрығынан алатын итті көз ілеспес жылдамдықпен тепкенде бар ғой, орныңда шөке түсіреді. Шетінен ширақ, шабысты келеді. Жоқтан өзгеден секем алып, селтеңдеп, осқырып тұрады.
Тұлпар туралы ұғымды осылай «өшіріп» алғандықтан ба екен, әлде өзін көрмегендіктен бе екен, әжептәуір өлең жазып жүрген қазіргі ақындарымыздың біразы қазанатқа, кейбіреуі арғымаққа жабысатын болыпты. Қазанат деген – тұлпардың өзі емес, жиені. Ақмешіттің (қазіргі Қызылорда) жергілікті тұлпары мен Орта Азия арғымағының буданынан туған құлын. Қазанат, қазанат десіп жүрген тұқымның түп атасы – дәл осы құлын. Тарпаң сияқты жай жылқыдан еңселілеу. Өйткені арғымақтың қаны бар ғой бойында. Өзі тұлпардай төзімді, әжептәуір жүйрік болады. Бірақ қазанат дегеніңіз таза тұлпардың шалымына да келмейді, шаңына ілесер ілессе…
Атақ-даңқ жаугершіліктегі, жорықтағы ерлікпен, сән-салтанаттың, сый-сияпаттың құны жүйрік атпен өлшенетін де кезең туған. Осындай мақсатты ұмтылыстың, ұзақ бәсекенің нәтижесінде, қазақ ұлысы «Тұлпар» деп аталатын жылқы атаулының ең жүйрік, ең текті тұқымын дүниеге әкелді. Оны да бірінен-бірі алып қашып, хандықтар бәсекемен көбейткен.
Көбейтіп қана қоймай, тұлпардың тұқымын дүниенің төрт бұрышына таратқан тағы сол қазақ ұлысы, қазақ хандығы ғой. Мысалы, сақ салты бойынша, атты иесіне қоса алтындаған ер-тоқымымен көміп жатқан кезеңде, қытай ұлтында ер-тоқым деген термин жоқ. Ондай сөз тілдік қорында болмаған…
Иә, әлденеше мыңдаған жылдардың қатал сүзгісінен өтіп, атадан балаға мұра болған қазақтың қас тұлпарлары Қоқанның құрығына да, құба қалмақтың құрығына да ілінбей, аман-есен кеңестік кезеңге дейін (дәлірегі 1928 жылға дейін) жетіп, сапалы қалпында, саңлақ қалпында сол кездегі жаңа өкіметтің қолына зорлық пен зымиян жолмен өткен.
Ең өкініштісі – сол тұлпарлар туралы жоғары оқу орындарына арналған оқулықта ешқандай дерек жоқ. Әлі күнге дейін жылқының шежіресі жоқ. Қазіргі жылқытану ғылымына араласып жүрген ғалымдарымыздың айтуынша, қазақта жылқының «жабы» деген жалғыз-ақ түрі болыпты-мыс. Тұлпар оқытылмайды. Оқытылмайтын себебі, оқу бағдарламасына енбеген. Ендеше, Ресей жеріндегі өзіміз кинодан ғана көретін тұлпарларды қазақ сахарасынан күні кеше сыпырып-сиырып әкетпей, орыс отаршылары соның бәрін кісінетіп, иесіз үңгірден алып па екен?
ҚСЭ-ның ІІ томында мынадай бір анықтама бар: «Тұлпар – ең жүйрік жылқы, мұның ең жүйрігін «жел жетпес» деп атаған. Адамзат ғасырлар бойы жылқының әр тұқымының ішіндегі жүйріктерін іріктеп, сұрыптап, тұлпар өсірген».
Қорқыңқырап жазғаны көрініп-ақ тұр. Әйткенмен, сорабын келтірген. Тұлпарды селекциялық тұқым ретінде барлық адамзат емес, қазақтың арғы аталары ғана тапқанын және «тұлпар» деген сөз шамамен, бұдан үш мың жыл бұрын мемлекетаралық келісімшартта қолданылған термин екенін, тіпті қалыңмал, айып-анжы тәрізді жөн-жоралғыға жүргенін ол шіркін қайдан білсін?!
Қазақ Совет энциклопедиясының тұлпар туралы анықтамасы жобаға жақындағанымен, қатесі, өтірігі көп болғандықтан, заңды құжат болудан әлдеқашан қалған еді ғой. Сондағы көп өтіріктің біреуі арғымаққа берген анықтамасы екен. «Таза тұқымды мініс жылқысының, Қостанай жылқысының, Буденный жылқысының және Араб жылқысы мен ақалтекенің сымбатты, жүрдек қолтұмаларын арғымақ дейді» (1 том. 450-б). Міне, осыны оқыған болу керек, бір зерттеуші (атын айтпай-ақ қояйын, аман-сәлемі дұрыс еді) газетте «Қазақ бұрын жаппай арғымақ өсірген» деп соқты. Күлесің бе, жылайсың ба?
Жылқы тарихына жасалған мұндай ірі қиянатқа көзің жеткенде, жыламақ түгілі, жынданып кетпейсің бе? Мұндайда Конфуций: «Сөйлейтін кезде сөйлемесең, сөзің өледі. Сөйлемейтін кезде сөйлесең, өзің өлесің. Шынайы шешен өзін де, сөзін де өлтірмейді» депті. Жылқытану ғылымымен айналысатын азаматтарымыз бұл шындықты айта алмай, кеңестік кезеңнің зорлығынан сескенген делік. Аузында алпыс жылдан астам тұмылдырық тұрыпты. Тоқетерін айтқанда, Қазақстандағы мал мамандарын даярлайтын барлық жоғары оқу орындарында 70 жыл бойы тұлпар туралы ұғым жоқ.
Қ.Ілиясұлы қазақ тұлпарларының Қытай мен Ресейге қалай тарағаны туралы нақтылы деректер бойынша мысалдар келтіре келіп: «Ал Америкаға қазақ жылқысы қалай тарап жүр?» деген сұрақ қояды да, оған былай деп жауап береді:
«Бұл сауалға өз жорамалым мынадай: Әдетте Американы ашқан Христофор Колумб деген дақпырт көп айтылады. Жасырып-жабатын несі бар, өз басым оған мүлде сенбеймін. Неге десеңіз, Қытай хаттамасындай бай хаттама (архив) ешқандай мемлекетте жоқ. Хаттаманың тарихы бес мың жылға созылады. Сондағы Қытай жылнамасында, Америкаға Христофор Колумбтан 700 жыл бұрын түріктер барған деген мазмұнда дерек бар. Түрік деп отырғаны қыпшақтар көрінеді. Мұқым бір құрлықтан екінші құрлыққа бет алғанда, картасыз, дайындықсыз, азық-түліксіз ана ауылдан мына ауылға қыдырған балаларша жаяу кете ме? Жер жадысын жақсы білетін адамдардан басшы алып, кемемен кетсе де, барғанда ішіп-жейтін азық-түлігін, мінетін атын, күнкөріске қажетті мал-жандарын апармауы мүмкін емес қой… Әуелі жұрт шолып, соңынан ауыл-аймағын тасуы, әрине қисынға келеді.
Екіншіден, Америкаға ғылыми сапармен барған белгілі ғалым Әділ Ахметов газетке едел-жедел екі мақала жариялатқан. Онда барған жерінен үш үлкен шаруашылықтың адамындай өріп жүрген кәдімгі қазақтарды көрген. Сұрастырса, өте ертеде барған қыпшақ әулеті екен дейді. Көліксіз қия баспайтын қазақ баласы оған үйірімен жылқы апарып, ата кәсібін жалғамай қоя ма?!
Үшіншіден, патша заманында Қарағандыдан, Семейден кен, Самар ауданының орталығынан сыра зауытын ашқан ағылшындар, Арқа жеріндегі Атбасарға (негізі ол атбасар емес, ат базары, яғни жылқы саудалайтын базар деген сөзден туып, құбылған ғой) барып, таза тұлпардың байталын да, құнан, дөненін де ауық-ауық алып тұрыпты. Қазақ жылқысының қалың ортасында жүріп, Қытайға 30 жыл бой бермей қойған, Оспан батыр мылтық пен оқтың бәрін америкалықтардан табын-табын жылқыға айырбастап алған екен.
Қазір Ковбойлар туралы түсірілген кейбір кинолары мен ат бәйгелерінен ауызомыртқасы үлкен шәугімнің қақпағындай, басында бір жапырақ ет жоқ, кеудесі есіктей қазақтың байырғы қу мойын тұлпарларын көргенде делебем қозып, елеңдеп отырамын. Қазақ тұлпары қайда бармаған дейсіз?! Тек өзімізде ғана жоқ…
Түйіп, тоқетерін айтсақ, бұлардың қатесі мынау: біріншіден, арғымақ ешқандай мініс аты емес, ертеде қалада тұрған хандар мен бектердің сән үшін күймеге жегетін көлігі. Екіншіден, ол «көрінген жылқыға ұқсамайтын», шамамен, биіктігі 1,80-1,90 метр, тұрқы 2,5 метр, сирағы ұзын, жылқының ең бойшаң түрі. Жем-шөбін кісінің кеудесінен келетін оқырдан жеп, үнемі қолда тұрады. Суды не ыдыстан, не өзеннен жүзіп ішеді. Өріске барса, жирафтың су ішкен кейпіне ұқсап, қолапайсыз өңкиіп, бетегені еркін іскектей алмай, шидің қияғын, балаусаның басын шалады. Жазықта оның үзеңгісіне ешкімнің де аяғы жетпейді. Бірақ оған да ара-тұра ер салады. Ауылға сол арғымақпен келгендер аттанарда өздігінен міне алмай, аяғының астына келі төңкертіп, көлігін маңайдағы жыра-жықпылға жетелеп, әуреге түседі. Оның тұқымы бұрын да, кейін де өте сирек болған. Үшіншіден, арғымақ – дүниежүзі ғалымдары мойындаған селекциялық тұқым, өз алдына тек. Онда жүріс те, шабыс та жоқ… Жегімнің ғана жылқысы. Сондықтан қазақ жалғыз арғымақты өз атымен атап, қалғандарының бәрін ат дей салады және олардың мінездемесін де ұмытпайды-ау! Философиясын қарасаңызшы!
Арғымақтан ат жақсы шабыс болса,
Ағайыннан жат жақсы таныс болса.
Дұшпан түгіл, досың да табалайды,
Аяғың бір нәрседен шалыс болса.
Байқайсыз ба, арғымақтан кез келген аттың озатынын жасырмай, ашық айтып отыр ғой. Өйткені, арғымақ шапқанда, тулаған түйедей одыраңдап, бәрінің артында қалады.
Ендеше, «қазақ жаугершілікте арғымақ мінген», «оның тұқымын жаппай өсірген» деген әңгіменің бәрі жылқыны жете білмеуден туған ноқай «гәп»!
…Ендігі әңгіме – мыңдаған жылдар бойы сұрыпталған таза қазақ тұлпарының қадір-қасиетін үрім-бұтағымызға түсіндіріп оны қалпына келтірудің шара-шақпытын ойлау керек. Онда біз мұратымызға жеттік деп тымағымызды аспанға атар едік».
Қажекең марқұм көзі тірі болғанда, расында, малақайын аспанға ата қуанып, көңіл көкжиегінде тұнып тұрған «алтын көмбені» қандай ақтарар еді десеңізші?! Өйткені «жылқыны сынау», «жылқының түстері», «жылқының жынысына қарай аталуы», «жүйріктің тұлға-тұрқы», «ер-тұрман», «жылқыда болатын ауру неден, оны емдеу тәсілдері қандай?», «жылқыны күзеу тәртібі», «жылқыны ұстау тәсілі», «бәйге аттың бас сүйегі», «қазақтың сыншылары», т.б. жылқы туралы пісіп тұрған жоба-жоспары бар еді…
«Жылқы ғұмыр – жалқы ғұмыр. Дүбір салған көп тұяқ – дүрмек өмір: құйысқан тістеп, құйысқан тістетіп сен барасың. «Өмір екі келмейді. Өгіз аттай желмейді». Желқанат жүйріктей зымыраған уақытты ұстап тұра алмайсың» деп марқұмның өзі айтқандай, әңгімені өткеннен бүгінгі нақты өмірге қарай бұрсақ, еліміздің ту етіп көтерген Тәуелсіздігін иеленген жыл, жер-жаһанды дүрмекке бөлеген жылқы жылы екен. Әйел адам қуанғанда шылауышын аспанға атпайды ғой, десе де Қажекеңнің өзі жоқ болса да, көзі боп отырғандықтан, «Ұлы даланың жеті қыры» атты тарихи маңызы зор мақалаға осылайша үн қатқанды жөн санадым.
Руда ЗАЙКЕНОВА,
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымының докторы
Дереккөз: Айқын