Әңгіме: Тоқаш Бердияров | Фарида

0
О кезде мен жас едім. Аудан орталығында, болмашы бір кішігірім қызмет істеп жүрдім. Туып өскен ауылым шалғай жерде болғандықтан пәтер жалдап, уақытша сонда тұрмыс құра бердім.

Үй иесі Назира апай — отыз жастан едәуір асып кеткен, күйеуінен ерте айырылған жесір әйел. Орта бойлы, бидай өңді осы апай жұмыс үстінде ән салып, күле қарап, әрдайым көңілді жүреді.. Кейде күрсініп, кейде жымиып, өзінің жастық дәуренін жиі-жиі әңгіме етеді.

Назира апайдың ауызға үріп салғандай Фарида атты бір қызы болды.Ажары салқын. Сөзге сараң.Үнемі жабыңқи. Әйтсе де жүзінде бір құпия жұмбақ мұңның ізі бар. Бет әлпеті келісті реңбасы таза, қарақат көзді осы бір қарапайым қызда не сыр бар екен? Әлде біреуге ғашық па? Қайдағы ғашықтық, он жетіге биыл ғана толды емес пе? Дегенмен осы бір бет – бейне, осы бір көз қарас, осы бір салқындық өзінше дербес,бір ыстық сұлу тұлға.

Фарида шай құйғанда, немесе сүлгі ұсынғанда жүзіме телміре ұзақ қарайтын-ды. Оның мөлдір қара көзі шексіз шексіз бір тұңғиық зындан сыпаттас еді. Ақыл-ой көзімен үңіліп бақсам да, ешнәрсе ұғына алмай, бойлай беретінмін, бойлай беретінмін тұңғиыққа. Осындай шақтарда қорыққандықтан ба, әлде қуанғандықтан ба, кім білсін, қыз көзінен жанарым еріксіз тайқып кететін-ді. Дәл сондағы бишаралық тұрысым,— алма ұрлап бағбан қолына түскен қара сирақ мүсәпір баланың кейпін бейнелейтін.

Сұлу қыздың сырлы жанарына нұр ғып түсіретін жүрек сәулесі қайда едің сол уақытта, қайда едің?..

О, достар-ай, несін жасырайын, талай-талай ұйқысыз һәм мазасыз түндер өтті ғой… Еденге төселген жұмсақ киіз үстінде мамасымен қатарлас жатқан Фариданың әрбір тынысы құлағымды қытықтап, кірпігімді сірә бір айқастырсын ба?! Оның әрбір қимылы мені сан рет уһлетті де, дөңбекшітті де. Аққан жұлдыздың ізіндей қыздың толық, балғын білегі, туған айдай әппақ жүзі қараңғы үйдің ішіне нұр себелеп тұрды-ау, шіркін!.. Аз сәт бұлтты тасалап қылаң еткен ай, аз сәт көрпеге сүңгіп жарқ еткен қыз жүзінен әсте бір аумайды.

Әсіресе Фариданың бұрала-майыса, таранып-сылануы ғажап бір көркем сурет еді: өрімінен босай еркін төгіле құлаған ұзын қап-қара шаштары, хор қызының жүзін тасалаған бейне бір шымылдық. Сәндеп ерген бұрымдарын арқасына оқыс лақтырып тастаса да қынай белге жоламай, қос бұрым екі жауырын сағасын бойлай кілт шорт құлап, қылтасын соғатын. Бұрымдары тал ағашының төгіле иілген қою жапырақты шыбығы тәрізді.

Қала қыздарындай мода атаулыға дүрліге шабуыл жасаушылық, жасанды туалетке әуесқойлық, ұстарамен құнтитып шашын қырқып, қылтитып қасын күзеу, міне мұндай қылық, әдеттер Фаридаға мүлде жат, мүлде жиіркенішті. Тіпті, ауыл қыздарына тән,— қасқа сүрме, колға қына қоюдан да ол аулақ. Дархан табиғат берген ажарын, арайлы жүзін опамен өңдеп әбігерленудің қанша қажеттігі бар? «Түйетабан» туфли, етегінің кендігі бір қарыс сұр бажалақ юбка киіп, ғазиз жанды, табиғи мүсінді қыспаққа алып, шектен тыс өзін-өзі рәсуа етудің, жас адамға иесі сән?

Жас қыздың үй шаруашылығына аса пысық, аса ықшамды шамды екендігін әуел бастан, алғашқы күннен-ақ мұқият аңғарған едім. Үлкен сары сандықтың үстіне текшелене жиналған көрпе-төсекте, жалт-жұлт өткен ыдыс-аяқта тіпті, таза жуылған киім-кешекте де бір ұқыпты, іскер қолдың ізі барлығы со замат сезілетін. Қызметтен шаршап келіп, жып-жылы, тап-тұйнақтай бөлме ішіне енген шақта менің жаным дамыл тапса да, неге екені белгісіз, көңілім кілт жабығып ауыр күрсінуші едім.— «Осындай ақылды парасатты, зерек, іскер жас қыз қандай жігітпен қол ұстасар екен?.. Қандай жігітпен? » деген ұғымды тіпті, дауыстап айтып, мен түтіге тыпыршып, Фариданы бөтен жаннан іштей қызғанатынмын.

Фариданың қолы жұмыстан босай қалса, ала мысығын алдына алып, ыстық мейіріммен оның үрпек жүнін дамыл-дамыл сипап еркелететін. Жылы алақаннан ләззат тапқан мысық, рақаттана көсіле, өмірі бітпейтін біркелкі баяу пырылға ал кеп бас!..

О, дүние, сол нәп-нәзік қыз саусағы менің де шашымды бір сипап өтсе!..

Күні бойы Фарида зыр жүгірумен болады. Бұрала басып, мықындары бұлтылдап, иінағашпен су алып келе жатқанда, үй сыпырғанда самауыр көтерген де кілемнің шаңын қаққанда біздің Фаридаш. Фарида құйған шай, Фарида асқан ет қандай тәтті, қандай дәмді десеңізші… Туу!..

Қыс күндері сандалда жылынып отырғанда Фариданың аяғы менің аяғыммен егіз күшіктей бір-бірімен тоқайласып, аз сәт тыныштық тауып, өздерінше бір құпия рақатқа бататын. Фариданың лып-лып соққын балтыр тамырының ыстық қандары менің шымырлаған тәніме бейне бір құйылып жатқандай еді. Менің шыбын жаным жәннәт гүлдеріне қонып, шарлап ұшып жүрді-ау. Бір бірімізге телміре қадалып, ләм-мим деспей, өмір бақи сөйтіп отыра берсек, шіркін!

Фариданың аяғының ұшымен ғана тұрып нан жапқаны тап қазір көз алдымда: бал-бұл қызара пісіп тандырдан шық қан дөңгелек ыстық нан Фариданың ажарлы жүзінен әсте бір аумайды-ау! Сырт жағынан соққан майда қоңыр самал, келісті, сүйкімді қыз мүсінін ұрлап әкетіп барады.

Бір күні қызметтен қайтсам, Фарида үйде қамыр жайып отыр екен. Жалғыз өзі. (Мамасы бір жаққа кетсе керек). Алдымен оның жұмыр ақ білегіне кезім түсті. Қуатты алақан астында оқтау тынымсыз, шапшаң қимылдайды. Жайған қамырының жұқалығы сонша, күннің көзі көрінеді. Оқтаудың тықылы, буы бұрқыраған еттің, түйіле құйылған кішкентай жұдырықтың сыртылы… Не керек, бәрі де тамаша!..

Ол маған көңіл бөлген жоқ. Мен шетен қалпағымды шегеге ілдім де, қыздың жанына барып. отырдым. Әлден уақыттан кейін:

— Фарида! — дедім.

Ол, «не дейсіз?» дегендей, көзін төңкеріп маған самарқау бір қарады да, жұмысына қайта кірісті. Байқаймын, көз қарасында достықтың, биязылықтың нышаны бар секілді. Мұны сезе қойған мен «құдай ұрып па, шошынбас»,— деп ойладым.

Мен аспай-саспай оң қолыммен қыз білегін сипай ұстап, сол қолыммен оның толық иығын қарбыдым да, басымды алауланған арайлы жүзіне тақадым. Қыздың шашау шыққан самай шаштары менің маңдайымды, бетімді, мойнымды қытықтап, өне бойымдағы бейбіт, ыстық жас қанымды дүрліктіре тулатты.

Басы құрыққа іліккен құлындай қыз бұлқына түсті.

— Ұят емес пе?

Тырнағымның астына дейін дуылдап, бүкіл денемді ғаламат жалын шарпығандай болды. Өрт шалған орманның ішінде жапа жалғыз қалған еліктің лағындай, менің сорлы жүрегім кеудемде ойнақ салды. Көзім қарайып, дүниедегі тіршіліктің бәрін де, бәрін де ұмыттым.

— Қойыңызшы!..

Албырап барып, қыз аптығы басылды.

— Тістеп алма…

Осы сыбыс, осы бір назды жалыныш құлағыма әлсін-әлсін шалынып жатты…

Жайлап ашылған есіктің болмашы сықыры, күннің алай-түлей ғаламат күркіріндей боп естілді бізге.

Фарида орнынан ұшып тұрды да, сасқаны ма немесе солай ету керек пе, бұрқ-бұрқ қайнап жатқан қазанға қос уыс тұзды салды да жіберді.

Қызым, қамырыңды әлі жайып болмағансың ба?— деді Назира апай ожаумен сорпаны сапырып жатып, кейістік білдірген түрмен.

Ет табаққа салынып, дастарқан жайылды. Біз қол жуып, тамақ жеуге кірістік. Буы бұрқыраған бір асам ыстық қамырды Назира апай үпілеп, аузына салып жіберді де, табан астында ернін шүйіріп, мұрнын тыржитты.

— Жұлдызым-ау, тұзын көп салыпсың ғой!.. Су әкел, су…

Біз Фарида екеуміз сыр білдірмегенсіп, қамырды да, етті де асап-асап, қомағайлана жеп жатырмыз. «Тұзы тәуір ғой дегендей, Назира апайға таңдана қарап қоямыз Бірақ біздің сырымыз түн ортасында ашылды; қараңғы үйде су іздеп, түні бойы ұйқы көрмей қазан-табақты салдырлатумен болдық. Ұйқысы сергек Назира апай басын көтеріп «кет әй» деп дауыстаса, қараңғы мүйістен Фарида «мама, мен ғой»,— деп, айыпты сәбише күмілжиді.

Осы күнге дейін Фаридамен шешіле сөйлеспегеніме өзім іштей қатты қынжыламын. Әшейінде жай жүріп, нәрлі, тәуір деген сөз тізбектерін ерінбей ойлана-толғана жұптаймын да, сол пікірімді Фаридаға мүдірмей дәл жеткізбек боламын. Бірақ не пайда, қыз қарсы алдымда телміріп тұрғанда тілі құрғыр байланады да қалады. Өз қылығым өзіме тұрпайы көрініп, болғаны сол, жата ғап өкінемін, назаланамын, үһілеуден не шығады? Онан да, қызға жүрек сөзін жеткізейін. Нар тәуекел!

Сонымен, не керек, жаздың тамылжыған бір кешінде шай ішіп отырып, тұмардай қағазды Фаридаға ытқытып жібердім. Еш нәрсемен ісі жоқ, бейхабар шай құйып отырған байғұс қыздың көзі шарасынан шығып, екі беті нарттай боп қызарып кетті. Алдына барып түскен қағазды не аларын, не алмасын білмей, қағазға бір, шешесіне бір қарап абыржып, жаутаңдады да қалды. Мұны байқаған шешесі:

— Мынауың не, шырағым,— деп қағазды көтере бергенде қыз ұйқыдан шошып оянғандай селт етті.

— Өзің оқып көрсеңші,— деді де қыз бетін басып теріс бұрылып кетті. Назира апай қағазды ашты да:

— «Ме-н се-ні сүй-е-мін…» — дейді, құдай-ау мұнысы несі,— деп қызына таңданған кейіпте бұрыла берді. Оның бет жүзіне менің қарауға дәтім жеткен жоқ, ішіп отырған шайымды тастай сап зыта жөнелдім. Артымнан Назира апайдың рақаттана сақ-сақ күлген даусын естідім. Мазағы ма, шыны ма, кім білсін оны.

Өлімнен де ұят күшті. Бұл үйде тұра беруге өзімнен-өзім қысылдым да, осы оқиғаның ізі суымай-ақ мен қызметтен босанып, Назира апайдың үйімен қош айтысып, ауылға тайып отырдым. Колхозда бірер күн селтеңдеп жүрдім де, Алматыға оқуға аттандым. Жолым болып, бағым ашылып қаладағы жоғары оқу орындарының біріне түстім де кеттім.

Ал, Фарида ше?

Ауылдастарымның айтуына қарағанда, Фарида со жылы тұрмысқа шығыпты.

Фарида туралы менің бар білгенім осы.

…Студенттік өмір өтіп жатты. Бір күні ауылдан киіп келген жең-жағасы қырқылған ескі костюмімді «химтазалағышқа» апардым. Олар қай күні дайын болатын мерзімін айтқан соң, мен жылы қоштасып көшеге шықтым.

Байқаймын, соңымнан біреу айқайлайды. Мен тоқтадым.

Ұзын, имек мұрынды, шүңірек көз, жуан қарын әлгі қабылдаушым жаныма жетіп келді. Мұрны пысылдап, ырс-ырс етеді.

Жас жігіт, мынауыңызды алыңыз, төс қалтаңыздан шықты,— деп, ол маған екі бүктеліп көп уақыт сарылып жатқан қызғылт қағазды ұстатты. Апыл-құпыл ашып жібердім де, өзіме таныс ирек әріптерге жанарымды қадай қалдым.

«Мен де сені сүйемін. Фарида.»

Бұл хатты Фарида қалтама қашан салып жүр? Ә, ұқтым, үйінен мен аттанар күні салған екен ғой… Осы бір хатты со бір албырт шақта неге оқымадым? Қандай аянышты! Неткен аңғалдық? Қап!..

Шақпақ тастай жарқ етіп, лезде сөнген бұл махаббат хикаясы менің жанымды қатты тібірентті.

Қыз хатын жүрегіме ұзақ басып, сол бір тәтті шақтарды еске алдым… Ех, Фаридаш!.. Фаридаш!

Әрбір әрпіне шұқшия көз тоқтатып, ой жіберіп, бір кезде маған арналып жазылған есіл хатты қайта оқыдым. Моншақ-моншақ жаңбыр тамшылары хатқа тырс-тырс тама бастады. «Сүйемін» деген сөздегі әріп сиялары көзден аққан жастай қағаз бетінде жылжып барады. Найзағай жарқылдап, нөсер үдеп, әп-сәтте жер беті көл-көсір болды. Қатыгез, тәкәппар дауыл, Фаридашымның хатын қолымнан жұлып әкетті. Әне, ұшып барады… Мен сұстиып тұрып қалдым…

Менің үлкен, алғашқы махаббатым, кішкентай ғана арық суында толқындармен арпалысып ағып бара жатты.