Жоба жеңімпазы – миллионер | «Айқын» газеті

0

Astana Нub халықаралық IT-стартаптар технопаркінде NURINTECH республикалық жастар инновациялық жобалар байқауының жеңімпаздары анықталды. Байқауға мыңнан астам өтінім түскен. Сараптамалық комиссия экология, робототехника, балама қуат көздері, жасыл энергетика, өнеркәсіп, IT, медицина, химия, биология, фармацевтика, жол қозғалысының қауіпсіздігі саласындағы 30 үздік жобаны таңдап алды.

Өнертапқыштардың жұмысын «Нұр Отан» партиясының хатшысы Фар­хад Қуанғанов, Сенат депутаты Ба­қытжан Жұмағұлов, Электр энерге­ти­касын дамыту және энергия үнемдеу институ­тының басқарма төрағасы Ба­уыржан Смағұлов, «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясының бас­қарма төрағасы Азамат Батырқожа бағалады.
Байқаудағы жобалар «Әлеуметтік маңызды инновациялар», «Үздік жас ғалым», «Жастардың инновациялық жо­басы» номинациялары бойынша ба­ғаланды. Жастар мобильді қосым­шадан бастап ауыр өнеркәсіп саласына арналған инновациялық құрылғыларды ұсынып отыр. Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техни­калық университетінің ғалымдары тан­талдан жасалған отандық медици­налық имплант­тың үлгісін ұсынды. Қа­зір үлгі сынақтан өтуде. Жоба автор­ларының айтуынша, сынақ нәтижесі сәтті болса, құрылғылар елде ғана емес, Ресей нары­ғында да сұранысқа ие болады.
«Жас Отан» Жастар қанатының төр­ағасы Данияр Сүндетбаев байқау­дың пайдасы көп деген ой білдірді. «Бай­қауды дәстүрлі түрде өткізіп ке­леді. Жастар үшін байқау – жаңа же­ңістерге жетелейтін қадам. Байқау жеңімпаздары жеке стартап-жобала­рының негізін салып, ұлттық және шет­елдік ірі кә­сіпорындар мен ғылы­ми зертханалармен серіктестік ор­натты», – деді Данияр Сүндетбаев.
Жеңімпаз Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Иван Крепак «Жарыс» мобильді қосымшасын әзір­леу арқылы краудфандинг нарығына 10 мил­лион теңгеден астам инвестиция тарт­ты. Алматылық Мәулен Бек­тұр­ғанов «100 жаңа есім» жобасының же­ңімпазы атанып, бионикалық қол про­тезін дайындайтын MBionics ком­паниясы­ның негізін қалады. Алма­ты­дағы Рес­публикалық протез және орто­педиялық орталығымен бірқатар жобалар іске асуда. 2017 жылы байқауда жеңіске жеткен Любовь Дудченко қы­тайлық ғалым Гао Шичтың сыйлығына ие болып, Үндістандағы Sanray зерт­ханасымен бірге жұмыс істейді.
Байқаудың жалпы жүлде қоры – 5 миллион теңге. Үздік атанған үш жоба авторы 1 миллион теңгеден қаржылай сыйлық иеленді. Сонымен қатар тағы бір жоба авторына Халықаралық ақ­па­раттық технологиялар университетінің гранты берілді.

Майра БАҚЫТ

Дереккөз: Айқын